Ұлытау облысында 22 жаңа ветеринариялық нысан пайдалануға берілді

Аталған жобаны іске асыру үшін Үкіметтен 1,4 млрд теңге бөлінді. 

 Ауыл шаруашылығы министрлігі Кеше 2026, 22:42
Кеше 2026, 22:42
147
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі
 
Ауыл шаруашылығы министрлігі Мемлекет басшысының ветеринариялық қауіпсіздікті нығайту және агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда.

Өңірлерді заманауи ветеринариялық бекеттермен, мал қорымдарымен, инсинераторлармен және мал сою алаңдарымен қамтамасыз ету – ветеринариялық қызметті жаңғыртудың, сондай-ақ жануарлардың аса қауіпті ауруларының алдын алу мен олардың таралуына жол бермеудің тиімді жүйесін қалыптастырудағы негізгі бағыттардың бірі.

Республикалық бюджеттен жергілікті атқарушы органдарға бөлінетін жалпы сипаттағы трансферттер шеңберінде жануарларды бекітуге арналған арнайы қондырғылармен жабдықталған ветеринариялық бекеттер мен мал қорымдарының құрылысына 66,2 млрд теңге қарастырылған.

Жүргізілген талдау қорытындысы бойынша Ұлытау облысында 2026-2027 жылдары 53 ветеринариялық нысан салу қажеттілігі айқындалды. Аталған жобаны іске асыру үшін Үкіметтен 1,4 млрд теңге бөлінді.

Биыл жалпы құны 570 млн теңгені құрайтын 22 нысанның құрылысы жоспарланса, келер жылы 836,5 млн теңгеге тағы 31 нысан салу жоспарланған.

Бүгінде 2026 жылға жоспарланған барлық 22 модульдік ветеринариялық нысанның құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді. Осылайша, Ұлытау облысы ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі осы жылға межеленген іс-шараларды елімізде алғаш болып толық аяқтады. Жаңа нысандар мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың теңгеріміне беріліп, халыққа ветеринариялық қызмет көрсетуде пайдаланылуда.

Салынған ветеринариялық бекеттер Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының (WOAH) халықаралық стандарттарына сәйкес келеді. Бұл биологиялық қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге, профилактикалық және эпизоотияға қарсы іс-шараларды уақтылы жүргізуге, жануарлардың жұқпалы ауруларының таралуының алдын алуға және өңірдегі қолайлы эпизоотиялық ахуалды сақтауға мүмкіндік береді.

Наверх