ИИДМ вице-министрі Алмаз Ыдырысов ҚР Парламенті Сенатының депутаттарымен бірлесе Ұлытау облысына жұмыс сапарымен барып, автожол инфрақұрылымын жаңғырту барысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері, ҚР Парламент Сенатының депутаттары төрт учаскеден құралған жалпы ұзындығы 208 шақырым болатын республикалық маңызы бар «Жезқазған -Қызылорда» тасжолын жөндеу жұмыстарының барысын тексерді.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басшылығы республикалық маңызы бар автожол Мемлекет басшысының «өңірдің көліктік-логистикалық әлеуетін дамыту» жөніндегі тапсырмасының аясында қайта жаңартылып жатқанын баяндады. Құрылысқа жауапты мамандар қазіргі жұмыстар қарқынды жүріп жатқанын және биыл Қызылордадан Жезқазғанда дейін 100 шақырым жолда қозғалысты ашу көзделгенін жеткізді.
Бұдан бөлек вице-министр Алмаз Ыдырысов Сенат депутатарына өңір үшін өте маңызды «Жезқазған-Қарағанды» күре жолын қайта жаңғырту жобасымен таныстырды. Бүгінде жобалау-сметалық құжаттама жұмыстары аяқталып, биылғы маусымда құрылыс жұмыстарын бастау жоспарланған.
«Қарағанды – Жезқазған» жобасы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Жұмыстардың басталуы биылғы жылы 2 учаскеде, қалған учаскелерде 2024 жылдан бастап ЖСҚ әзірлеу аяқталуына қарай кезең-кезеңмен жоспарланған, - деп атап өтті Алмаз Ыдырысов.
Сонымен қатар ҚР ИИДМ өкілдері және сенаторлар Жезқазған, Сатпаев, Қаражал қаласы және Ұлытау ауданының тұрғындарымен кездесіп, халықтың жолға қатысты сұрақтарына жауап берілді. Облыстағы маңызды «Атасу-Қаражал» автожолының қайта жаңғырту жұмыстарының жүзеге асу барысын бақылады.