Ұлытау ауданындағы өрт. Жағдай тұрақталды

7 Шілде 2021, 17:54
2584
Бөлісу:
Ұлытау ауданындағы өрт. Жағдай тұрақталды
PHOTO

Қарағанды облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысының Ұлытау ауданының аумағындағы өрт 3 шілдеде басталды. Жангелді, Ақтасты, Шеңбер, Амангелді селолық округтерінің, Пионер, Байқоңыр, Бөрсеңгір ауылдарының аумағындағы алапат өрт салдарынан 200-ге тарта мал қырылып, бір адам қаза тапты. Қазіргі уақытта жағдай тұрақты. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек ауданға арнайы барып, тілсіз жаудан зардап шеккен ауылдарды аралады.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Ұлытау ауданының аумағындағы алты өрт ошағы бақылауға алынған. Елді мекендерге жақындаған өрт ауыздықталды. Қазіргі уақытта ауылдарға қауіп жоқ.

Ұлытау ауданының Жангелді және Ақтасты ауылдарының аумағындағы өрт 3 шілде күні түнгі 22.45-те басталған. Алдын ала мәлімет бойынша тілсіз жау 4 мың гектарға дейін аумаққа таралған. Өртті ауыздықтауға 45 арнайы техника мен 370 адам жұмылдырылды. Осы ауданның Шеңбер ауылдық округінің Қорғасын аулының солтүстігіне қарай 20 шақырым қашықтықта 4 шілде күні кешкі сағат 19.20-да құрғақ шөптің жануы орын алып, тілсіз жау 950 гектарға таралды. Өртті сөндіру кезінде 37 адам, 7 арнайы техника жұмыс жасады. Сондай-ақ 4 шілде күні аталған ауылдан солтүстік-шығысқа қарай 50 шақырым қашықтықта тағы бір дала өрті орын алды. Тілсіз жауды ауыздықтауға 62 адам мен 6 арнайы техника жұмылдырылды. Өрт 550 га аумақты шарпыған, - дейді Қарағанды облысы ТЖД бастығы Мұрат Қатпанов.
Ұлытау ауданындағы өрт. Жағдай тұрақталды

Тілсіз жау 5 шілде күні түнде елді мекендерге жақындаған. Уақытылы қабылданған шаралар қауіпті сейілтті. Қазіргі уақытты жағдай тұрақталып, аудандағы өрт ошақтары толықтай бақылауға алынған. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрттің алдын алу бойынша жұмыстар жалғасын тауып жатыр, өрт сөндуріге қажетті күш пен құралдар жеткілікті.

Өрт сөндіруге қатысушылардың барлығына табиғи өрттерді сөндіру кезіндегі қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша нұсқаулық өткізілді. Өртсөндірушілер мен құтқару қызметінің мамандары жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс жасап, ал тұрғындар өрт ошақтарын ауыздықтау шараларына белсенді атсалысуда. Жергілікті атқарушы органдар төтенше жағдайды жоюға қатысушыларды тамақтандыруды ұйымдастырды. Өрт шарпыған аймақтардың тұрғындары жағдайға түсіністікпен қарап, тілсіз жаумен күресушілерге қолдан келгенше көмектерін аямауда. Халық тіпті өз үйлерінде құтқарушыларды тамақтандырып, барынша көмек қолын созуда. Сондай-ақ Жезқазған және Сәтбаев қалаларының әкімдіктері 20 тонна жанар-жағармай мен азық-түлік ұйымдастырды, - дейді Мұрат Қатпанов.
Ұлытау ауданындағы өрт. Жағдай тұрақталды

5 шілде күні Ұлытаудағы дала өрті салдарынан ауданда төтенше жағдай жарияланған болатын. Табиғи өртті өшіруді жедел ұйымдастыру шараларын облыс әкімінің орынбасары С. Шайдаров басқарды. Ал 6 шілде күні аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек те ауданға арнайы барды. Кеше Ұлытау ауданының Пионер, Шеңбер ауылдарында болған өңір басшысы, әуеден аймақтағы өрт ошақтарының ауыздықталуын бақылаған.

Ұлытау ауданында табиғи өрттерді сөндіру бірнеше тәулік бойы жалғасты. Алдын ала болжам бойынша өрт жерге түскен құрғақ найзағай салдарынан орын алған. Өртсөндірушілер мен құтқарушылардың жұмысына ыстық ауа- райы мен қатты жел қиындық туғызды. Өкінішке қарай, адам шығыны орын алып, жас жігіттің денесі табылды. Тиісті тергеу шаралы жүргізілуде. Сондай-ақ, өрт салдарынан 200-ден астам қой қырылды. Өрттен зардап шеккен ауылдардың фермерлері мен тұрғындарына міндетті түрде көмек көрсетіледі. Қазір келтірілген шығынды бағалау бойынша арнайы комиссия құрылып, жұмыс істеуде, - дейді аймақ басшысы Ж. Қасымбек.
Ұлытау ауданындағы өрт. Жағдай тұрақталды

Облыс әкімі өртті сөндіру жұмысына атсалысқан азаматтар мен еріктілердің ісіне тоқталып, оларға алғысын жеткізді.

Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері мен жергілікті еріктілердің үйлесімді жұмыстарының арқасында жағдай бақылауға алынды. Амангелді ауылдық округінің жағдайын әуеден бақыладым. Мұнда 5 шілде күні түнде өрт болды. Қазіргі кезде жағдай тұрақты, тілсіз жау ошағы толықтай сөндірілді. Шеңбер ауылдық округіндің аумағында өрт ошағы орын алды. Өрт Қостанай облысының аумағынан келген. Оқиға орнында өртсөндірушілер мен орман шаруашылығының қызметкерлері жұмыс жасауда. Елді мекенге төнген қауіп жоқ, - деді басшы.

Облыстық ТЖД мәліметінше, 7 шілдедегі 16.00-дегі жағдай бойынша Қарағанды облысының аумағында 10 табиғи өрт ошағы бақылауға алынған. Оның ішінде Ұлытау ауданының аумағында 3 дала өрті және басқа да 50 га-дан аспайтын 7 дала жануы орын алуда. Қазіргі уақытта облыста жағдай тұрақты, елді мекендерге қауіп жоқ. Өңірдегі табиғи өрттерді жоюға барлығы 587 адам және 87 бірлік техника жұмылдырылған.

Өзгелердің жаңалығы