Ұлыңыз қызтекеге үйленсе, бата бересіз бе? – Ардақ Назаров ЛГБТ насихаттағандар туралы

12 Сәуір 2023, 11:47
2557
Бөлісу:
Ұлыңыз қызтекеге үйленсе, бата бересіз бе? – Ардақ Назаров ЛГБТ насихаттағандар туралы
Фото: arasha.kz

Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке депутаттық сауал жолдады. Ол сауалында гомосексуализмді насихаттаған оқушылар туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат экономиканы реттейміз, саясатпен айналысамыз деп жүріп, идеология мәселесін естен шығармау керек екенін айтты. Назаров атап өткендей, мемлекет іргесінің берік болуы, халықтың баянды өмір сүруі үшін ең алдымен дәл осы идеология саласын реттеу қажет.

8 сәуірде Астанада феминистер шеруі өтті. Бұл күні тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы митинг болады деген. Бірақ олай болмады. Жиналғандар әйел теңдігін айтудан бастап, соңында гомосексуализмді насихаттады. Өрімдей балалар, арасында оқушылар да бар, ЛГБТ жалауын жамылып жүр. Жалпы соңғы кезде еліміздің ақпараттық кеңістігінде біржыныстық неке, гомосексуализм, жынысты ауыстыру секілді мәселелер еркін насихатталып жатыр. Насихаттаушылардың артында батыстың халықаралық ұйымдары тұрғаны да бәрімізге мәлім, - дейді Ардақ Назаров Мәжілісте.

Депутат гей-пропаганда қазір Астана мен Алматы секілді ірі қалалардың жекеменшік мектептерінде де өте қарқынды насихатталып жатқанына алаңдады. Сөзінше, мұны сондағы оқушылардың әлеуметтік желідегі парақшаларынан ашық аңғаруға болады.

Қазір менің осы депутаттық сауалым жарияланысымен-ақ өз қандастарымыз жағамнан алатынын біліп отырмын, «толеранттық», «төзімділік» деген сөздерді қалқан етіп, әлеуметтік желілерде қаралайды. Осындай азаматтарға айтарым: ертең сіздің ұлыңыз келіннің орнына еңгезердей қызтекені үйге ертіп келсе, немесе аялап өсірген қызыңыз еркекшорамен «отау құрып» жатса, толерантты болып батаңызды бересіз бе? Мұндай азғындық өз отбасыңызға келсе төзесіз бе? – деді депутат.

Назаровтың ойынша, ЛГБТ идеологиясы қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарын тоз-тозын шығаруды көздейді. Ал дәстүрі мен руханиятынан айырылған ұлттың болашағы жоқ екені айдан анық. Ұлт құрыса – мемлекет құлайды.

Біз жастарымыздың тәрбиесіне селқос қарамай, қазірден қамдануымыз керек. Кеше алаңда ЛГБТ жалауын жамылып жүрген балалар бөтен емес, ол – сіздің де, менің де балам, ол – қазақтың қаракөздері. Бәле менің үйіме келмесе болды деп алаңсыз жүре алмаймыз. Келетін індет келіп болды, оның тамырына қазір балта шаппасақ, ертең бармақ шайнап қалатынымыз айдан анық, - деп айтты депутат.

Ардақ Назаров осы мәселеге қатысты мынадай ұсыныстарын айтты:

- Митингке келген балалардың ата-аналарынан сұрау алынсын.

- Барлық платформада, соның ішінде әлеуметтік желілерде ұлттық мәдениетімізге сәйкес келмейтін фильмдер мен сериалдарды көрсетуге және насихаттауға тыйым салынсын.

- Теріс ағымдарды насихаттайтын ақпарат көздерінен сақтайтын заң нормалары жасақталып, Парламентке қарастыруға енгізілсін.

- Республика көлеміндегі оқу орындарында ұлттық құндылықтарды, мәдениетті насихаттау сабақтары оқытылсын.

Өзгелердің жаңалығы