Ұлыбританиядағы Moreton Hall қыздар мектеп-интернатының 69 жастағы география мұғалімі Джеймс Хиндсон YouTube-тағы іздеу тарихына байланысты сабақтан шеттетілді. Бұл туралы Daily Mail хабарлады.
Оқиға сабақ кезінде болған. Мұғалім оқу материалын көрсету үшін YouTube желісін үлкен экраннан ашқан кезде оның бұрынғы іздеу сұраулары көрініп қалған. Олардың арасында кәмелетке толмағандарға және сексуалдық сипаттағы контентке қатысты сұраулар болғаны хабарланды.
Оқушылардың шағымынан кейін мектеп басшылығы ішкі тексеру жүргізген. Басылым мәліметінше, мұндай іздеу сұраулары 2021–2023 жылдар аралығында жасалған.
Хиндсон іздеу тарихын оқушыларға әдейі көрсетпегенін айтып, болған жағдайға өкініш білдірген.
Тәртіптік комиссия мұғалімнің әрекеті кәсіби талаптарға сәйкес келмейді деген қорытындыға келді. Осыдан кейін ол сабақ беруден шеттетілді.