Ұлыбританияда электр энергиясына салынатын ҚҚС алынып тасталады

Энди Бернэм бұл қадам халықтың қаржылық жүктемесін азайтып, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталғанын айтты.

 depositphotos.com 22 Шілде 2026, 04:27
22 Шілде 2026, 04:27
302
Фото: depositphotos.com

Ұлыбританияның жаңа премьер-министрі Энди Бернэм қызметіне кіріскеннен кейін алғашқы Министрлер кабинеті отырысын өткізіп, халықтың тұрмыс шығынын азайтуға бағытталған бірқатар бастаманы жариялады. Бұл туралы Euronews басылымы жазды.

Үкіметтің шешіміне сәйкес, 2026 жылдың 1 қазанынан бастап тұрғындар тұтынатын электр энергиясына салынатын 5 пайыздық қосылған құн салығы (ҚҚС) алынып тасталады. Биліктің мәліметінше, бұл орташа бір отбасыға жылына шамамен 45 фунт стерлинг үнемдеуге мүмкіндік береді.

Энди Бернэм бұл қадам халықтың қаржылық жүктемесін азайтып, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталғанын айтты.

Үкіметтің бағалауынша, аталған салықтық жеңілдік биылғы қаржы жылында бюджетке шамамен 850 млн фунт стерлингке түседі. Бұл шығын бұрынғы үкімет ұсынған цифрлық жеке куәлік (Digital ID) жобасынан бас тарту арқылы өтелмек. Билік бұл жобаға шамамен 1,8 млрд фунт стерлинг жұмсалуы мүмкін болғанын мәлімдеді.

Алайда бұрынғы премьер-министр Кейр Стармердің экс-кеңесшісі Даррен Джонс бұл уәжбен келіспей, цифрлық жеке куәлік бағдарламасы толық қаржыландырылмағанын айтып, үкіметті салық түсімдерінің азаюын қалай өтейтінін түсіндіруге шақырды.

Сонымен қатар жаңа премьер-министр үкімет құрамына өзгерістер енгізді. Бұрынғы қорғаныс министрі Джон Хили Қаржы министрі болып тағайындалса, экс-денсаулық сақтау министрі Уэс Стритинг Қорғаныс министрлігін басқарды. Ал бұрынғы энергетика министрі Эд Милибанд Сыртқы істер министрі қызметіне кірісті.

Энди Бернэм алдағы кезеңде өмір сүру құнының өсуімен күресу, жалдау ақысын реттеу, қоғамдық көлікке қолжетімділікті арттыру, елді қайта индустрияландыру, әлеуметтік тұрғын үй қорын кеңейту және өңірлерге көбірек өкілеттік беру бағытындағы реформаларды жүзеге асыратынын мәлімдеді.

Сондай-ақ жаңа премьер-министр АҚШ президенті Дональд Трамппен, Украина президенті Владимир Зеленскиймен және Франция президенті Эммануэль Макронмен телефон арқылы сөйлесіп, халықаралық және экономикалық мәселелерді талқылады.

Наверх