Ұлыбританияда Абай әндерінің ағылшын тіліндегі жинағы таныстырылды

3 Желтоқсан 2020, 20:33
1461
Бөлісу:
Ұлыбританияда Абай әндерінің ағылшын тіліндегі жинағы таныстырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Abai. Book of Songs» – Абай әндерінің кітабы тұңғыш рет ағылшын тілінде Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігімен онлайн-концерт форматында таныстырылды. 

Кітаптың тұсаукесері және концерт қазақтың ұлы ақыны және ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған іс-шаралар сериясының бір парасы.

Кітапты Қазақстан Ұлттық аударма бюросының қолдауымен Елшілік басып шығарды. Ішінде Абайдың авторлығымен жазылған 23 ән мен үш күй, сондай-ақ партитуралар мен музыкаға бейімделген ағылшын тіліндегі әндердің мәтіндері бар. Оқырмандардың, сондай-ақ, QR-кодтар арқылы www.kitap.kz сайтына кіріп, Абайдың қазақ тіліндегі әндерін тыңдауға мүмкіндіктері бар.

Шотландияның атақты ақыны және көптеген марапаттардың иегері, соның ішінде беделді «Forward Prize for Poetry» және «T. S. Eliot Prize» те бар, профессор Джон Бернсайд өлеңдердің ағылшын тіліндегі аудармасын жасады. Ол Абай лирикасының мағынасын жеткізіп қана қоймай, түпнұсқа әуендерінің ырғағына барынша жақын болуға тырысты. Беделді Гилдхолл Музыка және драма мектебінің профессоры Саймон Уиллс кітапқа алғы сөз жазып, оны қазақ музыкасының рухына арнады.

Абай кейінгі ұрпаққа әдеби шығармашылығымен қатар қазақ мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналған бай және алуан түрлі музыкалық мұрасын қалдырды. Кітапты оқыған ағылшынтілді аудитория Абайды жаңа қырынан ашады, – деді онлайн-концерттің ашылуында Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов. 

Концерт аясында Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, әлемге әйгілі музыкант Айман Мұсақожаева мен Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі Абайдың музыкалық шығармаларынан попурри орындады. Танымал қазақстандық жас әнші, «Балалар Евровидениесі – 2019» байқауының жүлдегері Ержан Максим өзінің тәлімгері Гүлмира Ахмедьярованың фортепианодағы сүйемелдеуімен «Желсіз түнде жарық ай» әнін тарту етті.

Британия эстрадасаның жаңа жұлдызы Smilee «The Apple of My Eye» («Көзімнің қарасы») әнін орындаса, опера әншісі Джозефин Хоторн түрік пианисі Илайда Дениз Огуздың сүйемелдеуімен «Blessings on You» («Айттым сәлем қалам қас») әнін ұсынды.

Қазақ фольклорлық музыкасының шеберлері Ерлан Рысқали мен Перизат Тұрарова домбыраның сүйемелдеуімен «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма» және «Есіңде бар ма жас күнің» әндерінің классикалық нұсқаларын шырқады.

Кантри-рок стиліне маманданған британиялық әнші Аннабель Паттинсон «The Moon» («Желсіз түнде жарық ай») әнінің жаңаша интерпретациясын ұсынса, күйші Рүстем Нұркенов «Торжорға» күйін ежелгі аспап, дәстүрлі түрде Абай күйлерін орындау үшін пайдаланылатын үш ішекті домбырада орындады.

Қазақ ағартушысының өлеңдерін аудару жұмысы шығармаларының жан-жақтылығы мен тереңдігіне, сондай-ақ ырғақтық ерекшеліктеріне байланысты өте қызықты әрі күрделі болды. Ұлы ақын өзінің әндері арқылы тыңдаушымен сұхбаттасады. Сонымен қатар қарапайым, ұғынықты тілде махаббат, достық, қайғы-қасірет, қуаныш және басқа да эмоцияға толы күрделі тақырыптарды талқылайды, – деді профессор Дж.Бернсайд пен профессор С.Уиллс Абай шығармашылығының поэтикалық және музыкалық аспектілері туралы өз ойларын ортаға салып. 

С.Уиллс өз монологында қазақ музыкасының ерекшеліктері мен оның еуропалық классикадан түбегейлі айырмашылықтарын тақырып өзегіне айналдырды. Ол Абай шығармашылығы мен жалпы қазақ музыкасы импровизацияға негізделгеніне және орындау бойынша бекітілген нұсқаулар жиынтығына бағынбайтындығына ерекше тоқтады. Сондықтан, оның айтуынша, ағылшын тілді оқырмандар кітаптағы әндерді орындау кезінде импровизация өнеріне дайын болулары керек екенін атап өтті.

 

Концерт Елшіліктің сайтында, сондай-ақ Facebook-тегі ресми парақшасында көрсетілді.

Өзгелердің жаңалығы