The Telegraph газетінің хабарлауынша, Ұлыбритания Украинада қақтығыстан кейінгі бейбіт келісімді қолдау мақсатында құрылған «ниет білдірушілер коалициясы» аясында өз әскери күштерін бес жыл мерзімге орналастыру мүмкіндігін қарастырып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Басылымның жазуынша, бұл жоспар одақтастармен бірлесіп талқылануда. Ұсынылған нұсқалардың бірі – Еуропалық күштерді Украинаға жіберу арқылы, бастапқы кезеңде, Ресейдің қандай да бір келісімді бұзуына жол бермеу және Киевке тыныс алу мүмкіндігін ұсыну.
Аталған жоспарға сәйкес, франко-британдық «қауіпсіздік күштері» Украинаға әуе және теңіз кеңістігін қорғауда қолдау көрсетуге тиіс.
Алайда бұл миссияның басты мақсаты – Украина қарулы күштерін қалпына келтіріп, оларды Ресейдің жаңа шабуылына қарсы тұруға дайындау үшін бірден көмек көрсету, - деп жазады The Telegraph.
Жоспарға сай, кейін бұл күштер біртіндеп шығарылатын болады. Соңғы әскерилер Украина аумағынан шамамен бес жылдан кейін кетеді деп күтілуде.
Басылым Брюссельде жуырда өткен «ниет білдірушілер коалициясының» кездесуінде кейбір ресми тұлғалар жоспарлардың баяу ілгерілеп жатқанына және олардың әлі де нақты еместігіне наразы екенін атап өтеді.
Біз әскери жоспарлауды тереңдетіп жатырмыз. Бұл әлі аяқталған жоқ, — деді Ұлыбритания қорғаныс министрі Джон Хилли
Еуроодақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кайя Каллас та түсініктеме берді.
Егер бұл қауіпсіздік күштері туралы айтылып жатса, онда олардың шын мәнінде қандай мақсатты көздейтінін білуіміз керек, - дейді ол.
Бұл тежеу ме? Бақылау ма? Әлде бейбітшілікті сақтау ма? Нақты мақсат қандай?
Бұл миссияның шеңбері мен нақты міндеттері түсінікті болғаны дұрыс болар еді, - деп мәлімдеді Швеция қорғаныс министрі Пол Йонсон.
The Telegraph атап өткендей, кейбір елдер Украинаға әскер жіберу мәселесіне АҚШ-тың қолдауысыз бару туралы алаңдаушылық білдіріп отыр.
Әзірге Дональд Трамп мырза АҚШ-тың қауіпсіздікке қатысты қандай да бір бастамаға тікелей қатысуына келісім беретінін аңғартқан жоқ, - деп жазады басылым.