Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Осыған орай Мәдениет және ақпарат министрлігі күн сайын танымдық ақпаратпен бөлісуді жалғастыруда. Бүгін ведомство "Бауыржан шиыршығы" деп аталатын әскери әдіспен таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлы Отан соғысы жылдары қазақ халқының қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы майданға тура Мәскеу үшін шайқастың шешуші сәтінде аттанды. Ол Алматыда жасақталған, генерал Иван Панфилов басқаратын 316-шы атқыштар дивизиясының құрамында болды. Бауыржан аға лейтенант шенінде бірден батальон командирі болып тағайындалды. Дивизия тікелей Мәскеуді қорғау міндетін алды.
Фашистік Германияның табанды шабуылы кезінде қарсы тұру үшін ерекше тактикалар қажет болды. Міне, сол кезде "Бауыржан шиыршығы" деп аталатын әскери әдіс пайда болды. Оның мәні — қарсылас колоннасына тосын шабуыл жасап, ұзаққа созбай шегіну, сөйтіп жаудың күшін біртіндеп әлсірету. Шабуыл мен шегініс кезектесіп, соңында шешуші соққымен жеңіске жеткізетін.
Бұл тактика сол кезде неміс генералы Гёпнердің өзі Гитлерге жазған баяндамасында ерекше аталып өтті.
Ешқандай соғыс заңдары мен ережелерін мойындамайтын жабайы дивизия. Оның сарбаздары берілмейді, ерекше фанатизммен соғысады және өлімнен қаймықпайды, — деп жазған ол.
Бауыржан Момышұлы бірнеше рет қоршауда қалса да, әрдайым әскерін аман алып шығып, бөлімдердің жауынгерлік қабілетін сақтап қала білді. "Бауыржан шиыршығы" бүгінде АҚШ пен Израильдің әскери академияларында қоршаудан шығу кезіндегі жауынгерлік тактика ретінде оқытылады.
Алайда оның ерлігіне лайықты марапат тек өзі қайтыс болғаннан кейін ғана берілді: Кеңес Одағының Батыры атағы Бауыржан Момышұлына тек 1990 жылы берілді. Ол 1982 жылы дүние салған.