Ұлы жазушы туған ауылдың Мәдениет үйі мал қораға айналған

14 Маусым 2023, 13:00
1922
Бөлісу:
Ұлы жазушы туған ауылдың Мәдениет үйі мал қораға айналған
PHOTO
Фото: автордан

Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздегі шалғайдағы елді мекендер айбарынан айрылды. Соның бірі – Қоңыр ауылы. Ұлы жазушы өмірге келген ауылдың бүгінде Мәдениет үйі мал қораға айналған. Баяғы инфрақұрылымның бүгінде бірі жоқ, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Көлік жүрмейтін көшелер

Елдегі ағайын шақырған соң, ерінбей Ескелді ауданына қарасты Қоңыр ауылына барып қайтқан едік. Табиғаты көркем, алып тауларды етекке алып жатқан шырайлы елді мекеннің негізгі тірлігі – ауылшаруашылығы. Тұрғындардың дені мал өсіріп, егін егеді. Аудан тарапынан көп көңіл бөлінбесе де халықтың көңілі күпті емес. Тек жастардың қарасы сейілген. Жұмыс жоқ. Кеңес өкіметі кезінде 400-ге жуық отбасы тұрған екен, содан бүгінде 200-ге жуық түтін қалған.

Бұл «Қоңыр» аты айтып тұрғандай өзі тірлігі түзу, ырысы мол, қоңыр тіршілік кешкен аядай ғана ауыл. Осыдан екі ғасыр бұрын Талдықорған мен Қапал арасын жақындатқан пошта бекетінің бірі осында орналасқан. Әлемге мәшһүр фольклоршы, даңқты этнограф Шоқан Уәлиханов Ыстықкөлге барар жолда осы ауылдың іргесіндегі жайлауға киіз үй тігіп, дамлдаған деседі, - дейді ауыл қариялары.

Олардың айтуынша, ауылдың 1960-1972 жылдардағы өмірі өзгеше болған. Ауыл азаматы Керім Мұсабеков тізгінді қолына алып, шағын мекеннің шырайын кіргізген. Мәселен, аурухана, кеңшар кеңсесі, үлкен қырман, диірмен, сауда орталығы, білім ошақтары, механика мен техникалық орталықтар, тіпті сүт фермасы да болған. Ол аз десеңіз, 100 мыңға тарта қой-ешкі мен жылқы, мыңдаған бас іріқара жайлаудан қыстауға еркін көшкен. 1969 жылғы қақаған аязда маңайдағы ауыл-аймақтар қоңырлықтардан көмек сұрап, малын аман алып қалған. Құнары мол, шөбі шүйгін топырақ тқрт-түліктің құтты қонысы болған.

Ұлы жазушы туған ауылдың Мәдениет үйі мал қораға айналған

Ауылдағы әуелгі мәселе – жолдың жыры. Бүгінде аталған ауылда ұзынды-қысқалы 9 көше бар. Әйткенмен бірінің жайы онып тұрған жоқ. Жеңіл көлік жүре алмайды. Ескі заманда төселген асфальттың жұқанағы ғана қалған. Шұрық-тесік қара жолдың үстімен көлік өтсе, көше бойлап кетіп бара жатқан тұрғындарды шаңға көмеді. 

Былтыр Ғ.Исмайлов атындағы көшені толыққанда заман талабына сай жөндеу жұмыстары жүргізіле бастаған. Жұмыс иесі – «Жаңа жол» ЖШС. Мердігер компания басында білек сыбан кіріскенімен, артынан ісі сиырқұйымшақтанып, бастаған жұмыстың қақ ортасына келгенде тастап кеткен. Енді, қазір аталған компаниямен тапсырыс беруші аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі соттасып жатыр. Ақыры сот «жол құрылысынтолық аяқтауы тиіс» деген шешім шығарғанымен, баяғы жартас сол жартас күйінде. Ешкім елеп, ескеріп жатқан жоқ.

Ұлы жазушы туған ауылдың Мәдениет үйі мал қораға айналған

Тағы екі көшеге күрделі жөндеу жұмыстарын сұрағанбыз, бірақ өтінішіміз аудан тарапынан ешқандай қолдау таппады, - дейді ауыл әкімі Арай Елубекұлы. 

Бұдан біз, жолдың жыры әлі талай жылға созылатынын байқадық. Ал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі әдеттегідей үнсіз қалуда.

Сапасыз салынған спорт салаңы

Тағы бір аяқсыз қалған құрылыстың басында спорт алаңы тұр. Мұнда да мердігер компанияның немқұрайлылығы істі қиындатып жіберген. Заң бойыншы биыл ауылдағы ағайынның игілігіне берілуі керек нысанның қалпы тоналған үйдей. Алақандай ғана алаң тұрғындардың кешке серуендеп, жастардың ден ешынықтыратын орынынан айналуы тиіс еді. Дегенмен, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп тендерді ұтқан соң екі сөйлеген мердігерлердің ісі көңіл құлазытады. 

Қыруар қаржы бөлінгенімен соған сай жұмысты көрген жоқпыз. Әр жерден бір қоныс тепкен жаттығу құралдарының сапасы өте төмен. Берілген уәде толыққанды орындалмағандықтан ауыл әкімдігі нысанды қабылдауға түбегейлі қарсы болған. Оның үстіне, спорт алаңының қоршауы қораның қоршауындай кедір-бұдыр. Сиыр сүйкенсе қирағалы тұр. Компания басшылығы шикіліктің орнын толтырып, алаңды осы жылы толық аяқтап бермекке сөз берген. Әйтсе де заң бойынша былтыр игерілмеген қаржы аудандық бюджетке қайтарылғандықтан, жобаның қайта жанданарына күмән көп.

Ұлы жазушы туған ауылдың Мәдениет үйі мал қораға айналған

Одан кейін білім ошағының да кетеуі кеткен. Алыстан менмұндалаған шатыры таздың басындай. Мектептің табалдырығын аттасаңыз байырғы білім шаңырақтарын еске түсіреді. Қайта-қайта бояудан көз ашпаған шіріген емен еден, топсасы тозған есік, әктелген жырым-ырым қабырға бәрі-бәрі тозған. Қаншама жылдан бері бір де бір рет жөндеу көрмеген білім ұясының жайына ешкім мән беріп жатқан жоқ. Аудандық білім бөлімі бәрін біліп тұрса да қолы қысқа. Жалпы, Жетісу өңірінде көп көңіл бөлінбейтін аудандар бар. Соның бірі осы – Ескелді. Содан да болар маңайындағы ауылдарды шолып шықсаңыз жүрегіңіз қанжылайды. Мәселен біз мысалға алған мектеп қыста жылымайды. Жаңбыр тамшысы тесіп өтіп, төбенің бұрын-бұрышын сарғайтып тұр. Оның мұғалімдер өзінше амалдап әктейді.

Ең өкініштісі, бұл мәселе ауданға айтылып-ақ жатыр тек нәтиже жоқ. Мамандар мектепті күрделі жөндеуден өткізуге қатысты сметалық-жобалау құжаттарын реттеп, тиісті органдарға жолдағанмен әлі де бір жауап келмеген. Қаншама жылдың жүзі өтсе де бір қайрылар емес. Жыл сайын ауданның жоспарына кірмей қалады. Біз аудан әкімдігі осы мәселе бойынша сауал жолдадық, бірақ жауап бермеді.

Аталған ауылда 200-ге тарта шаруа қожалығы бар. Ал шаруашылықпен айналысуға мемлекет тарапынан 49 мың гектар жер берілген. Дегенмен бұл жайылымдық әрі егіндік жер шаруаларға аздық етіп отыр. Мысалға Қоңыр ауылы уағында Қапал ауданына (қазір Қапал ауылы) қарағандықтан қыстауы мен жайлауы сонда болған. Кейін Ескелді ауданының өткенде шұрайлы жерлері Ақсу ауданының аумағында қалып қойған екен. Сондықтан шаруалар жайылым тапшылығын сезінуде.

Ұлы жазушы туған ауылдың Мәдениет үйі мал қораға айналған

Жайылым жердің жыры

Қоңырлықтар үшін мал жаюға қарастырылған 3600 гектар жер қоры бар. Ал үлкен шаруа қожалықтары үшін жердің тапшылығы анық байқалады.

Биыл аудан әкімдігі тарапынан Қоңыр ауылдық округінің шаруа қожалықтарына Шажа өзені бойынан 900 гектар жайылымдық жер бөлініп берілді. Дегенмен бұл мәселені шешуде ешқандай рөл атқармайды. Себебі, мал саны жылдан жылға өсуде. Біз Ескелді ауданына қарамай тұрып, Қапал орман шаруашылығы мекемесінің қарауындағы Қора жайлауына да мал жаятынбыз. Енді сол жайлауды өзімізге қайтарса, мәселенің шешілуі мүмкін», дейді ауыл әкімі.

Жалпы, жайылымдық жер мәселесі Жетісуда шиеленісіп тұр. Мәселен, осы түйткілге байланысты Ақсу мен Ескелді аудандары арасында келіспеушілікте орын алуда. Неге десеңіз, Қоңыр ауылына тіркелген шаруа қожалықтарының малы Ақсу ауданының аумағында қыстайды. Бұл жағдай ақсулықтардың шамына тиіп, мәселе облыс әкімдіген дейін жеткен. Бірақ, олар әр тарап тиімді жоспар құрып, өзара келісімге келуін тапсырған.

Бізді ауыл әкімдігі отырған ғимарат шошытты. Екі қабатты нысанның ішіне кіру қорқынышты. Мұнда ауыл әкімдігінің қызметкерлері, кітапханашылар, пошта қызметі, мал дәрігері мамандары, тағы да басқа халыққа қызмет көрсететін қызметкерлер сығылысып отырады екен. Ауыл әкімі жекеменшікке өтіп кеткен ескі ғимаратты 2 жыл бойы дауласып жүріп, әкімдіктің балансына алған. Сметалық құжаттарды реттеп қойған. Енді жөндеуге кем дегенде 208 млн теңге қаржы кетеді. Мұны ауданға жолдар болса тағы жоқ деен жауап келеме деп уайымдап отыр.

Ұлы жазушы туған ауылдың Мәдениет үйі мал қораға айналған

Енді Мәдениет үйінің жайына келсек. Кептер мен малдың боғына толған нысанның ішінде ескі кітаптар шашылып жатыр. Біз біразын теріп те алдық. Сөйтсек, мұнда кезінде облысқа мәлім үлкен кітапхана болған екен. Қазақтың қайратты қаламгерлері Ғали Орманов, Сайын Мұратбеков, халық әртісі Қажыбек Бекбосынов секілді алыптар сол кітапханадан кітап алып оқыған.

Ауылдық Мәдениет үйінің іргесі 1971 жылы қаланған. Сол уақытта атағы дардай «Жетісу толқындары» фольклорлық-этнографиялық ансамбль осында құрылыпты. Сахнасында Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова сияқты өнер майталмандары ән шырқаған екен. Тоқырау жылдары нысан жекеменшікке өтіп, жетімнің күйін кешкен. Былтыр ауылдан шыққан меценат азаматтар сатып алып, ауылдық әкімдікке табыстады. Бір қуанарлығы, ауыл тұрғындарының өтінішімен биыл жаңа модельді Мәдениет үйі тұрғызылмақ.

Өңір басшысы Бейбіт Исабаевтың аудан тұрғындарымен кездесуінде осы мәселе көтеріліп, ұсыныс қабыл болған. Алдағы уақытта 159 млн теңгеге бағаланған 140 орынды жаңа мәдени ошақ бой көтереді. Қазір тиісті құжаттар реттелуде.

Өзгелердің жаңалығы