Ертіс өңірінің төтенше жағдайлар қызметінің мамандары әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың үйлерінде улы газды анықтайтын датчиктер орнатуда, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Өрт оқиғаларын алдын алу мақсатында төтеншеліктер Павлодар ауданының 10 отбасына арнайы датчиктерді орнатып берді.
Облыстық төтенше жағдайлар қызметі өкілдерінің мәліметінше, былтыр осындай құрылғылар мыңнан астам отбасының үйіне қойылған.
Біз «Менің тілім» қоғамдық ұйымымен бірге Мичурин ауылында болдық. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатын көздейміз. Мамандар жекеменшік тұрғын үй секторын аралап шықты. Бүгінде ауылда 67 мың жер үй бар. Сонымен қатар, халыққа жаднамалар таратып, өрт қауіпсіздігі еределерін түсіндірдік. Рейдтік шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылады , - дейді облыстық ТЖД басқарма басшысы Оразбек Уәлиханов.
Осындай датчиктің нарықтағы бағасы бес мың теңге тұрады. Мамандардың айтуынша, қарапайым құрылғы болашақта көптеген адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін. Сол себепті үйдегі пешті пайдалануда сақ болуға кеңес береді.
Еске сала кетсек, жуырда Павлодар ауданы Евгеньевка ауылында бас адам улы газдан уланып, ауруханаға түсті. Оқыс оқиғаның болуына негізгі себеп – жер үйдегі пештің дұрыс жұмыс істемеуі.