Қоғамдағы құбылыстар мен жаңалықтарға қатысты өзге ұлт өкілдерінің пікірін білу маңызды. Мұндай қадамның мәселеге өзге қырынан қарауға, объективті пікір қалыптастыруға көмегі мол. Осы орайда «Lev ami» еврей этно-мәдени орталығының жетекшісі Вера Ивановнамен сұхбаттасудың сәті түсті, деп хабарлайды Қызылорда облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
– Вера Владимировна, сұхбатқа келіскеніңізге рақмет! Алғашқы сауалды ата-бабаңыздың Қазақстанға келу жолынан бастайық. Әулет тарихмен бөліссеңіз...
– Әулетіміздің туған жеріміз – Қызылордаға келу жолы әрқилы. Мәселен, әкем Түрікменстан республикасында дүниеге келген. Кейіннен Қазақстанға қоныс аударып, Сыр өңіріне тұрақтаған еді. Анам Қызылорданың тумасы болғанымен, ата-бабалары тағдырдың тәлкегімен Қазақстанға келуге мәжбүр болғанын айтып отыратын. Өзіме келер болсам, Ср өңірінің төл перзентімен. Жолдасым да осында дүниеге келген. Ұлтымыз бөлек болса да, Қазақстанды қазақтан кем сүймейміз.
– Қазақ халқының қонақжайлығы, қамқорлығы туралы пікір көп. Сіз сезінген қазақ халқының ерекшелігі қандай?
– Расында, қазақ халқының қонақжайлығы туралы айтылар әңгіме мол. Бар жұмсақты қонағының алдына тостатын, жалғыз атын құдайы қонаққа сойып берер дархан көңіл қазақта ғана бар шығар. Сыр өңірінде өсіп-өнгесін мұндай кеңпейіл ниетті ерекше сезіндім. Бар қазақ «Өзге ұлтсың» деп шеттетпей, қуаныш пен қызыққа ортақтасуға жол ашты, қоғам дамуына үлес қосуға мүмкіндік берді. Қазақ далансына сан жылдар бойы тарыдай шашылған ұлттарды аман сақтаған да осы пейіл екені сөзсіз. Үй-күйсіз босқан өзге ұлт өкілдерін баспанасына паналатып, жалғыз түйір нанын бөліп берген дархандық ешқашан ұмытылмайды. Мен сезінген мейірдің бір бөлігі осы.
– Ресей-Украин қақтығысы ұлттардың қарым-қатынасына, қоғамның ұлтаралық достық туралы көзқарасына өзгеріс әкелді. Әсіресе, әлемде орыс ұлты мен билігіне деген қарсылық күшеюде. Қазақстанда бұл ахуал қай деңгейде деп ойлайсыз? Елімізде русофобия бар ма?
– Дамыған қоғамда сан пікірдің болуы заңдылық. Демократияның басты құндылығы да сөз бостандығы, ой еркіндігі екенін білеміз. Егер көптің ойы ұлтаралық жанжалға әкеп соқпаса, мемлекеттірдің саяси қатынасына әсер етпесе, назар аударатын жағдай емес деп ойлаймын.
Қазақ қоғамы бұрыннан әр ұлтты тең көреді. Қазақстанда 130-ға жуық ұлт өкілінің тату-тәтті өмір сүруіне де осы ұстаным көмектесуде. Орысты түріктен, ағылшынды немістен артық көру деген түсінік жоқ. Керісінше, достық пен бейбітшілікті насихаттап, ынтымақта өмір сүруді қалаймыз. Мысалы, менің отбасым интернационалды. Отбасы құрамында орыс, түрікмен, еврей, корей, татар, казақ халқының өкілдері бар. Жалпы Қызылорда облысында 11 этно-мәдени бірлестік жұмыс істейді. Әрбірі қазақтың дәстүрлі мерекесін тойлап, ұлттық мейрамдарын да ұмытпай ұлықтап келеді.
Русофобияға келер болсақ, орыс халқы ежелден көрші, мәмілелес ел. Мәдени, сауда байланысымыз да өте жақсы. Әрине, кейбір азаматтың санасында русофобия болуы ықтимал. Алайда қазақ қоғамында бұл түсінік белең алды деп санау орынсыз болар. Русофобия – жалпықоғамдық ұстаным емес.
– Соңғы уақытта Қазақстан халқы ассамблеясына сын көзбен қарайтындар көбейді. Басым дені Ассамблеяны қажетсіз санайды. Осы пікірге көзқарасыңыз қандай?
– Мұндай негізсіз ойға қарсымын. Қазақстан халқы ассамблеясы қоғам дамуына ықпал ететін бірегей бастама. Әр ұлт өкілінің басын қосып, оларға қоғамдағы бірлік пен ынтымақты насихаттауға жәрдемдеседі. Қазақстанның келешек дамуы өзге ұлт өкілдерінің атсалысуына Ассамблеяның ықпалы зор.
Қазақстан халқы ассамблеясы – этно-мәдени орталықтарды біріктіруші күш, ұлттар достығының жаршысы. Ассамблеяның нәтижесінде этносаралық және конфессияаралық келісімнің теңдесіз моделі пайда болды. Сол үшін мұндай маңызды жобаны жоққа шығаруға болмайды.
– Өзіңіз жетекшілік ететін бірлестік туралы айтып өтсеңіз.
– Облыстық «Lev ami» атты еврей этно-мәдени орталығының жетекшісімін. Орталық 2006 жылы құрылды. Оталықты Ли Людмила Ивановна құрып, 2006-2018 жылға дейін басқарды. 2018 жылдан бері орталыққа мен жетекшілік етеудемін. Орталық руспубликалық, облыстық шараларға белсенді атсалысады. Өзге де этно-мәдени бірлестіктермен бірге көптеген мерекелік, аталулы күндерге арналған шара ұйымдастырамыз. Орталық белсенділері спорттық жарыс пен фотоконкурстарға жиі қатысады. Жүлделі орындарды да алып келеді. Оталық мүшелері – оқушылар трлі олимпиада мен эобаларға қатысып, нәтиже көрсетуде. Еврей этно-мәдени орталығы в көшет отырғызу, қайырымдылық шараларына атсалысуды әдетке айналдырған. Мысалы, орталық аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға жәрдемдесті. Арыс, Қостанай, Екібастұз қаласындағы апат жағдайларда материалдық көмек көрсетті Жуырда Түркияда болған апатты жағдайда да қарап қалмадық. Қолдан келгенше үлес қосуға талпындық.
Жалпы, көмек көрсету, жақсылық жасау қазақ халқынан дарыған қасиет деп білемін. Бір шаңырақ астында өмір сүріп, мәдени байланыс орнату ізгі амалдар жасауға баулыды. Сол үшін қазақ халқына алғысым шексіз.
– Әңгімеңізге рақмет!