Ұлттық ұланның 15 жауынгері күрең берет иегері атанды

20 Қыркүйек 2024, 14:45
387
Бөлісу:
Ұлттық ұланның 15 жауынгері күрең берет иегері атанды
PHOTO
Фото: polisia.kz

ҚР ІІМ Ұлттық ұланның Тараз қаласындағы 5513 әскери бөлімінің атыс алаңында күрең беретке үміткерлердің біліктілік сынағы өтті. Оған еліміздің әр аймағынан арнайы мақсаттағы бөлімшелердің әскери қызметшілері қатысты,  деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Мұндай сынақ түрі жыл сайын еліміздің әр аймағында өткізіледі. Негізгі басты мақсаты – экстермизм және лаңкестіктің жолын кесу, қоғам мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін орындайтын “Б” арнайы жасағы мүшелерінің дайындығын шыңдау. Жалпы жасақтар құрамында барлық талапқа сай келетін сардарлар мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер қызмет етеді. Биылғы осы дәстүрлі додаға 300-ге жуық ниет білдірушінің арасынан іріктелген 80-нен астам үміткер қорытынды сынаққа қатысты. 

Ұлттық ұланның 15 жауынгері күрең берет иегері атанды

Олар алғашқы кезеңде теориялық тестілеуден өтіп, дене шынықтыру, биіктіктегі дайындық, арнайы құрылғылармен төмен түсу, байланыс және медициналық дайындық бойынша сынақ тапсырды. Осы аралықта төмен көрсеткіш көрсеткен қатысушылар екінші кезеңге өте алмады. Жолы болып шешуші кезеңге небәрі 44 үміткер өтті. Шешуші кезеңнің бірінші күні сынаққа қатысушылар таңғы сағат 05:00-де дабыл арқылы көтерілді. Сол күйі 5 шақырымға жүгіру бойынша сынақ тапсырды. Одан соң ұзақ та күрделі жорыққа аттанды. 

Ұлттық ұланның 15 жауынгері күрең берет иегері атанды

Жолда олар қарсыластың шабуылын тойтару, жараланған қаруласының жарасын танып, қауіпсіз аймаққа сүйреп өту, өрт шыққан аймақтан тыныс алуға арналған бас киіммен жүгіру секілді тапсырмаларды орындады. Жолай әбден шаршаған жауынгерлер бауырымен жорғалап, жатқан күйі тасалануға арналған ор қазды және етігімен су кешті. Таң атпастан аяққа тұрған үміткерлер желе жортқан күйі кешке дейін дамыл таппады. Сынақ кезінде жауынгерлерге физикалық және психологиялық соққы жасалды. Олар соған қарамастан кезіккен қиындықтарды жеңіп, мәреге жету үшін ерік-жігерін аяған жоқ. 

Ұлттық ұланның 15 жауынгері күрең берет иегері атанды

Осынау бір аптадан бері арнайы жасақ жауынгерлері орындап жатқан тапсырмалар легі аяқталды. Сынақтың қорытынды күні олар 10 шақырым жүгіріп, оқ дәрі салынған қобдишаларды сүйреуден норматив тапсырды. Селкілдек көпір үстінен өтіп, темір бағаннан төменге сырғанады. Қиғаш қойылған ағаштардың бірінен еңкейіп, бірін аттап, шынжыр байланған дөңгелектер қабырғасына өрмелеп шықты. Аспалы темірлерді де артта қалдырды. Суға секіріп, биік тас қабырғаны бірлесе еңсерді. Осы уақыт аралығында жан-жақтарын өрт торлап, алдарынан пулемет сақылдап тұрды. Ал өзге де кедергілердің маңына таяған кезде жарылыс болып жатты. 

Ұлттық ұланның 15 жауынгері күрең берет иегері атанды
Ұлттық ұланның 15 жауынгері күрең берет иегері атанды
Ұлттық ұланның 15 жауынгері күрең берет иегері атанды

Олар бұрқырай атылған пулемет оғынының астынан жорғалап барып, қауіпсіз нүктеде асынып жүрген қаруынан оқ атты. Үміткерлерге бір оқ және бір ғана мүмкіндік берілді. Құм тиіп, су шашылған қарудан оқ атылмай қалса жауынгер сынақты осы жерде аяқтар еді. Бабы мен бағы қатар шауып, ауыр сыннан сүрінбей өткендер ақтық сынақ – қоян-қолтық төбелеске шықты. Үш раундтан тұратын жекпе-жектің соңғы бөлімінде рингтегі жігіттер тың тұрған күрең берет иегерлерімен күш сынасты. Бұған дейін сапта болған 15 үміткердің бәрі де 9 минут бойы соққыларға төтеп берді. Әлі кетіп, күші сарқылғандардың өзі темірдей төзімділік танытты. Осылайша, олардың бәрі де күрең берет иегерлері атанды.

 

Өзгелердің жаңалығы