Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әскерге алынатын бозбалалардың денсаулығы көпшілікті алаңдатып отыр. Бұл мәселе Мәжілісте де сөз болды.
Мәжілісте ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекс жобасының жаңа редакциясын таныстырған болатын. Отырыста әскерге баратын жастардың денсаулығына алаңдаушылық білдірген депутаттар да болды. Мысалы, Бақытгүл Хаменованың айтуынша, елімізде әскери қызметке алынатын әрбір екінші бала ауру екен.
"Осы күні елде әскери қызметке алынатын әрбір екінші бала ауру. Қазақ: "Рухыңды қорғаймын десең, ұлыңды қорға", - дейді. Ұлды қорғамасақ, ертең елді қорғай алмаймыз. Сондықтан құрметті Елжан Амантайұлы (ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов - авт.) елдің бас дәрігері ретінде жанашырлық танытып, әскерге алынып жатқан бозбалалардың жағдайына кешенді жоспар қолдансаңыз", - деді Бақытгүл Хаменова.
Ал төменгі палатаның тағы бір депутаты Абай Тасболатов 14 жастан бастап бозбалаларды толық скринингтен өткізу қажет деп отыр.
"Өздеріңіз білесіздер, Кеңес одағы кезінде және одан кейін де яғни 2011 жылға дейін дәрігерлер 14 жастағы ұлдарды бастан-аяқ тексеріп шығатын. Бұл әскерге алынғанға дейін толық скринингтен өткізілді. Қазір осы тәжірибе Ресей, Өзбекстан, Беларусьте сақталып қалды. Ал біздің елде жоқ. Былтырғы жылы денсаулық жағдайына байланысты ұлттық ұланнан 400 адам қуылған. Сол себепті 14 жастан бастап толық скринингтен өткізуді қайта енгізу керек шығар, бәлкім", - дейді Тасболатов.