Ұлттық ұланның 6655 әскери бөлімінде жаңадан шақырылғандардың әскери ант қабылдауына арналған салтанатты іс-шара өтті. Бұл күні 400-ге жуық жас сарбаз Отанға адал қызмет етуге ант беріп, ҚР ІІМ Ұлттық ұланының қатарына ресми түрде қабылданды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Аталған іс-шараға «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубы тәрбиеленушілерінің қатысуы ерекше көңіл-күй сыйлады. Бұл рәсім жас патриоттар үшін Отан алдындағы азаматтық парыздың айқын үлгісі болды.
Әскери бөлім командирі полковник Еділхан Аймағамбетов бұл күннің маңыздылығын атап өтіп, Ұлттық ұланда қызмет ету – абыройлы міндет пен үлкен жауапкершілік екенін жеткізді.
Бүгінгі күн мен үшін өмір бойы есте қалады. Ант қабылдау –мемлекетіміздің нағыз қорғаушысы болу жолындағы алғашқы қадам. Мен енді Ұлттық ұланның бір бөлігі екенімді және ел игілігі үшін қызмет етуге әзір екенімді мақтан тұтамын, - деді қатардағы жауынгер Нұрғиса Байлар.
«Жас бүркіт» клубының тәрбиеленушілері Отан қорғаушылар қызметінің маңыздылығын сезіне отырып, рәсімді мақтанышпен тамашалады. Олар үшін бұл іс-шара болашақта өз өмірін әскери мамандықпен байланыстыруға деген серпін мен жігер сыйлады.
Іс-шараға сарбаздардың ата-аналары, туыстары мен әскери-патриоттық клубтың тәлімгерлерінің қатысуы айрықша салтанат қосты. Жаңа шақырылғандар үшін ант беру еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі жолындағы алғашқы қадам болды.