25-28 тамыз аралығында Ақмола облысының Щучинск қаласында ересектер арасында қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан Республикасының кубогы өтті.
Жарысқа дене шынықтырудың, жекпе-жек техникасының және төзімділіктің жоғары деңгейін көрсеткен мықты спортшылар қатысты.
Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы "Burkit Team" спорт командасының өкілі, 6654 әскери бөлімінің офицері – капитан Қымбат Ахмет сәтті өнер көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша ол бірден екі пән бойынша бірінші орынға ие болды.
Доданың жекпе-жек бөлімінде 53 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде капитан Қымбат Ахмет Қазақстан Республикасы кубогының жеңімпазы атанды. Сонымен қатар, спортшы 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде "Өзін-өзі қорғау" бөлімінде де жеңіске жетті.
Капитан Қымбат Ахметтің республикалық деңгейдегі жарқын жеңісі ҚР ІІМ Ұлттық ұланының спорттық жетістіктеріне үлес қосты.