Ұлттық ұлан Конституция күнін атап өтті

28 Тамыз 2022, 00:17
1996
Бөлісу:
Ұлттық ұлан Конституция күнін атап өтті

27 тамыз күні Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығында Ата Заң күніне арналған мерекелік шара өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Салтанатты жиынға Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының жеке құрамы және әскер ардагерлері қатысты.

Шара барысында жеке құрам үлгілі-көрсетімді оркестрдің сүйемелдеуімен Мемлекеттік әнұранды шырқады. Сондай-ақ Ата заңның мәртебесі туралы бейнеролик көрсетілді. Ұландықтарды Ата Заңымыздың қабылданғанына жиырма жеті жыл толуымен ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақанов құттықтады. 

Конституция қабылданған күннен бастап, көпұлтты халқымыздың татулығы мен тұрақтылығына тұғыр болып келеді. Біз Бас құжаттың арқасында еліміздің іргесін бекіттік, дамудың жаңа кезеңіне түстік. Елімізде өткізілген референдумға Ұлттық ұланның жеке құрамы толықтай қатысып,  оң өзгерістерге өз дауыстарын берді. Конституция – еліміздің үздіксіз өсуіне кепіл болған барша заңдардың қайнар көзі, бастау бұлағы. Құқықтық тәртіп әскері Қазақстан Республикасының Конституциясы жүктеген талаптар мен міндеттерді мүлтіксіз орындап келеді. Жауынгерлеріміздің Тәуелсіздік туын одан әрі де биік ұстайтынына, Президентіміз айтып өткен Жаңа Қазақстанды құруға үлес қосатынына сенім мол, – деді әскердің Бас қолбасшысы.

Сонымен қатар қызметтік міндеттерін адал атқарып, үздік жетістіктерге қол жеткізген әскери қызметшілер Ішкі істер министрінің және Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрығымен марапатталып, сый-құрметке бөленді.

Ұлттық ұлан Конституция күнін атап өтті

Ал Отан, бірлік, патриотизм, ел қорғау, бейбітшілік тақырыбында әзірленген Ұлттық ұлан ән-би ансамблінің концерттік бағдарламасы мерекелік көңіл-күйге шырай қосты.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының мемлекеттің қауіпсіздігі жолында, Ата Заңымыздан тармақталған заң қағидаттарының сақталып, азаматтардың бостандығы мен құқықтарын қылмыстық және құқыққа қарсы әрекеттерден қорғауда сіңіріп отырған үлесі өлшеусіз.

Өзгелердің жаңалығы