Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында «Жолаушылар тасымалы» АҚ жыл басынан бергі балаларды тасымалдау көрсеткіштерін жариялады. Компанияның мәліметінше, осы уақыт аралығында ұлттық тасымалдаушы пойыздарымен 500 мыңнан астам бала жол жүрген.
Балалар арасында ең танымал бағыттар қатарында Астана – Алматы, Астана – Шымкент, Алматы – Шымкент, Астана – Семей және Алматы – Семей бағыттары бар.
Қолданыстағы ережелерге сәйкес, ата-аналарға бөлек орын ұсынылмаған жағдайда 7 жасқа дейінгі бір баланы тегін алып жүруге рұқсат етіледі. Егер отбасында бірнеше бала болса, олардың біреуіне ғана тегін жол жүру мүмкіндігі қарастырылған, қалғандарына балалар билеті рәсімделеді.
Сондай-ақ 7 мен 15 жас аралығындағы балалар үшін билет құнына 50 пайыздық жеңілдік беріледі. Ал 15 жастан асқан жасөспірімдер ересектер тарифімен жол жүреді және заңды өкілінің нотариалды куәландырылған келісімі болған жағдайда өз бетінше сапарлай алады.
Компания мәліметінше, барлық бағыттарда балаларға арналған мультимедиялық контент қолжетімді. Сонымен қатар мейрамхана вагондарында жас жолаушыларға бейімделген арнайы мәзір ұсынылады.
Ұлттық тасымалдаушы балаларға қолайлы әрі қауіпсіз сапар жағдайларын жасау мақсатында қызмет көрсету сапасын жетілдіру жұмыстарын жалғастырып жатқанын атап өтті.