- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Ұлттық спорттың әлеуеті: Қазақстанда қандай өзгерістер болып жатыр?
Ұлттық спорттың әлеуеті: Қазақстанда қандай өзгерістер болып жатыр?
Ұлттық спорттың дамуы – өткенді сақтаудың ғана емес, оны қазіргі спорт жүйесіне бейімдеудің де мәселесі.
25 Қыркүйек 2026, 02:34
Қазақтың дәстүрлі спорт түрлері бүгінде ұлттық мәдениеттің бір бөлігі ғана емес, кәсіби және бұқаралық спорт жүйесінің де маңызды бағытына айналып келеді. Соңғы жылдары ұлттық спортпен айналысатындардың саны артып, балалар мен жасөспірімдерге арналған үйірмелер көбейіп, бұл бағыттың заңнамалық мәртебесі де күшейді. Ал халықаралық деңгейде қазақтың дәстүрлі спорт түрлерін танытуға Дүниежүзілік көшпенділер ойындары айрықша серпін берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
660 мыңнан астам адам ұлттық спортпен айналысады
Қазақстанда ұлттық спортқа қызығушылықтың артқанын ресми статистикадан да байқауға болады. Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, 2024 жылдың қорытындысында ұлттық спорт түрлерімен тұрақты түрде айналысатын азаматтар саны 660 мыңнан асты. Бұл елдегі дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатын халықтың 9,6 пайызын құрайды.
Соңғы жылдардағы көрсеткіштер де өсімнің бар екенін көрсетеді. Мәселен, 2018 жылы ұлттық спортпен тұрақты айналысатындар саны 375,9 мың адам болса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 399,4 мыңға жеткен. 2022 жылы 432,5 мың адам ұлттық спортпен шұғылданған. Ал 2023 жылы олардың саны бірден 619,2 мың адамға дейін өсті.
Яғни 2018–2024 жылдар аралығында ұлттық спортпен тұрақты айналысатындардың саны шамамен 1,8 есеге артқан.
Қазір елімізде ұлттық спорттың 11 түрі кеңінен дамып отыр. Олар – асық ату, аударыспақ, бәйге, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, жекпе-жек, көкпар, қазақ күресі, құсбегілік, теңге ілу және тоғызқұмалақ.
Ауылдағы спорттың негізгі тірегі
Ұлттық спорттың дамуында ауылдардың орны ерекше. Себебі көкпар, бәйге, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату сияқты ат спорты түрлері ауылдық жерлерде дәстүрлі түрде кең таралған.
Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстанда ұлттық спорт саласында 1781 жаттықтырушы еңбек етеді. Оның 1004-і ауылдық жерлерде жұмыс істейді. Демек, ұлттық спорттағы жаттықтырушылардың жартысынан астамы ауылдарға тиесілі.
Елімізде ұлттық спорт бағытында 15 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі мен 17 мамандандырылған спорт клубы жұмыс істейді. Бұған қоса республика бойынша жыл сайын ұлттық спорт түрлерінен 1000-нан астам жарыс өткізіледі.
Бұл көрсеткіштер ұлттық спорттың тек мерекелік шаралар немесе ұлттық мейрамдар кезінде ғана көрсетілетін ойын емес, тұрақты жаттығу мен жарыс жүйесі қалыптасқан спорт бағытына айналып келе жатқанын аңғартады.
Балалар арасындағы қызығушылық артып келеді
Ұлттық спорттың болашағы ең алдымен балалар мен жасөспірімдерді қаншалықты қамти алатынына байланысты. Осы бағытта ел бойынша мыңдаған спорт үйірмесі жұмыс істейді.
Ресми дерекке сәйкес, республикада 16 555 ұлттық спорт үйірмесі бар.
Жалпы 2026 жылғы мәлімет бойынша Қазақстандағы 4–17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдердің 34,6 пайызы спортпен тұрақты айналысады. Оның ішінде 228 мыңнан астам бала 7 мыңнан астам спорт секциясына тегін қатысады.
Балалар спортын қаржыландыруда да өзгерістер енгізіліп жатыр. 2026 жылдан бастап балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне көшіру көзделді. Бір спортшыға жылына шамамен 415 мың теңге бөлу жоспарланған. Бұған дейін бұл көрсеткіш 233 мың теңге болған.
Мұндай механизмнің ұлттық спорт секцияларына да ықпалы бар. Өйткені қаржыландырудың жан басына шаққандағы моделі балалардың нақты спорт түрлеріне қатысуына байланысты қаражат бөлуге мүмкіндік береді.
Заңдағы жаңа мәртебе
Ұлттық спортты дамытудағы маңызды өзгерістердің бірі заңнамалық деңгейде болды.
2025 жылғы маусымнан бастап қолданысқа енген «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңның жаңа редакциясында ұлттық спорт түрлері олимпиадалық және паралимпиадалық спортпен қатар басым бағыттардың бірі ретінде қарастырылады.
Бұл өзгерістің практикалық маңызы бар. Ұлттық спорт өкілдерін жоғары жетістіктер спорты санатына енгізуге және осы бағытта мақсатты қолдау тетіктерін қалыптастыруға мүмкіндік берілді.
Ұлттық спорттың халықаралық мәдени маңызы да мойындалған. Құсбегілік, тоғызқұмалақ, қазақ күресі және асық ату ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілген.
Яғни ұлттық спорт енді тек спорт саласының мәселесі емес, Қазақстанның мәдени мұрасын халықаралық деңгейде танытудың да бір құралы болып отыр.
Бішкектен басталып, Ыстықкөлде жалғасқан дода
Ұлттық спорттың халықаралық деңгейдегі маңызын биыл Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары тағы бір мәрте көрсетті. Биылғы додаға 109-дан астам елден 3 мыңнан астам спортшы қатысып, олар 42 дәстүрлі спорт түрі бойынша бақ сынады. Бұл – Көшпенділер ойындарының осыған дейінгі ең ауқымды басылымдарының бірі.
Қазақстан құрамасы жарысты 72 медальмен, оның ішінде 32 алтынмен аяқтады. Құрама спортшылары тоғызқұмалақ, дәстүрлі садақ ату, теңге ілу, арқан тарту және басқа да спорт түрлерінен жүлдеге ие болды. Мәселен, тоғызқұмалақтан қазақстандықтар 4 алтын және 2 күміс медаль жеңіп алды. Дәстүрлі садақ атудан ел қоржынына екі алтын, бір күміс және бір қола түсті.
Ат спорты бағытында да Қазақстан өкілдері жоғары нәтиже көрсетті. 300 шақырымдық жорық ат жарысында қазақстандықтар бірінші орын алды.
Ал көкпар мен көкбөрі секілді спорт түрлері Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы дәстүрлі спорттық бәсекенің ауқымын көрсетті. Көкбөрі финалында Қырғызстан құрамасы жеңіске жетіп, Қазақстан күміс жүлде иеленді.
Биылғы ойындардың тағы бір ерекшелігі – дәстүрлі спортқа қызығушылықтың географиялық тұрғыда кеңейе түсуі. Жарысқа Азия елдерімен қатар Еуропа, Африка және басқа өңірлерден де спортшылар қатысты. Бұл көшпенділер спортының халықаралық жарыс жүйесіндегі орнын кеңейтіп келе жатқанын көрсетеді.
Қаржыдан бөлек, инфрақұрылым мәселесі бар
Ұлттық спорттың тұрақты дамуы үшін спортшылардың санын көбейту жеткіліксіз. Жаттығу базасы, мамандар, төрешілер және материалдық-техникалық жағдай да маңызды.
2026 жылғы 1 шілдедегі мәлімет бойынша Қазақстанда 26,5 мың спорт нысаны жұмыс істейді. 2026 жылы 34 спорт нысаны пайдалануға берілген, оның 21-і ауылдық жерде орналасқан. Жыл соңына дейін тағы 87 нысанды аяқтау жоспарланған.
Алайда ұлттық спорттың ерекшелігіне байланысты барлық спорт түріне бірдей инфрақұрылым қажет емес. Мәселен, тоғызқұмалақ пен асық атуға арналған жабық залдар қажет болса, ат спорты түрлеріне ипподромдар, ат қоралары, жаттығу алаңдары мен жарыс өткізетін арнайы орындар керек.
Сондықтан ұлттық спортты дамытудағы негізгі міндеттердің бірі – өңірлердің ерекшелігіне қарай инфрақұрылым қалыптастыру.
Кәсіби кадрға сұраныс
Ұлттық спорттың кәсіби деңгейге көтерілуі жаттықтырушылардың біліктілігіне де байланысты. Осы тұрғыда 2026 жылы Астанада Ұлттық спорт университетінің құрылысын аяқтау маңызды қадамдардың бірі болды.
Жаңа оқу орны жаттықтырушылар даярлау, спорттық медицина, спорттық аналитика және спорт менеджменті бағыттарында мамандар қалыптастыруға бағытталған.
Бұл салада кадр даярлау жүйесінің қалыптасуы ұлттық спорттың тек дәстүрлі тәжірибеге сүйенбей, ғылыми-әдістемелік негізде дамуына мүмкіндік береді.
Алда қандай міндеттер тұр?
Қазақстанда ұлттық спортты дамыту үшін қажетті негізгі элементтердің бірқатары қалыптасып келеді: спортпен айналысатын адамдардың саны артып отыр, балаларға арналған үйірмелер жұмыс істейді, ауылдарда жаттықтырушылар бар, жарыстар тұрақты ұйымдастырылады, ал заңнамада ұлттық спорттың мәртебесі көтерілді.
Ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді тұрақты жүйеге айналдыру.
Ол үшін, ең алдымен, ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды жетілдіру, жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру, балалар секцияларының қолжетімділігін сақтау, спорттық резерв даярлау және халықаралық жарыстардың тұрақты жүйесін қалыптастыру маңызды.
Ұлттық спорттың дамуы – өткенді сақтаудың ғана емес, оны қазіргі спорт жүйесіне бейімдеудің де мәселесі. Бүгінде қазақтың дәстүрлі ойындары мен сайыстары мыңдаған баланы спортқа тартып, кәсіби спортшыларды тәрбиелеуге және Қазақстанның мәдени бренді ретінде елді халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік беріп отыр.
Сондықтан ұлттық спорттың келешегін оның тарихи тамыры мен заманауи спорт талаптарының қаншалықты үйлесетіні айқындайды.
Ең оқылған:
- «Бақыт ақшада емес»: Банкоматтан шыққан жазуы бар теңге талқыға түсті
- «45 минуттың 20 минуты есепке кетеді»: Сарапшы мұғалімнің уақытын не ұрлап жатқанын айтты
- Қарағандыда көршісіне жала жапқан зейнеткерге жарты миллион теңге айыппұл салынды
- Олимпиада чемпионын қапы қалдырды: Артём Саркисян Азия ойындарында тарихи медаль алды
- Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары қызметінен кетті
Әсел Мақсат