Ұлттық спортты насихаттау қарқынды жүріп жатыр – Салжанов

29 Тамыз 2023, 15:32
739
Бөлісу:
Ұлттық спортты насихаттау қарқынды жүріп жатыр – Салжанов
Фото: Ұлттық спорт қауымдастығы

Ұлттық спорт қауымдастығы президенті Исламбек Салжанов, Бас редакторлар клубы президенті Бибігүл Жексенбай және Ұлттық медиа қауымдастығы төрағасы Кемелбек Ойшыбаев медиа-менеджерлер және журналистермен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Онда Ұлттық спорт қауымдастығы V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары қарсаңында «ALAMAN» медиа байқауын жариялады.

Кездесу барысында Исламбек Салжанов бір жыл ішінде Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына енген 9 федерацияның 7-еуінің президенттері жаңадан сайланып, ұлттық спортты насихаттау мен дамытудағы жұмыстар қолға алынып, қарқынды жүріп жатқанын айтты.

Сайланған федерация президенттері тәуелсіздік жылдары белгілі бір жетістікке жеткен, өздерін ұлт жанашыры ретінде көрсеткен азаматтар. Олар білімін, тәжірибесін және маңдай терімен тапқан қаражатын ұлттық спортымыздың дамуына салып отыр, - деді ол.

Федерациялардың жаңа басшылары – түрлі саладағы бизнес өкілдері.

Исламбек Салжанов қауымдастықтың құрамындағы әр федерацияның жеткен жетістіктерін де атап өтті.

Соңғы бір жыл ішінде 9 федерация спортшылары 12 халықаралық жарыста 39 алтын, 27 күміс, 29 қола медаль жеңіп алды. «Аударыспақ» федерациясы халықаралық съез өткізіп, дүниежүзілік федерация құрды, - деді ол.

Салжанов жетістіктермен қатар қауымдастық жетекшісі ұлттық спортты дамытуға кедергі болып тұрған мәселелерге де тоқталды. Олардың ішінде елімізде ұлттық спорт түрлерінен мамандар даярлайтын арнайы бірде-бір орталықтың жоқтығы, инфрақұрылымының жағдайының мүшкіл халі, ат индустриясы қолға алынбай жатқаны сияқты проблемаларды атады.

Айта кетейік, бұған дейін «Көкпар» федерациясының құрметті президенті болып танымал кәсіпкер, қоғам қайраткері, Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров сайланған еді.

Өзгелердің жаңалығы