1 қыркүйекте «ALAMAN» медиа байқауы басталады

29 Тамыз 2023, 15:24
1002
Бөлісу:
1 қыркүйекте «ALAMAN» медиа байқауы басталады
Фото: Ұлттық спорт қауымдастығы

Бұл туралы Ұлттық спорт қауымдастығының бір жылдық жұмыс нәтижесі, ұлттық спорттағы өзекті мәселелер мен алдағы жоспарлар талқыланған кездесуде қауымдастық президенті Исламбек Салжанов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Салжанов тұңғыш рет өткізілетін байқау мақсаты ұлттық спорт түрлерінің насихатын күшейту үшін осы саладағы журналистер, БАҚ өкілдері және авторларды кәсіби тұрғыдан бағалап, ең үздіктерін анықтау екенін айтты.

Байқау 2023 жылғы 1 қыркүйектен 2024 жылдың 1 наурыз аралығында 6 ай бойы өткізіледі. Оған отандық журналистер, авторлар және шетелдік БАҚ өкілдері де қатыса алады.

Байқауда «Үздік бағдарлама» (телевизия, радио), «Үздік аналитикалық материал» (дәстүрлі баспасөз: газет, журнал), «Үздік танымдық материал» (интернет, БАҚ), «Үздік сұхбат» (YouTube арна), «Үздік фотосурет» (БАҚ, әлеуметтік желі), «Шетелдік БАҚ-та жарияланған үздік материал» (қазақтың ұлттық спорты туралы), «Әлеуметтік желідегі үздік материал» (блогинг, мобилография) сияқты номинациялар бар.

Байқаудың жеңімпаздары 2024 жылдың наурыз айында марапатталады.

Үш үздік авторға 1 000 000 теңге (1-орын), 700 000 теңге (2-орын), 500 000 теңге (3-орын) көлемінде ақшалай сыйлық беріледі.

Айта кетейік, байқау 2024 жылы Қазақстанда өткізілетін V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары қарсаңында өткізіледі.

Бұған дейін «Көкпар» федерациясының құрметті президенті болып танымал кәсіпкер, қоғам қайраткері, Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров сайланған еді.

Өзгелердің жаңалығы