Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы. LIVE

16 Маусым 2022, 14:27
14987
Бөлісу:
Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы. LIVE

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшілері – Аягөз Құрмаш, Жансая Қамбар, Назым Бөлесова.

Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы. LIVE

17:20 – Шаханов өзінің жылы лебізін білдіріп жатыр. Қазақ тіліне ерекше мән берген Тоқаевқа алғыс айтты. Жиынға қатысушыларды сыртқа естелік суретке түсуге шақырды. Осымен, Ұлытаудағы  алғашқы Құрылтай аяқталды.

Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы. LIVE
Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы. LIVE

17:19 – Ақын Мұхтар Шаханов өлең оқып жатыр.

Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы. LIVE

17:18 – Тоқаев Мұхтар Шахановқа «Еңбек ері» атағын берді. Құрылтайда оны табыстап жатыр.

17:17 – Тоқаев Құрылтайды Шәмші Қалдаяқовқа «Еңбек ері» бергенін айтты.

17:16 – Тоқаев: 

Алдымызда ауқымды жұмыс бар. Ең бастысы, елімізде бейбітшілік пен тұрақтылық болуы керек. Онсыз Қазақстанның өсіп-өркендеуі мүмкін емес. Бейбітшілік пен тұрақтылықтың өзегі ел бірлігі екенін есте сақтайық. Халқымыз «Береке басы – бірлік» деген. Қазір әлемдегі ахуал құбылмалы. Оны жақсы білесіздер. Осы күрделі кезеңде ауызбіршілігіміздің мықты болуы өте маңызды. Біз қиындықтың бәрін ынтымақтың арқасында еңсеріп келеміз. Болашақта да осы жолдан таймауымыз керек. Мен халқымыздың жасампаздық рухына кәміл сенемін. Қазақ елінің мәртебесі биіктей берсін.

17:15 - Президент:

Қазақ даласында ел тағдыры шешілген тарихи орындар аз емес. Ұлытаудан бөлек, Ордабасы, Мәртөбе, Күлтөбе сияқты қастерлі жерлеріміз бар. Мен келесі басқосуды киелі Түркістанда өткізуді ұсынамын. Құрылтайдың әр аймақта өтуі сол өңірдің дамуына серпін береді. Оның мүшелері әр жолы бір өңірдің тыныс-тіршілігімен танысады.

17:14 – Тоқаев жыл сайын Құрылтай өтіп  тұратынын айтты. Ұлытаудан бөлек киелі жерлер бар екенін айтты. Келесі Құрылтайды Түркістанда өткізуді ұсынды.

17:13 –Қасым-Жомарт Тоқаев:

Мен Тіл білімі институтына қазақ тілінің жаңа орфографиясы туралы арнайы еңбек әзірлеуді тапсырдым. Содан кейін ғана латын әліпбиіне ауысу жөнінде айтуға болады. Асығыстыққа жол бермеуіміз керек. Тіпті, көшедегі билбордтар мен министрліктердің атауына қарасақ та жеткілікті. Тіліміз бұрмаланып кетті. Ашығын айту керек, бұл қазақ тілінің табиғатына жат, тіпті, тілімізді мазақ қылу сияқты көрінеді. Мұндай үстірт жасалған тіл реформасының қажеті жоқ. Бізге нақты реформа керек.

17:12 – Мемлекет басшысы: 

Тілге байланысты тағы бір маңызды мәселе. Бұл – латын әліпбиіне көшу туралы. Кейбір қоғам өкілдері біз әлі күнге дейін кириллицадан арыла алмай жатырмыз деп, алаңдаушылық білдіруде. Бірақ, ең алдымен, бұл лингвистикалық тұрғыдан өте күрделі мәселе. Осыны жақсы түсінген жөн. Бұған дейін біз 2 рет латын графикасына көшуге тырыстық. Алайда, соңы сәтті болған жоқ. Сондықтан, бұл мәселеге жан-жақты, терең талдау жасап барып, түбегейлі шешім қабылдаған абзал. Кириллицадан латын әліпбиіне жасанды түрде, тек сәйкес әріптерді өзгерту арқылы көшуге болмайды. Әйтпесе, бұл үлкен қателікке апарып соғады.

Ол атағандай, ең бастысы, азаматтар, әсіресе, жастарымыз қазақ тіліндегі барлық сөздердің латын графикасындағы жазылу тәртібін анық білуі керек. 

Яғни, тілімізге арналған орфографиялық қағидаларды қайта қараған жөн.

17:11 – Тоқаев латын әліпбиіне көшу туралы мәселені көтеріп жатыр.

17:10 - Мемлекет басшысы:

Біздің елде ұлтына, тіліне бола ешбір азаматтың құқы шектелмеуге тиіс. Әйтпесе, қоғамда жанжал тууы мүмкін. Ел ішіне іріткі түскенін қалайтындар осыны тілеп отыр. Сондықтан, тіл мәселесі бойынша бәріміз ұстамдылық танытуымыз керек деп ойлаймын. Бұл сырт көзге ұлтымыздың өз болашағына деген сенімсіздігі, тіпті, әлсіздігі сияқты көрінеді. Баршамыз тілге құрметімізді құр сөзбен емес, нақты іспен көрсетуіміз керек.

17:09 – Тоқаев:

Мемлекеттік рәміздерімізге, ана тілімізге деген құрмет әрқашан жоғары болуға тиіс. Қазақ тіліне қатысты алаңдаушылық елдегі жағдайды дұрыс түсінбегеннен туындап отыр. Шын мәнінде, бұрынғы ахуал мен қазіргі кезеңді мүлде салыстыруға келмейді. Мемлекеттік тілдің тұғыры күн өткен сайын нығайып келеді. Оған қоса, әлемнің басты ақпарат құралдары қазақша шығып жатыр. Жақында әйгілі «APPLE» компаниясы қазақ тілін iOS-тың тілдер жүйесіне қосты. Әлемнің 40 тілінде тарайтын «NICKEL ODEОN» телеарнасы қазақша көрсетіле бастады. Жастардың бастамасымен «NATIONAL GEOGRAPHIC» журналы 6 жылдан бері ана тілімізде жарық көруде. Осындай көптеген жағымды жаңалықтар бар. Сондықтан, қатты алаңдауға негіз жоқ деп ойлаймын. Десек те, осы саладағы жұмысымызды даңғаза жасамай, табандылықпен жүргізуіміз қажет.

Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы. LIVE

Тоқаев атағандай, қазақ мемлекеті аман тұрғанда, қазақ тілі жасай береді. Бұған ешқандай күмән болмауы керек.

17:08 - Тоқаев: 

Бізді ұлт ретінде ұйыстыратын құндылықтарды көздің қарашығындай сақтау аса маңызды. Мемлекеттік рәміздерімізге, ана тілімізге деген құрмет әрқашан жоғары болуы тиіс.

17:08 – Мемлекет басшысы қазақ тілінің мәртебесі туралы айтып жатыр.

17:07 – Президент: 

Біз барлық салада бәріне бірдей мүмкіндік беретін нағыз әділ қоғам құруымыз керек. Оның бір жолы – тәуелсіз сот жүйесі.Бабаларымыз «Тура биде туған жоқ деген» деген сөзді тегін айтқан жоқ. Біз қара қылды қақ жарған билер жолын жалғастыруға тиіспіз. Қазіргі таңда елімізде үш жүзге жуық судья жетіспейді. Сол орындарға әділ, адал және білікті жастарды тартуымыз қажет. Мен мықты кәсіби заңгерлерді Әділетті Қазақстанды бірге құруға шақырамын.

17:06 – Тоқаев әділ қоғам құру туралы айтып жатыр. Оның бірі сот жүйесі екенін айтты

17:05 – Тоқаев азаматтарымыз саяси қолдауға ие болған кейбір адамдардың шектен тыс байып кететініне наразы екенін атады. 

Оған қоса, олар байлықтарының қомақты бөлігін шетел асырып әкеткен. Халықтың ашуын түсінуге болады.Сондықтан, менің Жарлығыммен Арнаулы мекемеаралық комиссия құрылды. Комиссияның міндеті – шетелге заңсыз шығарылған қаржыны елге қайтару. Бұл – өте күрделі жұмыс, ұзаққа созылуы мүмкін. Себебі, көптеген заңдық процедурадан өту керек. Бірақ, біз қалай болса да, бұл мәселемен мұқият айналысуымыз қажет. Әйтпесе, әділетті қоғам туралы сөз қозғаудың өзі қиын болады.

17:04 – Тоқаев жемқорлыққа қарсы күрес туралы да атап өтті. 

Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді күрес жүргізіп жатырмыз. Бұл – еліміз үшін өте өзекті, қажетті мәселе. Қазақстан жемқорлықпен күрестің негізгі көрсеткіштері бойынша айтарлықтай алға басты. Халықаралық рейтинг агенттіктері осылай деп бағалап отыр. Бірақ, тоқмейілсіп отыруға болмайды. Өкінішке қарай, жемқорлық – жұрттың санасына сіңіп, әбден әдетке айналып кеткен. Бұл – ащы болса да, шындық.

17:03 – Президент шенеунік сөзіне қатысты пікірін білдірді. 

Жалпы, мемлекеттік қызметшілерді қолынан түк келмейді деп кемсітуді доғару керек. Тіпті, оларды «Халық жаулары» сияқты көретіндер де бар. «Шенеунік» деген сөз жағымсыз ұғымға айналып барады. Бұл – дұрыс емес.Мемлекеттік қызметте адал әрі білікті кадрлар өте көп. Олар Отанымыздың игілігі жолында тынбай еңбек етіп жүр. Бірақ, өкінішке қарай, «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген де бар. Ондай адамдармен біз бірден қоштасып жатырмыз. Болашақта да солай болады.

17:02 - Президент: 

Әлеуметтік желіде «ескі кадрмен Жаңа Қазақстанды қалай құруға болады?» дейтіндер бар. Бұл – орынды сұрақ. Бірақ, негізінен кадрларды біртіндеп ауыстыру керек.

17:01 – Тоқаев «Жаңа Қазақстанды ескі кадрлармен қалай құруға болады?»  деген әлеуметтік желілердегі  сұраққа жауап беріп жатыр.

16:59 – Президент: 

Қазақ – қолы ашық, қайырымды, қонақжай халық. Бұған ешкімнің таласы жоқ деп ойлаймын. Бірақ, әлемде осындай қасиеттерге ие халықтар аз емес. Жастарымыз, ең алдымен, зияткерлік қабілеті жоғары, ойы ұшқыр, еңбекқор болуы қажет. Қазір – ақыл-ой және дарын иелерінің заманы. Қазақстан да осы көштен шет қалмауға тиіс. Озық білім мен қажырлы еңбекті ұштастыра білсек қана еліміз өсіп-өркендейді. Көздеген мақсатына жетеді. Халқымыз қанағатшыл, үнемшіл, өнертапқыш болуға ұмтылуы керек. Осындай жақсы қасиеттер әркімнің мұратына айналуға тиіс.

16:58 – Тоқаев: 

Еңбек - қасиетті ұғым.

16:57 – Тоқаев әлем елдерінің тәжірибесі туралы айтып жатыр. Оны бала тәрбиесіне енгізу керегін айтты. 

Әлемде еңбекті бәсекелестік деңгейіне көтерген мемлекеттер бар. Соның арқасында олар сапалы өнімдерімен жер жүзін мойындатып отыр. Бұл халықтар өз ұрпағын жас кезінен тынбай жұмыс істеуге баулиды. Солардың тәжірибесін өзімізге бейімдеп, бала тәрбиесіне енгізу жайын қарастырған жөн. Халқымыз «Еңбек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы» деп бекер айтпаған. Жаңа Қазақстанда еңбекқор адам ең сыйлы адам болуға тиіс. Біз өскелең ұрпақты адал еңбекке баулып, жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуіміз қажет. Маңдай термен тапқан әр тиын – нағыз ардың ісі, Абай айтқан «толық адамның» еңбегі екенін жастардың санасына тоқуымыз қажет.

16:56 – Тоқаев табысқа жетудің басты кілті еңбек екенін айтты.

16:55 - Мемлекет басшысы:

 Әділетті Қазақстанды құру кадрлардың орнын ауыстыра беру деген сөз емес. Өз ісін жетік білетін кәсіби мамандар, отаншыл азаматтар қашанда бағаланады. Мемлекеттік қызметшілерге қандай да бір кланныңмүшесі ретінде қарауға болмайды. Әрине, олардың құрамын жаңартып отырған дұрыс, бірақ мұны терең ойланып, байыппен жасау қажет.

16:55 – Тоқаев: 

1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек.

16:54 – Тоқаев Республика күніне ұлттық мерекені қайтаруды ұсынды. 

Жыл сайын қазанның 25-сін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек.

16:53 – Қасым-Жомарт Тоқаев: 

Мен былтыр еліміздің академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазу туралы тапсырма бердім. Қазір Қазақстан тарихының көп томдығы әзірленіп жатыр. Белгілі ғалымдарымыз жұмылып, осы маңызды іске атсалысуда. Мен өзім де бұл жұмысқа үлесімді қосамын. Оны келесі жылдың ортасында түбегейлі аяқтау керек. Дегенмен, мәселе уақытта емес, сапада. Тарихымыз жүйелі, шынайы, ең бастысы, тәуелсіз елдің көзқарасымен жазылуы керек. Ғылым және жоғары білім министрлігіне мұны айрықша қадағалауды тапсырамын. Қажет болса, шетел ғалымдарын да тартуға болады.

Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы. LIVE

16:52 – Тоқаев өткенге әділ баға беру туралы айтып жатыр.

16:51 – Мемлекет басшысы қайырымдылық істерді үйлестіретін түсінікті әрі тиімді электронды сервисті іске қосуға болатынын айтты.

Мұның бәрі цифрлық демократияны дамытатын технологиялық платформаның негізін қалайды. Дамыған мемлекеттер осыған ұмтылып жатыр. Біз ғаламдық өркениеттің көшінен қалып қоймауымыз қажет. Ұлттық құрылтайдың электронды нұсқасын жасаған жөн. Сонда әрбір азаматымыз ортақ іске атсалысады.

16:50 – Тоқаев:

Біз Жаңа цифрлық технологияның мүмкіндігін кеңінен пайдалануымыз қажет. Сонда мемлекет пен халықтың қарым-қатынасы барынша тиімді болмақ. Мен Qurultay деген арнайы мобильді қосымша әзірлеуді ұсынамын. Сол арқылы халық елді жаңғырту туралы ой-пікірін онлайн режимде айта алады. Жұрт реформаның нақты пайдасын көруі қажет. Сондай-ақ, оған тікелей қатысуға мүмкіндігі болуы керек. Азаматтар өзекті мәселелер бойынша интерактивті сауалнамаға қатысады. Кез-келген түйткілді шешу жолын ұсынып, елімізді жаңғыртуға өз үлесін қоса алады.

16:50 – Президент: 

Құрылтай жалпыұлттық жиынға айналу керек. Ұлттық құрылтайдың электронды нұсқасын жасаған жөн.

16:49 – Мемлекет басшысы:

Құрылтайға қанша адам кірсе де, қоғамды толық қамти алмайды деген пікір айтылып жүр. Бірақ, Құрылтай мүшелерін көбейте берсек, одан пайда болмайды. Бұдан жұмыстың берекесі қашып, ұйымдастыру ісі қиындап кетуі мүмкін. Құрылтай – белгілі бір адамдар ғана бас қосатын жер емес. Ол, шын мәнінде, жалпыұлттық жиынға айналуы керек. Бұл – өте маңызды міндет.

16:48 – Тоқаев үшінші мәселе ретінде барлығын қоғамдық жұмыспен қамту екенін айтты.

16:47 – Президент: 

Қазір – интернет дәуірі. Жастар өзіне қажет мәліметті ғаламтордан алады. Дәстүрлі ақпарат құралдарымен қатар, әлеуметтік желіге баса мән беру қажет. Жаңғырудың маңызын ұрпақ санасына сіңіру үшін жаңа тәсілдерді қолдану керек. Жалпы, түсіндіру жұмысы кезінде жастарға айрықша назар аударған жөн. Өйткені, бүгінгі реформалардың игілігін ертең солар көреді.

16:46 – Мемлекет басшысы ең бастысы, біздің бағдарымызды халықтың басым көпшілігі қолдап отырғанын айтты.

Азаматтарымыз елімізде түбегейлі өзгеріс болатынына сенеді. Дегенмен, референдум табысты өтті екен деп, босаңсуға болмайды. Нағыз жұмыс енді басталды. Реформаны жүзеге асыру барысын елге ұдайы түсіндіріп отыруымыз керек. Қазірдің өзінде жаңғыру үдерісі біртіндеп жалпыұлттық сипатқа ие бола бастады. Шын мәнінде, жаңғырудың әсерін әрбір азаматымыз сезінуі қажет. Елдегі өзгеріске әркім өз ісіндей қараса, шын мәнінде, жаңару жолына түсеміз. Мұны еліміздің әрбір азаматы терең түсінгені жөн.

16:45 – Тоқаев екінші мәселені атады. Ол - реформалардың мән-мағынасын халыққа түсіндіру.

16:44 – Тоқаев ұлтымыз бірлік пен тәуелсіздік жолында ұйысуы керегін айтты. 

16:42 – Президент: 

Заң мен тәртіп – ішкі тұрақтылықтың бірден-бір кепілі. Онсыз қоғамның дамуы мүмкін емес. Сондықтан, бұл қағида біздің ең басты бағдарымыз болуға тиіс. Жалпы, отбасын асырау үшін табанды еңбек етіп жүрген, заңға бағынатын адамдар құрметке ие болуы керек. Өкінішке қарай, бізде көше бұзақылары, жауапкершіліктен жұрдай блогерлер және масылдық пиғылмен айқай шығаратын адамдар бүгінгі күннің батырына айналды. Депутаттар мен атқарушы билік өкілдері соларға ғана баса мән беретін болды. Түрлі деңгейдегі шенеуніктер солардың ғана талабын орындауға жүгіреді. Орталықтағы және аймақтардағы билік барлық азаматтың мұң-мұқтажына бірдей қарауға тиіс. «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» көмегіне сеніп отырған, заңға бағынатын қарапайым жұрт назардан тыс қалмауы керек.

16:41 – Тоқаев:

Заңды белден басатындар да жоқ емес.

16:40 – Мемлекет басшысы: 

Біз «Түрлі көзқарас, біртұтас ұлт» қағидатын берік ұстануымыз қажет. Бір-біріміздің ой-пікірімізді тыңдап, құрметтей білсек, алға қадам басамыз.Біз демократиялық реформа жасаймыз деп, мемлекетті әлсіретуге еш жол бермеуіміз керек.

15:38 – Тоқаев жалпыұлттық бірлікті нығайту туралы айтып жатыр.

Біз демократия дәстүрі жетілген, мықты азаматтық қоғам құрамыз. Бұл – стратегиялық бағытымыз. Осы бағдарды берік ұстануымыз керек. Соңғы үш жылда бұл салада біраз нәтижеге жеттік. Билік пен халық арасында мазмұнды диалог орнаттық. Бұған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі зор септігін тигізгенін атап өткім келеді. Сол арқылы бірқатар озық идея ұсынылды. Митингілер туралы демократиялық заң шықты. Партиялық сайлау тізіміне әйелдер мен жастар үшін отыз пайыздық квота енгізілді. Қоғамдық кеңестердің жұмысы жандана түсті. Саяси жаңғыру бағдарламасы арқылы оң бастамалар лайықты жалғасын табары сөзсіз.

15:37 – Президент: 

Сайлау туралы, саяси партиялар туралы және басқа да бірқатар заңды өзгертеміз. Бұл елді табысты жаңғырту тұрғысынан өте маңызды. Заңдарды қабылдау үшін бірнеше ай, тіпті, жарты жыл уақыт қажет болуы мүмкін. Бірақ, реформаны созып, арқаны кеңге салуға болмайды. Жұрт нақты өзгерістердің қазір болғанын қалайды. Сондықтан, депутаттарымыз негізгі заң жобаларын осы кезден жинақтай беруі керек. Сосын күзгі сессия басталғанда бірден іске кіріскен жөн. Басты заңдар жыл соңына дейін қабылдануға тиіс. Сонда ғана жан-жақты жаңғыруды жоғары қарқынмен жалғастыра аламыз.

15:36 – Тоқаев реформаны созып, арқаны кеңге салуға болмайтынын айтты. 

Депутттар негізгі заң жобаларын қазір жинақтап беруі керек. Басты заңды жыл соңына дейін қабылдау керек. Жалпы Конституциялық реформа саяси жүйенің тепе-теңдігін  сақтайды. Конституциялық өзгерістер, осылайша, кезең-кезеңімен қолданыла бермек. Жаңарған Конституция толыққанды қолданысқа енуі үшін әлі көп жұмыс істеуіміз керек. Біз 20-дан астам жаңа заң жобасын әзірлеп, қабылдауымыз қажет.

16:35 – Тоқаев үш жаңа облыс құрылғанын айтып жатыр. 

Мен референдумға дейін партия қатарынан шықтым. 5 маусымнан кейін бұл шешім конституциялық нормаға айналды. Мемлекет басшысы барлық саяси күштерден дербес тұруы керек. Президенттің әрбір іс-әрекеті тек мемлекет мүддесіне арналуға тиіс.

16:34 – Тоқаев:

Осы орайда, мен тағы бір маңызды бастама көтергім келеді. Бұл жерде барлық рулардың таңбасы тасқа жазылған. Сол арқылы бабаларымыз ұлт бірлігін көрсеткен. Қаныш Сәтбаев «Еліміздің ту тіккен жері – Таңбалы тас» деген. Өкінішке қарай, қастерлі жазулар кейін әбден бүлінді. Ел азаматтары Ұлытауға ескерткіш қойып, тастағы таңбаларды жаңғыртты. Бірақ, бұл жеткіліксіз деп ойлаймын.Мұнда қазақтың бірлігін әйгілейтін сәулетті нысан тұруы керек. Мен Әулиетаудың етегінде Мемлекеттік рәміздер алаңын ашуды тапсырамын. Қасиетті өңірде көк байрағымыз асқақтап тұруға тиіс. Сол арқылы ұрпақтар сабақтастығы жалғасып жатқанын көрсетеміз. Тамыры терең мемлекеттігіміздің жаңа дәуірі басталғанын білдіреміз.

16:33 – Мемлекет басшысы: 

Құрылтай жұмысынан сырт қалған адамдардың ұсынысына да көңіл бөлеміз. Жалпы жұмысты жүйелі, ұйымдасқан түрде жүргізгіміз келеді. Ұлытауда құрылтайды өткізгеніміз дұрыс болды. 

16:33 – Президент:

Ой-пікірлердің ешқайсысы елеусіз қалмайды.

Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы. LIVE

16:32 – Сөз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа берілді.

16:31 – Ерлан Қарин маңызды мәселелер айтылғанын айтты. Құрылтай маңынан хатшылық құрылғанын да атап өтті.

Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы. LIVE

16:30 – І. Жансүгіров атындағы университеттің деканы сөйлеп жатыр.

16:27 – Данияр Әшімбаев:

Қоғамдық кеңес неге өзекті? Өйткені мәслихат дұрыс жұмыс істемейді, олардың қалай сайланатынын халық білмейді.

Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы. LIVE

16:26 – Ерлан Қарин сөзді тағы екі азаматқа беретінін айтты. Қоғам қайреткері Данияр Әшімбаев сөз сөйлеп жатыр.

16:25 – Сырымбек Тау бір облысымызды білім облысы қылсақ, екінші облысты денсаулық облысы қылсақ, үшіншісі осы Ұлытау облысындағы бір ауданды экономикалық еркін аймаққа айналдырсақ деген ұсыныс айтты.

Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы. LIVE

16:24 – Кәсіпкер Сырымбек Тау сөз сөйлеп жатыр.

Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы. LIVE

16:21 - Құрылтайда сөйлегісі келген азаматтар сөйлеп жатыр.

Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы. LIVE

16:20 – Біз жер-жаһанды жеңіл өнеркәсіппен жаулай аламыз. Отандық жеңіл өнеркәсіпті жүйелі жолға қоюымыз керек, – деді журналист.

16:18 – Қазақ ұлтын дәстүрлі Исламның аясына жинауды сұраймын

16:17 – Ерлан Қарин сөйлегісі келетін азаматтар сөйлей алатынын айтты.

16:15 – Толықбай:

Ең болмаса үш мәселені шешсек, оның өзі жеңіс.

16:14 – Мақсат Толықбай:

Елдің дәл қазіргі жағдайы есеп-қисапқа сай келмей жатыр дегенді ел Президенті өзіңіз айтқан едіңіз. Кейде мені қынжылтатыны кертартпа, бірбеткейлік белең алып бара жатыр. Құрылтайдың 100-ден астам мүшесі бар. Олардың әрбіреуі мәселе көтеріп, проблема айтады. Оның барлығын қарауға шама жетпейді. Сондықтан 3 мәселені күн тәртібіне шығарып отыру керек деп ойлаймын. Қоғам өзгерісті күтіп отыр. Бәріміз өзгерісті қалаймыз, бірақ өзімізден бастау қиын.

Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы. LIVE

16:13 – Ерлан Қарин соңғы сөзді қатысушы журналист Мақсат Толықбайға берді.

16:09 – Сәрсен Құранбек арнаулы білімі жоқ адамның бапкер болуы үлкен зиян келтіруі мүмкін екенін және спортшыларды қалай тәрбиелеу керегін айтты. Сондай-ақ бұқаралық спортты дамытуға қатысты ұсыныстарды жазбаша беретінін мәлімдеді.

16:07 – Сәрсен Құранбек Мектеп спорты мен студенттік спортқа басымдық беру керегін, Ұлттық спортты дамытудың маңызы туралы айтып жатыр.

Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы. LIVE

16:05 – Қазақстан жекпе-жек өнері қауымдастығының вице-президенті Сәрсен Құранбекке сөз берілді.

16:03 – Дәндіғараева: 

Қаңтар оқиғасы кезінде басқыншылар музейге шабуыл жасады. Менде тек бір ой ғана болды: тарихи құндылықтарымызды сақтау. Әр сәтте біз қиын шақты тұрдық. Себебі бір сөз артық айтылса, жағдай басқаша болатын еді. 5 сағат қиналсақ та, біз өзіміздің ұлттық мұрамызды аман сақтап қалдық. Бұны көпшілік ерлікке балап жатыр, мен өзімнің қызметімді орындадым деп ойлаймын. Жаңа Қазақстанда музейлерге ерекше көңіл бөлуіміз керек. Музей саласы кенде қалып жатыр ма деп есептеймін. Менің ұсынысым – музейді жаңа деңгейге көтеру. Халық жиналатын мәдени орталық қана емес, әртүрлі сала мамандары пікір алмасатын алаңға айналуы керек деп ойлаймын.

Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы. LIVE

16:02 – Сөз кезегі Алматыдағы Орталық мемлекеттік музей директорының орынбасары Бибігүл Дәндіғараеваға келді.

16:00 – Айдос Сарым:

Құрылтай Парламент емес. Құрылтай жұмысын айқындайтын хатшылық құрылып, жұмысы жүйеге келтірілсе деген тілек бар. Құрылтай идеологиялық құрылым болғандықтан ұлттық мүдде туралы журнал шығаруды ұсынамын.

15:59 – Айдос Сарым Ұлттық сенім кеңесінің жұмысының нәтижесіне тоқталып, Ұлттық құрылтайдың жұмысына сәттілік тіледі.

15:57 – Депутат құрылтайдың тарихи мекен Ұлытауда өткізілуінің мәнін айтты.

Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы. LIVE

15:56 – Келесі сөзді Мәжіліс депутаты Айдос Сарым алды.

15:55 - Светқали Нұржанұлы:

Торғай елінің азаматтары маған аманат жүктеді. Ахмет Байтұрсынұлы бәріміздің алтын шырағымыз ғой. Сол жаққа апаратын жол салуды аманаттаған еді.

15:54 – Ақын әлемді білекпен емес, жүрекпен жаулайтынымызды айтты.

15:53 - Светқали Нұржанұлы:

Біздің басымызға түскен қиындық ата-бабамыздың басына түскен қиындықтан аз емес екенін көрсетті. Қаңтар оқиғасы туралы айтпай кетуге болмайды. «Ауруын жасырған, арам өледі» деген. Біз оны жасырмауымыз керек.

15:50 – Светқали Нұржанұлы Жошыхан бабамыздың мазары Ұлытауда екенін, Тәукенің «Жеті жарғысы» осында жазылғанын, Кенесары үшін де бұл жер киелі болғанын айтып жатыр.

Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы. LIVE

15:49 – Ақын сөзін Ұлытауға арналған өлең шумақтарынан бастады.

Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы. LIVE

15:48 – Сөз белгілі ақын, «Отан» орденінің иегері Светқали Нұржанұлына берілді.

15:47– Худяков Ұлттық құрылтай қоғамдық кеңестердің бастамаларын біріктіре алатынын айтты. Қоғамдық кеңес пен билік арасындағы көпір бола алады, деді ол.

Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы. LIVE

15:44 - СҚО қоғамдық кеңесінің мүшесі, Сергей Худяков сөз алды.

15:43 – Бәйменов:

Саясаттағы пікір алуандығы – демократияның шарты.

15:42 – Бәйменов жемқорлыққа қарсы күрес туралы екі ұсыныс ұсынды. Ол блокчейн мен интернет платформаларды енгізуді ұсынды.

15:41 – Әлихан Бәйменов: 

Референдум арқылы жер мен жер қойнауының иесі халық екені бекітілді. Енді жер қойнауын пайдалануды заң жүзінде ресмилендіру керек. Экономикада мемлекет үлесінің азаюы білім мен ізденіске алып келеді. Әзірге бұл қисық үшбұрыш болып тұр. Адал еңбек, абыройды көтеру үшін Еңбек күнінің тұжырымдамасын жасау керек деп есептеймін.

15:40 – Бәйменов тарихқа дұрыс баға беру, Алаш қозғалысына саяси баға беру маңызды екенін айтты.

15:39 – Бәйменов ұлтараздықты, соғысты дәріптейтін телеарналардың жұмысына Қазақстан шекарасында тыйым салуды ұсынды.

15:38 – Бәйменов:

Мемлекеттік тілге мәтін, аудио, видео аударғандарға субсидия беретін ұлттық қор құруды ұсынамын. Құрылтайдан басқа да жүйелер қажет. Сол себепті бұл мақсатта «Хабар» және «Qazaqstan» телеарналарын қоғамдық телекорпорацияларға айналдыру керек деп ойлаймын.

15:37 – Бәйменов компьютерлік ойындарға және комикстерге ұлттық бәйге жариялауды ұсынды.

Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы. LIVE

15:36 – Бәйменов адами капитал туралы айтып жатыр.

15:35 – Сөз Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы  Әлихан Бәйменовке берілді.

15:33 – Дементьева құрылтайдың үш жүздің өзегі болған киелі мекен Ұлытауда өтуінің символдық мәні зор екенін айтты.

Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы. LIVE

15:32 – Келесі сөзді Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева алды.

15:32 – «Қазаққа сөз өнері ғана емес, іс өнері керек». Яғни қазақ тіліндегі еңбектер керек екенін, қазақтың қолынан техника жасау келетінін көрсету керегін айтты Жұмаділдаев.

15:31 – Жұмаділдаев:

Менің ойымша, әлемдік деңгейдегі қазақ тіліндегі журналдың 13 оқырманы болуы ұят.

Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы. LIVE
Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы. LIVE

15:30 – Жұмаділдаев iphone қазақ қаріптерін енгізугені туралы айтып жатыр. Ол қазақ тілінің болашағы бар екенін көрсететінін  жеткізді.

Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы. LIVE

15:29 - Асқар Жұмаділдаев: 

Мәңгілік деген сөзді көп айтып кеттік, қасиетті ұғымды қайталай беруге болмайды.

Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы. LIVE

15:29 - Қазақстандық ғалым және қоғам қайраткері, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ҰҒА-ның академигі Асқар Жұмаділдаев сөз алды.

15:28 – Қошанов Президенттің қасына топтасып, жаңа Қазақстанды бірге құруға шақырды.

15:27 - Жақын арада жаңа қоғамдық палата жұмысын бастайтынын айтты Қошанов

15:27 – Қошанов:

Біз Президент көрсеткен реформалардың соңына еріп, жаңа жағдайда жұмыс істеуге көшуіміз керек. Қазіргі заманғы әдістерді үлгі тұту – жаңа Қазақстанның алғышарты. Ұлттық Құрылтай ұлтты ұйыстыратын Ұлы қала Ұлытауда өтіп жатыр. Ондағы мәселе барлық деңгейдегі органда талқыланып, құрылтайдың күн тәртібіне енгізілгені дұрыс деп есептейміз. Құрылтайдағы маңызды мәселелер халыққа ашық айтылып, талқыланып отыруы керек.

15:26 – Қошанов:

Алматыда бір топ азаматтың жолдың жауып тастағыны неге алып келгенін көрдік. Азаматтар заңға бағынуы керек.

15:25 - Қошанов қазіргі заңнама бойынша бейбіт шеру немесе митингке әркімнің хақысы бар екенін айтты.

15:25 –  Қошанов:

Әділетті Қазақстанның басты шарты – қоғамда заңның әділдігін орнату.

15:24 – Ерлан Қошанов жаңа Қазақстан қандай болуы керегін айтып жатыр.

15:23 – Қошанов қаңтар оқиғасынан кейін елдікке күмән келтіргендер пайда болғанын айтты. 

Ел тағдыры қыл үстіндетұрған жағдайда Президент қандай тағдыршешті шешім қабылдағанын көрдік. Әділетті Қазақстанның басты көрінісі – әділетті сайлау. Референдум асқан белсенілікпен, әкімшілік күшеусіз өтті. Оның қорытындылары бұрындары сынап келген халықаралық ұйымдар оң баға беріп, қабылдады.

15:22 - Әділетті Қазақстанның басты көрінісі әділ сайлау екенін айтты Қошанов.

15:20 – Ерлан Қошанов референдумдағы реформалардың жалғасуын халық қалап отырғанын айтты.

15:19 – Ерлан Қошанов қазақ елі өз тарихының жаңа белесіне қадам басқанын айтты.

Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы. LIVE

15:18 – Алғашқы сөзді Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов алды.

15:17 – Қарин құрылтайда маңызды мәселелер талқыланатынын айтты. Ол өңірлердің белсенді азаматтары отырысқа қатысып жатқанын айтты. Ол жиынның күн тәртібін таныстырып жатыр. Әр баяндамашыға 7 минут уақыт беріледі.

Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы. LIVE

15:16 – Тоқаев сөзді Мемекеттік кеңесші Ерлан Қаринге берді.

15:15 – Кез келген адамды Құрылтайға қатыстыруға болмайды. Ұлттың мұң-мұқтажын айтатын, идеясы бір азаматтарды шақыру керек.

15:14 – Тоқаев: 

Біз көпті көрген ел ағаларының ақыл-кеңесіне жүгінеміз. Орта буынның тәжірибесін ескеріп, жастардың тың идеяларын қолдаймыз. Құрылтайға депутаттар, ҮЕҰ мүшелері, өңірлік ұйым мүшелерін де қостық. Бізде түрлі пікірталас алаңдары бар. Бірақ Құрылтайдың орны бөлек.

15:13 - Президент құрылтай құрамында 117 мүше бар екенін және оның құрамына кімдер кіргенін айтып жатыр

15:12 – Тоқаев жаңадан ашылған облыста жаңа жұмыс орындары ашылып, әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсаратынына сенім білдірді.

15:10 – Президент: 

Біз ұрпақтар сабақтастығы жалғасын тапсын деп осы өңірге келіп отырмыз.

15:08 – Тоқаев Ұлттық құрылтайды неге Ұлытауда өткізіп жатқанын айтып жатыр. Ол Ұлытауға келгенде ата-бабаның рухына құран бағыштағанын айтты.

Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы. LIVE

15:07 - Тоқаев:

 Біз бабалар жолын ұстанып Құрылтай құру дәстүрін жаңғырттық.

15:06 – Тоқаев: 

Төл тарихымызда халықтың тағдырын шешкен Құрылтайлар болған. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші Құрылтайда да маңызды мәселе талқыланды. Егемен ел ретінде қазақтардың  Құрылтайы өтті.

Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы. LIVE
Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы. LIVE

15:04 – Тоқаев:

Біз бүкіл ел болып жаңа Қазақстанды құрамыз. Бұл – оңай шаруа емес.

15:03 – Тоқаев референдум кезінде кейбір азаматтар елдің атауын өзгертуі туралы айтқанын айтты.  Ол СТАН сөзін алып тастауды ұсынғанын айтты. Тоқаев мұны қисынсыз екенін  айтты.

Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы. LIVE

15:01 – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөйлеп жатыр. Ол референдумнан кейінгі алғашқы кездесу екенін атап өтті.

Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы. LIVE

15:00 – Ұлттық құрылтайдың жұмысы басталды.

14:45 – Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайға дейін облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысты. Жаңадан сайланған Ұлытау облысының  әкімі Берік Әбдіғалиұлы мен Қарағанды  облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Президентті күтіп алған еді.  Әбдіғалиұлы өңірлерді дамытудың жоспары туралы баяндаған болатын.

Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы. LIVE

14:27 – «Қазмедиа» орталығына журналистер Ұлытауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдан ақпарат тарату үшін жиналды. Құрылтай тікелей эфирден көрсетіледі. Құрылтай Жошы хан тарихи-мәдени кешенінде өтіп жатыр.

Кеше Президент Жарлығымен Президент жанындағы Ұлттық құрылтай құрылып, оның құрамы бекітілген болатын.

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан құрылған Ұлытау облысының орталығында өтетін Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысына қатысады. 

Өзгелердің жаңалығы