Ұлттық құрылтай жұмыс секцияларының отырыстары өтті

Бүгiн, 16:00
152
Бөлісу:
Ұлттық құрылтай жұмыс секцияларының отырыстары өтті
Фото: Ақорда

Астанада Ұлттық құрылтайдың «Азаматтық қоғам», «Мәдениет. Өнер. Руханият», «Білім және ғылым» атты жұмыс секцияларының отырыстары өтті.

Секцияларға Президенттің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Руслан Желдібай, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек модератор болды. Сондай-ақ секциялардың жұмысына Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысты.

Жиында Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ұлттық құрылтайдың биылғы қызметінің негізгі бағыттары Президенттің қаңтар айында «Ana tili» газетіне берген сұхбатында және Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде айқындалғанын айтты.

Мемлекеттік кеңесші жүргізіліп жатқан реформалардың маңыздылығын атап өтті.

Бүгінде Мемлекет басшысының бастамасымен және басшылығымен мемлекеттігімізді дамытуды және ұлттық экономиканың негіздерін нығайтуды көздейтін аса маңызды реформалар жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. Біз қазірдің өзінде бұл реформалардың нақты нәтижесін көріп отырмыз. Елімізде инженерлік желілер мен коммуналдық шаруашылық нысандары барынша жаңартылып жатыр. Энергетика саласында ірі жобалар іске асырылуда. Барлық аймақта мыңдаған шақырым көлік және темір жолдарын жөндеу және салу жұмыстары қолға алынды. Бірқатар қалада әуежайдың ескі терминалы жаңартылып, жаңа терминал іске қосылды. Негізінен мемлекет қолдауының арқасында ауыл шаруашылығы қызметкерлері рекордтық көлемде астық жинады. Тұрғын үй құрылысы, оның ішінде әлеуметтік тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып келеді. Мемлекет тарапынан ғылым мен білімді қолдау үшін бұрын-соңды болмаған шаралар қолға алынды. Қоғамда педагогтердің, дәрігерлердің, ғалымдардың мәртебесі, жұмысшы мамандықтардың абырой-беделі артып келеді. Жастарды тұрақты түрде қолдауға, бұқаралық спортты және креативті индустрияны дамытуға айрықша назар аударылып отыр. Мұның бәрі – басталған өзгерістер мен қол жеткізген жетістіктердің аз ғана бөлігі. Президент ұсынған бастамалардың көбісін жүзеге асыруға Ұлттық құрылтай мүшелері зор үлес қосып келеді. Бұл – мемлекет пен қоғамның өзара тиімді ықпалдастығының бір көрінісі, –деді Ерлан Қарин.

Жұмыс секцияларының отырыстарында Ұлттық құрылтай мүшелерінің бастамалары мен ұсыныстарының орындалу барысы қаралды. Сонымен қатар азаматтық қоғамды дамыту және берекелі бірлікті нығайту, адам құқықтарын қорғау, мәдени-рухани даму, әлеуметтік мәселелерді шешу саласына қатысты ойларын ортаға салды.

Жиын соңында модераторлар талқылау кезінде көтерілген бастамаларды Құрылтай хатшылығы төртінші отырысқа дайындық барысында пысықтап, жүйелейтінін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы