Ұлттық құрылтай құруды ұсынамын – Тоқаев

16 Наурыз 2022, 12:34
2661
Бөлісу:
Ұлттық құрылтай құруды ұсынамын – Тоқаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында хабарлады. 

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқарды. Енді оның орнына құрамы жағынан ауқымды ұлттық құрылтай құруды ұсынамын. Жаңа құрылым ұлттық кеңестің қызметін жалпыхалықтық деңгейде жалғастырады. Құрылтай қоғамдық диалогтың біртұтас институционалдық моделін қалыптастыруы тиіс. Сөйтіп, билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналатын болады. Қазіргі қоғамдық кеңестердің бәрін өз айналасына топтастырады, - деп атап өтті Президент. 

Сонымен қатар ол құрылтайдың құрамына кімдер кіретініне тоқталды. 

Ұлттық құрылтайдың құрамында еліміздегі барлық аймақтың өкілдері болады. Сондай-ақ оған Парламенттің бірқатар депутаты, Қазақстан халқы ассамблеясы мен Азаматтық альянстың, қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың мүшелері, беделді қоғам қайраткерлері, өндіріс және ауыл шаруашылығы жұмысшылары, бизнес өкілдері және тағы басқа азаматтар кіреді. Осылайша, сан түрлі қоғамдық пікір иелерін түгел қамтитын өкілдік құрылым қалыптасады. Ұлттық құрылтай мүшелері маңызды мәселелерді талқылау үшін тұрақты түрде бас қосып отырады, - деді Мемлекет басшысы. 

Өзгелердің жаңалығы