Президент Түркістанда өтіп жатқан құрылтайдың маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мен былтыр наурыздағы Жолдауымда осы құрылтайды шақыру туралы бастама көтердім. Бұл қадам қоғамдық диалогты нығайта түсу үшін жасалды. Сондай-ақ, мұнда ұлттың болашағына ықпал ететін елдік мәселелер талқыланады. Біз құрылтайдың алғашқы отырысын осыдан дәл бір жыл бұрын Ұлт ұясы – Ұлытауда өткіздік. Көптеген маңызды істер мемлекеттігіміздің негізі қаланған қастерлі өлкеден бастау алды. Осы игі үрдіс биыл да жалғасын табуда. Бүгінгі басқосу бүкіл түркі халықтары үшін киелі шаһарда өтіп жатыр, -деді Президент.
Түркістанда өткізуінің де себебін айтты.
Халқымыз әдетте Түркістанды қазақтың рухани астанасы дейді. Дегенмен, қаланың мән-маңызы бұдан әлдеқайда жоғары. Киелі шаһар еліміздің тарихында айрықша рөл атқарған.Көне заманнан бері Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі қала болған. Бауырлас халықтардың бәріне ілім-білім таратқан руханият ошағы саналған. Сондай-ақ, қазақтың тарихында өшпес із қалдырған көптеген тұлғаларымыз осы жерден мәңгілік мекенін тапқан. Шежірелі шаһардың қабырғасына қазақтың жылнамасы түгел жазылған деуге болады. Шын мәнінде, киелі Түркістан – ұлы дала өркениетінің мызғымас темірқазығы,-деді Мемлекет басшысы.