Кездесу Дүниежүзілік авиация және ғарыш күніне орай өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында патриотизм, еңбекқорлық және кәсібилік ұлттық құндылықтар екенін атап өтті. Бұл құндылықтар біздің болашақ қолбасшыларымыздың ұстанымы болуы қажет. Сондықтан бүгін Дүниежүзілік авиация және ғарыш күніне орай Халық Қаһарманы, ғарышкер, авиация генералы Айдын Айымбетовтың магистранттармен кездесуі ұйымдастырылып отыр, - деді Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы Асқар Мұстабеков.
Іс-шараға сондай-ақ ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Сіздерді адамның алғаш ғарышқа ұшқан күнімен құттықтаймын. Бұл – адамзаттың жаңа белесті бағындырып, аспан әлемін зерттей бастаған күні. Бүгін өз әріптестерімнің арасында болғаныма қуаныштымын. Біздің әскери қызметшілер салауатты өмір салтын ұстайтын, салмақты адамдар. Оларға ар мен ождан ұғымдары таңсық емес, - деді Айымбетов өз сөзінде.
Ол магистранттардың сұрағына жауап беріп, ғарышкер болу үшін қандай қабілеттер қажет екенін айтты. Кездесуге қатысушыларға ғарышкердің өмір жолы туралы бейнеролик көрсетілді.
Айта кетейік, ғарышқа ұшу кезінде Айдын Айымбетов бірқатар физикалық-ғарыштық эксперимент жүргізді, атап айтқанда "Дауыл", "Релаксация", радиацияның адамға ғарыштағы әсерін зерттеу бойынша эксперимент, сондай-ақ Арал және Каспий теңіздерінің экологиясының жай-күйіне ғарыштық мониторинг жүргізді.