Ұлттық қордың қаражатын тек қоғамға барынша пайдалы дүниеге ғана жарату керек – Президент

28 Қазан 2026, 11:25
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы 28 Қазан 2026, 11:25
28 Қазан 2026, 11:25
142
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Ұлттық қордың қаражатына қатысты ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысы атағандай, Ұлттық қордың ең басты мақсаты, миссиясы – ел байлығын ұқыпты ұстау және одан әрі арттыру, сондай-ақ, оны қазіргі және келешек ұрпақтың игілігіне жарату. Ұлттық қор көп жылдар бойы осы негізгі міндетті лайықты орындап келеді, яғни қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге зор үлес қосуда.

Жас ұрпақтың игілігін ойласақ, бұл бағытта қазірден бастап нақты әрі батыл қадамдар жасауымыз керек. Өзекті мәселелерді кейінге қалдыруға болмайды. Әр мәселе өз шешімін табуға тиіс. Басты талап – осы. Кейінгі буынға өркениетті, озық, жаңарған мемлекетті аманат етуіміз керек. Бұл – біздің міндетіміз және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз, - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы бұл – адам капиталын дамытуға, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға, яғни ел болашағына салынатын ұзақ мерзімге арналған инвестиция екенін айтты.

Болашақ ұрпақ алдындағы тарихи жауапкершілігіміз тек олардың есепшоттарында қаржы жинағын қалдырумен шектелмейтініне терең сенімдімін. Ең бастысы – кейінгі ұрпаққа технологиялық тұрғыдан дамыған, бәсекеге қабілетті экономикасы қалыптасқан, заманауи инфрақұрылымы мен өмір сүру деңгейі жоғары, әрбір азаматтың өзін-өзі жүзеге асыруына мүмкіндік беретін сапалық тұрғыдан жаңа ел құрып, аманат ету. Бұл – біздің басты міндетіміз, тіпті тарихи ауқымдағы миссиямыз десек те болады, – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев Ұлттық қордың ресурсын жинақтау және оны пайдалану арасында теңгерім сақталуға тиіс екенін және қаражатты тек қоғамға барынша пайдалы дүниеге ғана жарату керек екенін айтты.

Ең бастысы, жұмсалған ақшаның экономикалық және әлеуметтік қайтарымы болуы қажет. Өйткені бөлінетін мемлекет қаражатының негізгі мақсаты – халықтың әл-ауқатын көтеру. Тиісті жобаларды жүзеге асыруға материалдық-техникалық жағдайы жақсы және мол тәжірибесі бар жергілікті жердегі шағын және орта бизнес өкілдерін тартқан жөн. Бүкіл құрылыстың барысы қатаң бақылауға алынады, - деп атап өтті Президент отырыста.

Тоқаев атағандай, алдымен аймақтарда 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны салынады. Перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық көмек көрсету станциялары, балаларға арналған оңалту орталықтары мен ерекше балалардың сұранысына сай спортзалдар бой көтереді.

Сондай-ақ 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемелерінің құрылысы басталады. Президент осындай аса қажетті, сапалы нысандардың құрылысын жедел түрде бастап, көп ұзамай іске қосу керегін тапсырды.

Наверх