Мәжіліс жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2024-2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңды мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 2024-2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заң жобасын таныстырды.
Оның сөзінше, заң жобасының ережелері Ұлттық қордың жинақ функциясын қамтамасыз ету жөніндегі Бюджет кодексінің талаптарын ескере отырып айқындалған.
Бұл ретте Үкімет кепілдендірілген трансферттің мөлшерін екінші жыл бюджеттік қағидаларды қолдана отырып анықтауда. Бұл қағидалар Ұлттық қор қаражатының сақталуын қамтамасыз етуге және оның валюталық активтерін 2030 жылға қарай 100 млрд АҚШ долларына дейін жеткізуге ықпал етеді. Заң жобасында мұнайдың кесімді бағасы 2024 жылы барреліне 43,4 АҚШ доллары, 2025-2026 жылдары барреліне 40,2-41,8 АҚШ доллары деңгейінде белгіленген, - деп түсіндірді министр.
Әлібек Қуантыров атап өткендей, осыны ескере отырып, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2023 жылы 2,2 трлн теңгеден 2024-2026 жылдары жыл сайын 2 трлн теңгеге дейін төмендеумен айқындалды.
Жоспарлы кезеңде Ұлттық қордың валюталық активтері 2024 жылы 68 млрд АҚШ долларына дейін қалпына келтіріліп, одан әрі 2025-2026 жылдары 80,7-93,3 млрд АҚШ долларына дейін өседі деп болжанып отыр. Жалпы Ұлттық қорды орта және ұзақ мерзімді перспективада қалыптастыру және пайдалану саясаты Ұлттық қордың қаражатын болашақ ұрпақ үшін сақтауға бағытталған, - деді ведомство басшысы.