EU Reporter басылымы Қазақстанның Ұлттық қор қаражатын басқару және оны елдің ұзақ мерзімді дамуына пайдалану тәсіліне арналған мақала жариялады. Мақалада Қазақстан табиғи ресурстардан қомақты табыс жинаған көптеген елге ортақ маңызды міндетпен бетпе-бет келгені айтылады. Яғни ұлттық байлықтың қандай бөлігін қаржы активтері түрінде сақтап, қанша бөлігін ел ішінде жұмыс істейтін капиталға айналдыру қажет деген мәселе тұр. Автордың пікірінше, бұл таңдау Қазақстанның алдағы ұзақ мерзімді даму бағытына ықпал етеді.
Басылым мәліметінше, Қазақстан алдағы жылдары Ұлттық қор қаражатының бір бөлігін республикалық маңызы бар ірі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағыттауды жоспарлап отыр.
2027 жылы бұл мақсатқа 4 млрд доллардан астам, ал 2028 және 2029 жылдары жыл сайын шамамен 3 млрд доллардан бөлу көзделген. Қаражат әлеуметтік, коммуналдық, энергетикалық және көлік инфрақұрылымын салуға және жаңғыртуға жұмсалмақ.
Мақала авторы бұл шешімнің экономикалық мәніне де тоқталады. Ұзақ мерзімді нысандарға салынған қаражат ұлттық байлықтың жойылғанын білдірмейді, керісінше оның формасын өзгертеді. Күнделікті шығындарға жұмсалған ақша бюджет кезеңімен бірге таусылса, мектеп, аурухана, жол немесе энергетикалық нысан ондаған жыл бойы экономикаға қызмет етеді.
EU Reporter келтірген сарапшылар пікірінше, осылайша қаржы капиталының бір бөлігі ел ішіндегі физикалық және адами капиталға айналады. Яғни жинақтар жоғалмай, ұзақ жылдар бойы экономикалық және әлеуметтік қайтарым беретін активтерге трансформацияланады.
Басылым мұндай тәсіл ұлттық байлықтың құрылымын сапалық тұрғыдан өзгертіп, оны елдің ұзақ мерзімді дамуына қызмет ететін капиталға айналдыруға мүмкіндік беретінін атап өтеді.