«Ұлттық қор – балаларға»: Баланың шотындағы ақшаны қалай тексеруге болады?

14 Ақпан 2023, 17:22
2276
Бөлісу:
«Ұлттық қор – балаларға»: Баланың шотындағы ақшаны қалай тексеруге болады?
Фото: aikyn.kz

Бұл туралы Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айтуынша, тиісті ведомство қазақстандықтарға балалардың Ұлттық қордан түсетін табысын бақылап отыратын мүмкіндікті ойластыруда. 

Ұлттық қордан балаларға төленетін бұл сома қазақстандықтардың барлығына бірдей мөлшерде болады. Елдің әр азаматы баласының шотында қанша сома барын көріп отыратын болады. Оны қай жерден бақылай алады деген мәселеге келер болсақ. БЖЗҚ-ның ресми сайты аталған бағдарламаның операторы деп танылды. Сонымен қатар Әділет министрлігімен бірлесіп ата-аналар eGov mobile қосымшасы арқылы қаржыны көріп отыратындай етіп жасаймыз, - деді Қаржы вице-министрі Сенаттың кулуарында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Сондай-ақ ведомство өкілі қаражатты тағы қандай қосымшалардан көру мүмкіндігі ұсынылатынына тоқталды. 

БЖЗҚ-ның арнайы қосымшасы бар. Бұл мәселені барлық қолжетімді қосымшаларда әлі де пысықтаймыз деп ойлаймын, - деді Дәурен Темірбеков. 

Белгілі болғандай, Ұлттық қордан балаларға бөлінетін қаражаттың заңды әрі тиімді қолданылуына бақылау мен мониторингті арнайы комиссия жүзеге асырады. Комиссияның жұмыс органы ретінде Жоғары аудиторлық палата белгіленеді. 

Өзгелердің жаңалығы