Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазір елордадағы Тәуелсіздік сарайында мемлекет басшысының қатысуымен ҚР Президенті жанындағы ұлттық қоғамдық кеңестің отырысы өтіп жатыр.
Кеңес мүшелері осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы жоспар мен ұсыныстарын білдіріп жатыр.
ҚР президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин осы уақытқа дейін Ақорда мен Үкімет үйінде, яғни жоғары деңгейде 18 рет жұмыс жиналысы өтіп, кеңес мүшелерінің ұсыныстарын жүзеге асырудың нақты шаралары тиісті мемлекеттік органдардың басшыларының деңгейінде талқыланғанын атап өтті.
Біріншіден, Президент әкімшілігінің басшысы, Президент әкімшілігі басшысының орынбасары, премьер-министрінің деңгейінде жұмыс басталды. Берілген мерзім шегінде жалпы жоғары деңгейде Ақорда мен Үкімет үйінде 18 жұмыс жиналысы мен түрлі талқылау ұйымдастырылды. Екіншіден, Ұлттық кеңес мүшелерінің ұсыныстарын іске асырудың нақты механизмдері мүдделі мемлекеттік органдардың бірінші басшылары деңгейінде де талқыланды. Атап айтқанда, Мәдениет және спорт, Ішкі істер, Ақпарат және қоғамдық даму, Ауыл шаруашылығы министрлігі және Бас прокуратурада, - деді Қарин.
Сонымен қатар, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Ұлттық кеңес мүшелерімен 16 рет кездесу өткізіп, атқарылып жатқан істің барысын бақылап отырғанын атап өтті.
Үшіншіден, мемлекет басшысы Ұлттық кеңес мүшелерімен жеке кездесулер де өткізді. Бүгінгі күнге дейін осындай кездесулердің 16-сы өтті. Бұл кездесулер әрі қарай да жоспарланған. Президентпен кездесу кезінде Ұлттық кеңес мүшелері тарапынан көтерілген мәселелер мен ұсыныстар атқарушы органдар деңгейінде қаралып, олармен кері байланыс қамтамасыз етілді. Жоспарда кірген әр тармақ Президент әкімшілігі мен мемлекеттік органдардың өкілдерімен заңдық, экономикалық және халықаралық стандарттарға сәйкестігі тұрғысынан сарапталып, тиісті тұжырымдар дайындалды. Айтылған бағыттар бойынша одан әрі жалғасады және Ұлттық кеңестің қызметін үйлестіру жұмыстары хатшылық тарапынан қамтамасыз етіледі, - деді Ерлан Қарин.Бұған дейін, елордада Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысы өтетіні хабарланған болатын.