Ұлттық мереке – Республика күні құтты болсын!

25 Қазан 2023, 08:35
1224
Бөлісу:
Ұлттық мереке – Республика күні құтты болсын!
Фото: akorda.kz

Биыл бұл күн – Республика күні елімізде ұлттық мереке ретінде екінші рет аталып өтеді. Былтыр 29 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойған еді. Аталған заңға сәйкес 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні, ал 16 желтоқсан мемлекеттік мереке – Тәуелсіздік күні болып белгіленді.

Күні кеше Президент Қазақстан халқын Республика күнімен арнайы құттықтады.

Еліміздің ең басты мейрамы – Республика күні құтты болсын! Бұл – қазақтың мемлекеттілік дәстүрі қайта жаңғырған тарихи күн. Көк түріктер дәуірінен, Алтын Орда, Қазақ хандығы заманынан келе жатқан елдігіміз тамырын тапқан күн. Бұл – Алаш арыстарының азаттық жолындағы арпалысы ақталған күн. Халқымызда «Егемен болмай, ел болмас» деген сөз бар. Осыдан 33 жыл бұрын тарихи әділдік орнады. Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Осы маңызды құжат жұртымыздың азаттық алуына жол ашты, - деді Мемлекет басшысы.  

Республика күні 2001 жылдан бастап ұлттық мерекелер тізімінде болған. Бірақ 2009 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен алынып тасталған болатын. Ал 2022 жылы маусым айында Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды.

«Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның 25-і күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек», – деді Мемлекет басшысы.

1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданып, еліміз тәуелсіздік алуға алғашқы қадамын жасады. Осы ретте Мемлекет басшысы да Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек екенін айтқан болатын.

«Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», – деген еді Президент.

 

Мемлекеттік егемендік туралы Декларация

Мемлекеттік егемендік туралы Декларация 1990 жылы 25 қазанда Жоғарғы Кеңестің қаулысымен қабылданды. Онда ҚазКСР егемендігі жарияланып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері бекітілді. Сондай-ақ алғаш рет ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді. Құжатта саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді өз бетінше шешу принципі де жарияланды. ҚазКСР-і өзінің ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығын алды. Ал Президент мемлекет басшысы, әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы болып танылды.

Осы декларацияның арқасында біз кеңестік заңдарды қолданудан бас тартып, өз Ата заңымызды құруға қадам бастық. Сондықтан осы қағидаттардың негізінде кейінірек – 1991 жылғы 16 желтоқсанда – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды.

Республика күнін тойлау неліктен алынып тасталды?

Сарапшылардың пікірінше, Егемендік туралы декларацияда Қазақстанның емес, ҚазКСР-інің егемендігі жарияланды. Декларацияға сәйкес адамдарда КСРО азаматтығын сақтап қалу құқығы болды. Сонымен қатар ол Қазақстанның халықаралық қатынастардағы дербестігіне кепілдік бере алмады. Яғни, мемлекет КСРО-дан шығуға құқылы болғанымен, іс жүзінде оның құрамында болды.

«Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» заң қабылданғаннан кейін ғана Қазақстан әлемдік қоғамдастық мойындаған тәуелсіз мемлекеттің заңды рәсімделген мәртебеге ие болды.

Ұлттық мерекенің мемлекеттік мерекеден айырмашылығы қандай?

Республика күні мемлекеттік емес, ұлттық мереке санатына енді. Ұлттық мереке кезінде мемлекеттік органдарда міндетті түрде ресми іс-шаралар өткізіледі. Себебі олар ерекше тарихи маңызы бар және мемлекеттіліктің дамуына елеулі әсер еткен оқиғалар қатарына жатады. Ал Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке мәртебесіне ие болды. Бұл дегеніміз – қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларға арналған күндер.

Қазақстандықтар Республика күніне орай қанша күн демалады?

25 қазан – Қазақстанда Республика күні. Мерекеге орай халық бір күн демалады. Биыл бұл мереке сәрсенбіге сәйкес келеді. Сондықтан бес күн және алты күн жұмыс істейтіндер де бір-ақ күн демалады. Демалыс басқа күндерге ауыстырылмайды.

Өзгелердің жаңалығы