Ұлттық компания басшылары депутаттар алдында есеп береді: Үнзила Шапақ тетіктерін түсіндірді

 ©BAQ.KZ/Олжас Адай 10 Қыркүйек 2026, 11:49
10 Қыркүйек 2026, 11:49
62
Фото: ©BAQ.KZ/Олжас Адай

Құрылтай депутаты Үнзила Шапақ министрлердің, квазимемлекеттік сектор мен ұлттық компаниялар басшыларының Құрылтай алдында есеп беруіне мүмкіндік беретін бірнеше тетік бар екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат Құрылтай отырысынан кейін өткен брифингте мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың қызметін парламенттік бақылау аясында қараудың жолдарына тоқталды.

Оның айтуынша, бірінші тетік бюджет қаражатының атқарылуын талқылауға байланысты.

Жекелеген министрлердің, квазимемлекеттік сектор мен ұлттық компаниялар басшыларының есебіне қатысты тетіктер бар. Біріншіден, үш жылдық бюджет қабылданғанымен, оның атқарылуы жыл сайын қаралады. Сол кезде нақты мәселелер бойынша жекелеген министрлер келеді. Егер мәселе квазимемлекеттік секторға немесе ұлттық компанияларға қатысты болса, олардың басшылары да қатысады, – деді Үнзила Шапақ.

Екінші тетік Жоғары аудиторлық палатаның есептеріне байланысты. Депутаттың сөзінше, палата төрағасы Құрылтайда жылына екі рет баяндама жасайды. Оның бірі – жылдық бюджеттің атқарылуына, екіншісі белгілі бір тақырып бойынша жүргізілген аудит қорытындысына қатысты.

Мәселен, квазимемлекеттік сектор жұмысының нәтижелілігі, ұлттық компаниялар қаражатының жұмсалуы немесе мемлекет қабылдаған шаралардың тиімділігі секілді тақырыптар бойынша аудиторлық есеп қаралуы мүмкін. Мұндай жағдайда квазимемлекеттік сектор мен ұлттық компаниялардың басшылары келеді. Оның ішінде «Самұрық-Қазына» компаниясын да айтуға болады, – деді депутат.

Үнзила Шапақ үшінші тетік ретінде Құрылтайдың Үкімет мүшелерінің қызметі туралы есепті тыңдау құқығын атады.

Оның айтуынша, Конституциялық заңға сәйкес депутаттар жекелеген Үкімет мүшесінің есебін тыңдап қана қоймай, оның қорытындысы бойынша конституциялық жауапкершілік мәселесін де көтере алады.

Осы шеңберде квазимемлекеттік сектор мен ұлттық компаниялардың басшылары да келіп, жауап береді. Депутаттар тарапынан қосымша сұрақтар қойылады. Мұндай рәсімдердің барлығы Құрылтай регламентінде көзделген, – деді Үнзила Шапақ.

Бүгін отырыста Құрылтай жаңа регламентін қабылдаған болатын. Құрылтай Регламентінің ұсынылып отырған жобасы – еліміздегі жоғары өкілді органның ішкі ұйымдастырылуын және қызмет тәртібін айқындайтын құжат.

Сондай-ақ, Құрылтай депутаттарына этика бұзған жағдайда қандай жаза қолданылатыны хабарланды.

Наверх