24 қарашада Жезқазғандағы ROYAL HALL залында «Ұлттық киім – ұлт бейнесі» республикалық фестиваль-көрмесі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлытау облысының дін істері басқармасының бастамасымен және «Жаңа шабыт» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен іс-шарада ұлттық киім мәдениеті, заманауи этнодизайн және қолөнер таныстырылды.
Фестивальдің танымдық бөлімінде журналист әрі продюсер Дана Нұржігіт «Ұлттық құндылық және әйелдің жеке шекарасы: сұлулық, қадір-қасиет, қауіпсіздік» тақырыбында сөз сөйледі.
Дизайнер Нұргүл Кенжебаева ұлттық киімнің ұлт болмысын танытудағы орнына тоқталып, дәстүрлі үлгілердің заманауи этнодизайнда қалай жалғасып келе жатқаны туралы ой бөлісті.
Этнограф Тұрар Сәттарқызы «Сән мен салт: Қазақ қызының киіміндегі ғасырлар үні» тақырыбында қазақ қыздарының киім үлгілері мен салт-дәстүрдің байланысын әңгімеледі.
Танымдық бөлімнен кейін отандық дизайнерлердің сән көрсетілімі өтті. Подиумда Гулнара Дусенбаеваның GK сән үйі, Нұргүл Кенжебаеваның OTANDYQ SAN UII сән үйі және Дана Марленқызының KAZAKH ETHNO STYLE бренді ұлттық нақыштағы киім үлгілерін таныстырды. Гүлнұр Жарылханова «Жаңарған рух», ал Балнұр Сламбекқызы «Биқасап» топтамасын ұсынды.
Көрсетілімде ақтөбелік этнодизайнер Айгүл Төлеубаеваның «60+» жобасы да таныстырылды. Жобаға қатысқан ханымдар подиумға шығып, кимешек пен ұлттық киімнің заманауи үлгілерін көрсетті.
Фестиваль аясында қолөнершілердің көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Көрмеге ұлттық киімдер, зергерлік әшекейлер, жібек орамалдар, киізден жасалған және кестеленген бұйымдар қойылды. Келушілер шеберлермен тікелей әңгімелесіп, бұйымдардың жасалу жолы мен ұлттық киімге үйлестіру тәсілдері туралы сұрай алды.
Бағдарлама аясында кесте тігу мен орамал тағу бойынша шеберлік сабақтары өтті. Арайлым Есембекова LEBIZ жібек орамалдарын таныстырып, бас киім мен орамалды заманауи үлгіде тағу тәсілдерін көрсетті.