Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Арман Бердалин соңғы анықталған қылмыстық істер туралы хабарлады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Қарағанды облысы бойынша департаментімен Бұхар-Жырау ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының 300 мың теңге сомасындағы пара алу фактісі анықталды.
«Кәсіпкерлік субъектісінен орындалған жұмыстар актісіне кедергісіз қол қою және аудандық маңызы бар автожолдарды ұстауға бөлінген ақша қаражатын уақытылы аудару үшін ақша қаражаттарын алған. Кінәсін толық мойындауына байланысты процестік ұстау қолданылмады. Тергеу жалғасуда», - деді департамент директоры.
Ол Кентау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының парақорлық фактісінің жолы кесілгенін айтты.
«Кентау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Ол көшпелі сауда павильонының құрылысына алаң таңдау актісін келісу және оған қол қою үшін ЖШС өкілінен 200 мың теңге сомасындағы пара алуда күдікті деп танылды. Кінәсін толық мойындауына байланысты күдіктіге қатысты процестік ұстау қолданылған жоқ», - деді Бердалин.
Ол Алматы обылсы Қарасай ауданының Әйтей ауылдық округі әкімі орынбасарының парақорлық фактісі анықталғанын мәлімдеді.
«Әкім орынбасары жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту үшін азаматтан 350 мың теңге сомасындағы пара алуда күдікті деп танылып жатыр. Толық кінәсін мойындауына және жеделдетілген сотқа дейінгі тергеу туралы өтініш беруіне байланысты процестік ұстау қолданылған жоқ», - деді Агенттік өкілі.
Бердалин Ұлттық бюро мен ҚР ІІМ өзіндік қауіпсіздік қызметімен бірлесіп ішкі істер жүйесіндегі адал емес қызметкерлерді анықтап жатқанын айтты.
«Қарағанды облысы Бұхар-Жырау ауданы полиция басқармасының Ғ. Мұстафин атындағы кентінің полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майорының парақорлық фактісі анықтады. Ол жаяу жүргіншіні қағып өту фактісі бойынша қылмыстық істі тоқтату үшін азаматтан 300 мың теңге сомасындағы пара алуда күдікті деп танылып отыр. Кінәсін толық мойындауына байланысты процестік ұстау қолданылған жоқ», - дейді ол.
Сондай-ақ, Жамбыл облысында тіркеу-емтихан бөлімінде парақорлық фактісінің жолы кесілген.
«Іс жүзінде теориялық және практикалық емтихандарды қабылдамай «В» және «Е» санаттарындағы жүргізуші куәліктерін алуға жәрдемдесу үшін екі азаматтан жалпы сомасы 102 мың теңге пара алған облыстың Шу аудандық полиция бөлімінің тіркеу-емтихан тобының мемлекеттік автоинспекторына (полиция майоры), сондай-ақ үш сыбайласына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Кінәсін толық мойындауына байланысты күдікті тұлғаларға қатысты процестік ұстау қолданылған жоқ», - деп айтты Агенттіктің қоғаммен байланыс департаменті директоры.
2019 жылдың басынан бері мемлекеттік автоинспекторлармен іс жүзінде теориялық және практикалық емтихандарды қабылдамай, заңсыз емтихан парақтарын толтыру және жүргізуші куәліктерін беру бойынша 37 факті анықталған. Ақтөбе облысында – 27 факті, Маңғыстауда – 8, Солтүстік Қазақстанда – 1 факті тіркелген.
Бердалин «Охотзоопром «ӨБ» республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсіпорнының Батыс өңірлік филалының басшысы парақорлықта күдікті деп танылып отқанын айтты.
«Ол республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсіпорнынның автокөлігін жөндеу бойынша орындалған жұмыстар актісіне қол қою үшін жеке кәсіпкерден 250 мың теңге сомасындағы пара алуда күдікті деп танылуда. Кінәсін толық мойындауына байланысты күдікті тұлғаға қатысты процестік ұстау қолданылмады», - деп мәлімдеді ол.