Ұлттық банк валюта нарығындағы жағдайды түсіндірді

15 Маусым 2023, 11:33
611
Бөлісу:
Ұлттық банк валюта нарығындағы жағдайды түсіндірді
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив

Бұл туралы Ұлттық банктің төрағасы Ғалымжан Пірматов Сенаттың жалпы отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, былтыр Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75%-ға дейін көтерген.

Базалық мөлшерлемемен қатар теңгедегі активтердің кірістілігі де өсті. Қабылданған шаралар қаржы жүйесінің тұрақсыздануына жол бермеуге және теңгедегі активтерге деген сенімді сақтауға мүмкіндік берді. Өткен жылдың наурыз айында айырбас бағамы 1 доллар үшін 512 теңгеден жоғары рекордтық мәнге дейін әлсірегеніне қарамастан, жыл соңына қарай 462,7 теңгеге дейін 9,7%-ға нығайды. Осылайша, валюта нарығы қалпына келді, - деп атап өтті Ұлттық банк басшысы.

Сонымен қатар ол 2022 жылы Үкіметпен бірлесіп "Теңгедегі салымдарды қорғау" бағдарламасының іске асырылғанына тоқталды.

Бағдарлама жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері бойынша өтемақы төлеуді көздейді. Бөлінген өтемақының жалпы сомасы 306,6 млрд теңгені құрады. Нәтижесінде теңгедегі салымдар 2022 жылдың қорытындысы бойынша 21,2 трлн теңгеге дейін 22%-ға өсті. Ал долларландыру көлемі 31,6%-ға дейін төмендеді. Биыл теңгедегі салымдар 21,4 трлн теңгеге дейін өсті. Депозиттердің долларлануы 30%-дық межеден төмендеп, 29,3%-ды құрады. Ол соңғы 15 жылдағы минимумға жетті, - деді Ғалымжан Пірматов.

Өзгелердің жаңалығы