Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов 2022 жылдың күрделі болғанын айтты, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
2022 жыл өте күрделі болды. Оның негізгі себептері Ресей мен Украина арасындағы соғыс, шикізат тауарлары бағасының өсуі, әлемдегі рекордтық инфляция және соңғы жиырма жылдағы орталық банктердің ең қатаң монетарлық саясаты, - деді Пірматов.
Оның айтуынша, бұрын-соңды болмаған шок салдарынан әлемде және Қазақстанда іскерлік белсенділік баяулады. Дегенмен, өткен жылдың желтоқсан айында жаһандық іскерлік белсенділік 48-ден 48,2-ге дейін біршама жақсарды.
Бұл өңдеу өнеркәсібіндегі индекстің артуынан және қызмет көрсету саласындағы тұрақтану есебінен болды. Қазақстанда іскерлік белсенділік индексі теріс аймақта қалуына қарамастан, қарашадағы 48,9-дан желтоқсанда 49,2-ге дейін жақсарды. Іскерлік белсенділікті тежейтін негізгі себеп – логистикадағы проблемалар мен тауар жеткізудегі ұзақтық. Өндіріс секторында іскерлік белсенділік жақсарды. Жалпы, бизнес жүргізудің болашақтағы талаптарына қатысты кәсіпорындардың күтулері оң болып қалуда. Жаһандық іскерлік белсенділіктің өсу перспективасына геосаяси шиеленіс, жоғары нарықтық құбылмалылық, инфляциялық қысым, энергия бағасының көтерілуі, үй шаруашылығындағы кірістердің әлсіз өсуі теріс әсер етуде, - деді Ұлттық банк төрағасы.
Ол жылдық мәнде инфляция 20,3%-ға жеткенін атап өтті.
Азық-түлік бағасының өсуі инфляцияға зор үлес қосып, жылдық көрсеткіш бойынша 25,3%-ға жетті. Жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері қыс маусымына байланысты қымбаттады. Азық-түлікке жатпайтын инфляция 19,4%-ға дейін өсті. Импорттың жоғары үлесі бар тауарларға, оның ішінде жеке пайдаланатын тауарларға, жуатын және тазалайтын заттарға, құрылыс материалдарына, дәрі-дәрмекке баға тез өсіп отыр. Әкімшілік реттеу себебінен жанар-жағармай мен 2021 жылғы жоғары база есебінен автокөлік бағасының өсу қарқыны баяулады. Желтоқсан айында ақылы қызметтердің инфляциясы 14,1% деңгейінде сақталды. Тұрғын үйді жалға алу мен коммуналдық қызметтердің құны өсу тұрғысынан баяулады. Халықтың инфляциялық күтулері жоғары деңгейді көрсетіп отыр. Былтыр желтоқсан айында халық күткен инфляцияның медианалық бағасы 21,3%-ға дейін өсті. Геосаяси жағдайдың белгісіздігіне, азық-түлік бойынша бағаның жоғары сақталуына, инфляцияға қатысты халық күтулерінің жоғары болуына байланысты 2022 жылғы 5 желтоқсанда Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 16,75%-ға дейін көтерді. 2022 жылы қабылданған ақша-кредит саясаты шаралары инфляцияны төмендетуге және оны орта мерзімді перспективада одан әрі тұрақтандыруға ықпал ететін болады, - деді Пірматов.