Ұлттық банк қазақстандықтарды алаяқтардан сақ болуға шақырды

12 Қараша 2022, 05:25
1266
Бөлісу:
Ұлттық банк қазақстандықтарды алаяқтардан сақ болуға шақырды

Қазақстан Ұлттық банкі мен Төлем және қаржылық технологияларды дамыту орталығы «Цифрлық теңге» жобасына инвестиция салуға шақыратын алаяқтардың сайттары пайда болғанын ескертті, деп хабарлады BAQ.KZ.

Ұлттық банктің хабарлауынша, «Цифрлық теңге» жобасы азаматтардан инвестиция тартпайды. Ол төлемдер мен ақша аударымдары саласында Қазақстанның ұлттық валютасы үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған. 

Цифрлық теңге қазір әзірлеу және сынақтан өткізу кезеңінен өтіп жатыр. Жоспар бойынша ұлттық цифрлық валютаны енгізуге қатысты түпкілікті шешім осы жылдың соңына дейін қабылданады.

Азаматтардың жеке деректері мен қаражатын қолды қылу үшін алаяқтар Цифрлық теңге жобасы бойынша жалған веб-сайттар мен әлеуметтік желілерде парақшалар ашып жатыр. Ұлттық банк мұндай интернет-ресурстарға сенбеуге, жеке бастың және байланыс деректері көрсетілген кез келген бланкті толтырмауға шақырады. Егер жеке деректерді жіберіп қойған болсаңыз, дереу құқық қорғау органдарына хабарласу керек, – дейді мамандар.

Цифрлық теңге жобасы туралы ресми ақпарат payfintech.kz сайтында, Қазақстан Ұлттық банкінің интернет-ресурсында болады. Басқа сайттардың, соның ішінде «kz» домендік кеңістігінен тыс тіркелген сайттардың бұл жобаға еш қатысы жоқ. Осыған қатысты басқа да кеңестерді Ұлттық банктің 1477 байланыс орталығынан алуға болады.

Өзгелердің жаңалығы