- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Ұлттық банк мөлшерлемені төмендете ме? Сарапшылар болжам жасады
Ұлттық банк мөлшерлемені төмендете ме? Сарапшылар болжам жасады
-
Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
Гүлжан Раманқұлова - BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға тілшісі.
23 Қазан 2026, 11:01
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) бағалауынша, инфляцияның тұрақтануы Ұлттық банкке базалық мөлшерлемені одан әрі төмендетуге мүмкіндік беруі мүмкін. Қауымдастық жүргізген сауалнамаға қатысқан сарапшылардың басым бөлігі 23 қазандағы отырыста базалық мөлшерлеме төмендейді деп күткен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Теңге нығайып, мұнай бағасы өсті
Қаржы нарығында 22 қазан күнгі сауда қорытындысы бойынша, АҚШ долларының бағамы 448,09 теңгеге дейін төмендеді. Бұл алдыңғы сауда сессиясымен салыстырғанда 0,21 теңгеге аз.
Сонымен қатар сауда көлемі 411,2 млн доллардан 446,2 млн долларға дейін өсті. Қаржыгерлер мұны теңге үшін қолайлы сыртқы жағдаймен байланыстырады. Атап айтқанда, мұнай бағасы 4%-ға өссе, АҚШ долларының индексі 0,2%-ға төмендеді.
Ішкі нарықта шетел валютасы ұсынысының артуына Ұлттық банктің операциялары аясындағы валюта сатылымы, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің экспорттық түсімді айырбастауы және шетелдік инвесторлардың Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына сұранысы әсер етуі мүмкін.
Сонымен бірге базалық мөлшерлеменің одан әрі төмендеуіне қатысты күтулер де нарық қатысушыларының валюта бағамына қатысты болжамына ықпал етуі ықтимал.
ҚҚҚ қазан айының басында жүргізген сауалнамаға сәйкес, сарапшылардың 85%-ы Ұлттық банктің 23 қазандағы отырысында базалық мөлшерлемені төмендетеді деп күткен. Мұндай болжам инфляция мен инфляциялық күтулердің баяулауына, сондай-ақ нақты пайыздық мөлшерлеменің жоғары деңгейде – 6,95% болуына негізделген.
Ақша нарығындағы мөлшерлемелер төмендеді
Қаржы жүйесіндегі өтімділік профицитінің артуы аясында ақша нарығындағы мөлшерлемелер де төмендеді. TONIA мөлшерлемесі 15,54%-дан 15,45%-ға, ал SWAP-1D көрсеткіші 10,76%-дан 9,49%-ға түсті.
Ұлттық банктің депозиттік аукционына 820,5 млрд теңге көлемінде өтінім түсті. Бұл алдыңғы аукционмен салыстырғанда 299,9 млрд теңгеге аз. Өтінімдер 16,25% мөлшерлемемен толық қанағаттандырылды.
Ұлттық банктің операциялары бойынша ашық позиция 8,5 трлн теңгеден 8,6 трлн теңгеге дейін өсті.
KASE индексі 0,3%-ға төмендеді
Бейсенбідегі сауда қорытындысы бойынша Қазақстан қор биржасының (KASE) индексі 0,3%-ға төмендеп, 7 873,2 пунктті құрады. Сауда көлемі екі есе азайып, 935,8 млн теңгеге жетті. Бұл нарық қатысушылары белсенділігінің бәсеңдегенін көрсетуі мүмкін.
Индекстің төмендеуіне «Банк ЦентрКредит» акцияларының 1,6%-ға арзандауы әсер етті. Қаржыгерлер мұны инвесторлардың бұрынғы өсімнен кейін пайдасын тіркеуімен байланыстырады. Ал «Қазақтелеком» акцияларының 1,2%-ға қымбаттауы индекстің одан әрі төмендеуін тежеді. Бұған компанияның жоғары қаржылық нәтижелер көрсетуіне қатысты күтулер ықпал еткен.
Қарыз нарығында Bank RBK үш жылдық мерзімге жылдық 17,25% кірістілікпен 10,1 млрд теңгенің облигацияларын шығарды. Ал Қазақстанның орнықтылық қоры (КФУ) екі жылдық мерзімге жылдық 15,04% кірістілікпен 9,6 млрд теңгенің борыштық бағалы қағаздарын орналастырды.
Мұнай бағасы барреліне 113 долларға жетті
Brent маркалы мұнай бағасы 4%-ға өсіп, барреліне 113,2 долларға жетті. Бұған АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери соққыларды қайта бастауы мүмкін екені туралы хабарлар, сондай-ақ хусит көтерілісшілерінің Сауд Арабиясына жасаған шабуылдары себеп болған.
Осы жағдайға байланысты АҚШ билігі шұғыл қызметтерге қатысы жоқ мемлекеттік қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелеріне Сауд Арабиясынан кетуді тапсырған. АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Томми Пиготт бұл нұсқау тек Сауд Арабиясына қатысты екенін мәлімдеп, Парсы шығанағының басқа елдеріндегі қызметкерлерге де осындай талап қойылғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.
АҚШ қор нарығында технологиялық компаниялардың акциялары арзандады
АҚШ-тың негізгі қор индекстерінің басым бөлігі 1,2-2,6% аралығында төмендеді. Бұған жасанды интеллект саласындағы компаниялардың болашақ шығындарына қатысты алаңдаушылықтың қайта күшеюі әсер етті.
Meta Platforms компаниясының акциялары табысы нарық күткен деңгейден жоғары болып, болжамы оң болғанына қарамастан, шамамен 7%-ға арзандады. Бұған компанияның алдағы уақытта миллиардтаған доллар қосымша шығын жұмсайтыны туралы мәлімдемесі ықпал етті.
Бұлтты инфрақұрылым қызметтерін ұсынатын CoreWeave компаниясының акциялары да 10%-ға төмендеді. Nvidia бас директоры Дженсен Хуанг бұлтты сервистерге сұраныстың өте жоғары екенін, алайда капитал тапшылығы саланың өсуін тежеп отырғанын айтқан. Бұл мәлімдеме несие нарығында шамадан тыс қызып кету қаупіне қатысты алаңдаушылықты күшейтті.
АҚШ-та жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алуға алғаш рет өтініш бергендер саны өткен аптада 194 мыңға дейін азайды. Бұл – соңғы үш айдағы ең төмен көрсеткіш. Дерек елде жұмыстан босату деңгейінің төмен екенін көрсетеді.
Компаниялар экономика мен сатылымға сенім білдіріп, қызметкерлерін сақтап отыр. Дегенмен жаңа жұмыс орындарын ашу қарқыны баяу. Энергия тасымалдаушылар бағасының өсуі инфляциялық қысымды күшейтіп отырғандықтан, АҚШ Федералдық резерв жүйесінің қатаң ақша-несие саясатын жалғастыруына негіз бар.
Инвесторлар бүгін инфляциялық күтулерге, іскерлік белсенділікке және мұнай бұрғылау қондырғыларының санына қатысты деректерді бақыламақ.
АҚШ облигацияларына сұраныс артты, алтын арзандады
Тәуекелді активтерден қаражаттың әкетілуі АҚШ қазынашылық облигацияларына сұранысты арттырды. Соның нәтижесінде 10 жылдық мемлекеттік облигациялардың кірістілігі 5,15%-дан 4,95%-ға дейін төмендеді.
АҚШ долларының индексі де 0,2%-ға азайып, 101,6 пунктті құрады.
Алтын бағасы керісінше төмендеді. Трой унциясының құны 2,7%-ға арзандап, 4 038 долларға жетті. Қаржыгерлер мұны нарық қатысушыларының бұрынғы өсімнен кейін пайдасын тіркеуімен байланыстырады.
Тағы оқи отырыңыз:
Теңге нығая ма? Сарапшылар доллар мен базалық мөлшерлемеге болжам жасады
Ең оқылған:
- Қазақстанда әскерге шақырудың жаңа үлгісі енгізіледі
- Шығыс Қазақстан облысында 650-ден астам адам Қазақстан азаматтығынан айырылды
- Путин Украинамен үшжақты бейбіт келіссөздерді қайта бастауға келісті
- «10 млн теңге бермесең, көлігіңмен бірге өртейміз»: Шымкентте кәсіпкерді бопсалаған екі ер адам ұсталды
- Балабақшадағы зорлық-зомбылық: Таразда екі жасар баланы ұрған тәрбиеші тергеуге алынды