Ұлттық банк болжамы: Тауарлар импорты ең жоғары тарихи көрсеткіштен асып түседі

16 Наурыз 2023, 11:47
850
Бөлісу:
Ұлттық банк болжамы: Тауарлар импорты ең жоғары тарихи көрсеткіштен асып түседі
Фото: egemen.kz

Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов Сенаттың жалпы отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

2022 жылдың алдын ала қорытындысы бойынша т өлем балансының ағымдағы шоты соңғы 8 жылда алғаш рет профициттік аймаққа өтіп, 6,3 млрд долларды құрады. Профицит мұнай, металл, газ, көмір, уран және астық сияқты шикізат бағаларының өсуімен қамтамасыз етілді. Ұлттық банктің бағалауы бойынша төлем балансының  ағымдағы шоты профицит аймағының орта мерзімді перспективада дефицит аймағына ауысатын болады. Ағымдағы шоттың оң сальдосының қысқаруы шикізаттың жоғары бағасының бәсеңдеуі және импортқа деген сұраныстың өсуіне байланысты, - деп атап өтті Ғалымжан Пірматов. 

Айтуынша, алдағы уақытта тауарларды импорттау өседі. 

Базалық сценарий кезінде мұнай өндіру арқылы тауарлар экспортының деңгейі сақталады. Ал тауарлар импорты болса, одан әрі өсіп, біздің болжамымыз бойынша ең жоғары тарихи көрсеткіштен асып түседі. Импорттың өсіп келе жатқан деңгейі халық пен бизнестің арта түскен сұранысын қанағаттандыру үшін еліміздегі өндірістің жеткіліксіз болуына, мемлекеттік бастамалар мен экономиканы қолдау бағдарламаларының іске асырылуына байланысты болады, - деді Ұлттық банк басшысы. 

Айта кетейік, Сенатта «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы қаралып жатыр.  

Өзгелердің жаңалығы