Ұлттық банк: Биыл қаңтарда инфляция 20,7 пайызға дейін өсті

24 Ақпан 2023, 13:13
1320
Бөлісу:
Ұлттық банк: Биыл қаңтарда инфляция 20,7 пайызға дейін өсті
Фото: Kazakhstan Today

Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айтуынша, Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдаған.

Базалық мөлшерлеме бойынша шешім кезекті болжамдық раундты өткізумен бірге қабылданды. Макроэкономикалық көрсеткіштер болжамын жаңартумен қатар инфляция тәуекелдерінің балансын да бағаладық. Қабылданған шешім елдегі инфляциялық процестерді баяулатуға, орта мерзімді перспективада инфляцияны тұрақтандыруға және нысаналы мәндерге дейін төмендетуге ықпал ететін болады. Енді қабылданған шешімнің негізгі факторларына  тоқталып өтейік. Биыл қаңтарда жылдық инфляция біз күткендей, өсуін жалғастырып, 20,7%-ды құрады. 25,7%-ға дейін жеделдеген азық-түлік өнімдері бағасының өсуі инфляцияға ең көп үлес қосты. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуі 20,2%-ға, қызметтер бағасының өсуі – 14,2%-ға дейін жеделдеді, - деп атап өтті Ұлттық банк басшысы. 

Сонымен қатар ол айлық инфляция биыл жыл басында 1,1%-ды құрап, төрт ай қатарынан баяулауын жалғастырды деп отыр. 

Айлық инфляция төмендегеніне қарамастан, орташа тарихи мәндерден жоғары деңгейде қалыптасып отыр. Базалық инфляция әртүрлі бағалауларға сәйкес баяулағанына қарамастан, экономикада жоғары инфляциялық ортаның сақталуын көрсетті. Елдегі инфляциялық процестер біраз тұрақталды. Бірақ жоғары ішкі сұранысқа, логистикалық және өндірістік тізбектердің қайта құрылуына, ынталандырушы фискалдық саясатқа, жоғары және тұрақсыз инфляциялық күтулерге байланысты инфляция жоғары деңгейде қалыптасуда. Инфляциялық күтулер былтырғы желтоқсандағы тарихи ең жоғары деңгейге жеткеннен кейін қаңтар айында 17,3%-ға дейін төмендеді. Бағалау халықтың ағымдағы инфляциялық ортаны әлі де жоғары деңгейде сезінетінін көрсетіп отыр. Олардың төмендеу тренді әлі қалыптаспаған. Бұл инфляцияның тез баяулауына кедергі келтіреді, - деді Ғалымжан Пірматов. 

Өзгелердің жаңалығы