Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаев Сенатта өткен дөңгелек үстелде неліктен базалық мөлшерлеменің көтерілгенін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша биыл әлемдік экономика 3,2%-ға өсті. Ал сыртқы сын-қатерлерге қарамастан, Қазақстан экономикасы тұрақты дамып келеді.
Осы жылдың 9 айында ЖІӨ 6,3%-ке өсті. Экономикалық белсенділік бюджеттік ынталандыру мен жоғары инвестициялық сұраныс аясында қалыптасып отыр. Бұл ретте жиынтық сұраныстың алға озған өсімі инфляциялық қысым мен импортқа деген сұранысты күшейтті, - деп атап өтті Ерұлан Жамаубаев.
Сонымен қатар ол қыркүйекте жылдық инфляция 12,9% болғанына тоқталды.
Инфляцияның қарқыны ішкі және сыртқы факторлардың әсерімен қалыптасады. Сыртқы факторларға – әлемдік азық-түлік бағасының өсуі, көршілес Ресейдегі жоғары инфляция мен рубльдің нығаюы, сондай-ақ әлемдік саудадағы шектеулерден туындаған белгісіздік жатады. Ішкі факторларға – сұраныстың айтарлықтай артуы, тұтынушылық кредиттеудің белсенділігі, коммуналдық қызметтер тарифі мен жанар-жағармай бағасының өсуі, сондай-ақ жоғары инфляциялық күтулер жатады, - деді Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары.
Белгілі болғандай, мұның бәрі ақша-кредит саясатын біршама қатаңдатуды талап етті.
Сондықтан Ұлттық Банк 10 қазанда базалық мөлшерлемені 18%-ке дейін көтеруге мәжбүр болды. Сонымен қатар инфляцияға қарсы қосымша шаралар кешені іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, минималды резервтік талаптардың жаңа нормативтері енгізілді, валюталық операцияларды теңестіру жалғасуда, - деді Ерұлан Жамаубаев.
Келесі жылдан бастап тұтынушылық кредиттеуді тежеуге және қарыз алушылардың құқығын қорғау мақсатында банктер қосымша капитал буферін қалыптастыра бастайды.