- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Путин мен Си Цзиньпин кездесті: "Сібір қуаты 2" жобасы бойынша келісім жоқ
Путин мен Си Цзиньпин кездесті: "Сібір қуаты 2" жобасы бойынша келісім жоқ
Ресей мен Қытай 40-қа жуық құжатқа қол қоюды жоспарлап отыр.
Бүгiн 2026, 15:47
Ресей президенті Владимир Путин биылғы алғашқы шетелдік сапарымен Қытайға барды. Оның ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуі АҚШ президенті Дональд Трамптың Қытайға жасаған ресми сапарынан тура бір апта өткенде ұйымдастырылып отыр, деп жазады ВВС.
Мәскеу мен Бейжің арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың негізгі өзегі саналатын «Сібір қуаты 2» газ құбыры құрылысының мерзіміне қатысты тараптар әлі де нақты мәмілеге келе қойған жоқ.
Путин Бейжіңге сейсенбі күні кешке ұшақпен жетті. Оны әуежай трапынан Қытай СІМ басшысы Ван И күтіп алды. Одан кейін Ресей мен Қытай жалауларымен безендірілген Тяньаньмэнь алаңында Си Цзиньпиннің қатысуымен ресми қарсы алу рәсімі өтті.
Ресей басшысының Бейжіңдегі бағдарламасы ауқымды. Қытайдың CCTV мемлекеттік телеарнасы хабарлағандай, сәрсенбі күні таңертең Путин, Си және олардың делегациялары кеңейтілген құрамда кездесу өткізіп, артынша бірлескен мәлімдеме мен бірқатар екіжақты келісімдерге қол қоюға аттанды.
Сапар барысында Путинге вице-премьерлер, министрлер, сондай-ақ мемлекеттік корпорациялар мен ірі банктердің басшыларынан құралған делегация серік болып келді. Олардың қатарында «Роснефть» басшысы Игорь Сечин, «Газпром» жетекшісі Алексей Миллер, Volga Group негізін қалаушы Геннадий Тимченко, «Новатэк» пен «Сибурдың» тең қожайыны Леонид Михельсон және En+ Group ортақ иесі Олег Дерипаска бар.
Кремльдің мәліметінше, тараптар 40-қа жуық құжатқа және Ресей мен Қытай серіктестігін нығайту туралы 47 беттен тұратын бірлескен мәлімдемеге қол қоюы тиіс.
Бұдан бөлек Ресей көшбасшысы 2000 жылғы мемлекеттік сапары кезінде бала күнінде танысқан қытайлық инженермен де кездесті. Путин мен Си екіжақты білім беру бастамасының ашылу рәсіміне қатысады деп жоспарланған.
Экономикалық байланыстар
Путиннің бұл сапары былтыр айтарлықтай төмендеп, бірақ биыл қайта өсім байқалған екіжақты тауар айналымы аясында өтіп жатыр. Биылғы алғашқы 4 айда өзара сауда көлемі 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,1%-ға өскен.
2025 жылы Қытай мен Ресей арасындағы сауда көлемі 1,63 трлн юань (240 млрд доллар) болған. Бұл 2024 жылғы рекордтық көрсеткіштен 6,5%-ға төмен және соңғы 5 жылдағы алғашқы құлдырау ретінде тіркелді.
Күннің соңында бейресми шай ішу рәсімі жоспарланған, онда Путин мен Си «халықаралық күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді» талқылайды деп хабарлады Кремль.
Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың айтуынша, Путин мен Си көпполярлы әлемдік тәртіп пен «халықаралық қатынастардың жаңа типін» орнату туралы бірлескен декларация қабылдайды деп күтілуде.
Reuters агенттігінің атап өтуінше, Си Цзиньпин келген қонақтарды шай үстінде қабылдаумен танымал, алайда мұндай кездесулердің өткізілу форматы мен атмосферасы қытайлық лидердің қонаққа деген шынайы көзқарасының белгісі ретінде қарастырылады.
Си 2024 жылдың мамырында Путинді қабылдағанда, екі лидер галстуктарын шешіп, қазіргі биліктегі Коммунистік партия мен үкімет кеңселері орналасқан бұрынғы императорлық бақ – Чжуннаньхайда, ашық аспан астында шәй ішіп әңгімелескен еді. Агенттіктің жазуынша, өткен аптада Трамптың дәл осы кешендегі құпия бақты аралап, Симен шай ішуі, сондай-ақ Аспан храмына жасаған экскурсиясы анағұрлым алдын ала сахналанған (қойылымдық) сипатта көрінді.
АҚШ, Қытай және Ресей
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдемесінде Путин мен Трамптың сапарларына арналған рәсімдерді салыстырудың еш мәні жоқ екенін, жұртшылық бұл кездесулердің мазмұнына назар аударуы керектігін айтты.
Си мен Путин кездесуін бастаған сәтте Қытайдың Сауда министрлігі Вашингтон Трамп пен Си саммитінен кейін жариялаған 200 Boeing ұшағын сатып алу туралы келісімді ресми түрде бекітті. Бұл Қытайдың Ресей алдындағы міндеттемелеріне қарамастан, АҚШ-пен экономикалық және сауда байланыстарын тұрақтандыруға ұмтылып отырғанын көрсетеді.
Бейжің, сондай-ақ, АҚШ-пен арадағы сауда бітімін ұзартуға мүдделі және әр тараптан кемінде 30 миллиард доллар тұратын тауарларға баж салығын өзара төмендетуді талап етпек, деп хабарлады Қытай министрлігі.
«Сібір қуаты 2»: Түсіністік бар, мерзім жоқ
Мәскеу мен Бейжің арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың басты түйткілі – Ресейді Қытайдың солтүстігімен байланысуы тиіс «Сібір қуаты 2» газ құбырының құрылысы.
Мәскеу мен Бейжің «Сібір қуаты 2» жобасының негізгі параметрлері бойынша жалпы түсіністікке қол жеткізгенімен, құбыр құрылысының нақты мерзімдері туралы тараптар әлі келісе қойған жоқ.
Әзірге нақты мерзім жоқ. Бұл бәрібір де коммерциялық ақпарат. Бірақ бұл – айтарлықтай үлкен жетістік, – деді Кремль өкілі.
Президент көмекшісі Юрий Ушаков энергетика саласында келісімге қол жеткізілді ме деген сұраққа: «Иә, солай деуге болады. Кейбір өте маңызды мәселелер бойынша келістік» деп жауап берді.
Путиннің 2025 жылғы қыркүйектегі соңғы сапары кезінде Ресейдің «Газпром» газ алыбы екі тараптың «Сібір қуаты 2» жобасын ілгерілетуге уағдаласқанын мәлімдеген болатын. Алайда Қытай бұл жоба туралы көпшілік алдында тіс жармауды жөн көреді.
Бейжіңге келген бойда Путин Таяу Шығыстағы дағдарыс аясында Ресейдің сенімді энергия жеткізуші рөлін сақтап қалатынын, ал Қытайдың жауапты тұтынушы болып қала беретінін мәлімдеді.
Қытай ресейлік мұнайдың (соның ішінде құбыр арқылы және теңіз жолдарымен тасымалданатын) ең ірі сатып алушысы болып қала бермек. Мәскеу үшін энергия экспорты Украинадағы соғысты қаржыландыруды қоса алғанда, табыстың негізгі көзі саналады, сондықтан Ресей энергетика саласында жаңа келісімдер жасасуға барынша мүдделі.
АҚШ пен Израильдің Иранмен текетіресіне байланысты туындаған энергия ресурстарының тапшылығы Ресейдің бұл газ құбырын ұзақ мерзімді балама ретінде ұсыну уәжін күшейтуі мүмкін. Алайда, Бейжің энергия жеткізу көздерін әртараптандыру (диверсификациялау) жөніндегі өз стратегиясын ұстануды жөн көруі ықтимал.
Ең оқылған:
- 100 жолаушының 40-ы "қоян": Автобусқа мінген бойда төлем жасамағандар жазаланады
- Қазақстандықтардың зейнетақы жинағы қалай қорғалады?
- Астанада тағы да өрт шықты: Екі қабатты ғимараттың шатыры толықтай жанып жатыр
- Мұнай қымбаттады, теңге нығайды: Қазақстан экономикасын не күтіп тұр?
- "Көрсетпегені жоқ": Шымкентте балаларын үтікпен күйдіріп, мұздай суға тұншықтырған ана сотталды