Қазақстан Ұлттық банкі ертең базалық мөлшерлемені жылдық 18,00% деңгейінде сақтайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өткен жылдың қазан айында инфляция қарқынының жеделдеуіне байланысты Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,50%-дан 18,00%-ға дейін көтерген болатын (дәліз ±1 пайыздық тармақ). Ал наурыздағы отырыста реттеуші мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырып, «инфляция тұрақты түрде баяуласа және жаңа проинфляциялық тәуекелдер туындамаса, 2026 жылдың екінші жартысында мөлшерлемені төмендету мүмкіндігі қаралады» деп мәлімдеген еді.
Қазақстанда инфляция 2025 жылы 8,6%-дан 12,3%-ға дейін жеделдеді. Ұлттық банктің болжамынша, 2026 жылы инфляция 9,5–12,5% аралығында болады. Айлық есепте наурызда баға өсімі 0,6%-ға дейін баяулады (ақпанда – 1,1%).
Еуразиялық даму банкі жанындағы елдік талдау орталығының басшысы Артур Шарафутдиновтің айтуынша, сәуірдегі отырыста базалық мөлшерлеме 18% деңгейінде сақталады.
Оның сөзінше, наурыз айындағы деректер инфляциялық қысымның әлсірей бастағанын көрсетеді: жылдық инфляция 11,7%-дан 11,0%-ға дейін төмендеген, ал айлық өсім 1,1%-дан 0,6%-ға қысқарған. Бұған қоса, теңгенің нығаюы да дезинфляциялық фактор болып отыр — наурыз басынан сәуірдің үшінші онкүндігіне дейін ұлттық валюта шамамен 6%-ға күшейіп, бір доллар үшін 470 теңге деңгейіне жеткен.
Сонымен қатар, сыртқы тәуекелдер сақталып отыр. Олардың қатарында әлемдік азық-түлік бағасының динамикасы, халықаралық тасымал мен логистика шығындарының өсуі бар. Осы жағдайда базалық мөлшерлемені сақтау инфляцияның әрі қарай баяулауына ықпал етеді.
Halyk Finance сарапшылары да мөлшерлеме өзгеріссіз қалады деген пікірде.
Олардың бағалауынша, 18% деңгейіндегі мөлшерлеме ақша-кредит саясатының қажетті қатаңдығын қамтамасыз етіп, инфляциялық күтулерді тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Ал алдағы айларда сыртқы инфляцияның күшеюі және ұлттық валюта бағамының әлсіреуі ықтимал. Сарапшылардың айтуынша, теңгенің қазіргі нығаюы уақытша болуы мүмкін.
Centras Securities сарапшылары да қазіргі макроэкономикалық жағдай ақша-кредит саясатын жұмсартуға жеткілікті негіз бермейді деп есептейді.
Олардың пікірінше, инфляция баяулаудың жекелеген белгілеріне қарамастан, әлі де жоғары деңгейде қалып отыр және реттеушінің орта мерзімді мақсатынан едәуір асып түседі. Бұған қоса, алдағы айларда реттелетін тарифтердің өсуі, жанармай бағасының қымбаттауы, сондай-ақ халық пен бизнес арасындағы инфляциялық күтулер бағаға қосымша қысым көрсетуі мүмкін.