Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,5%-ға дейін төмендетті

25 Тамыз 2023, 12:10
669
Бөлісу:
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,5%-ға дейін төмендетті
Фото: Ұлттық банк

Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,5%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Шешім Ұлттық Банктің жаңартылған болжамдары, деректерді талдау және инфляция тәуекелдерінің теңгерімін бағалау негізінде қабылданды.

Сыртқы ортада инфляциялық қысым біртіндеп әлсіреп келеді. Көптеген елде орталық банктердің баға тұрақтылығын қамтамасыз ету саясаты нәтиже беріп, инфляция баяулай бастады. Алайда инфляцияның орнықты болып қалу себебінен мөлшерлемені төмендету мерзімі дамыған елдерде кейінге қалды. Әлемнің азық-түлік нарықтарында баға мен логистикалық шығындар төмендеп келеді.

Дегенмен экономика ішінде кеңейіп келе жатқан фискалдық ынталандыру, орнықты ішкі сұраныс, жоғары және тұрақсыз инфляциялық күтулер, сондай-ақ өндіріс шығындарының өсуі жағынан проинфляциялық қысым сақталып отыр. Жанар-жағармай (ЖЖМ) құнын өсіруден орын алған жанама әсер байыпты көрініс алуда, бұл теңге бағамының динамикасымен ішінара өтелуімен байланысты.

Осылайша сыртқы факторлар тарапынан қысымның біршама әлсіреуі есебінен тәуекелдердің жиынтық балансы әлсіз дезинфляциялық аймақта қалып отыр. Нақты инфляция мен оның орнықты бөлігі одан әрі бәсеңдеген сайын базалық мөлшерлемені біртіндеп және байыпты төмендету саясаты жалғасады. Төмендету мүмкіндігі екінші жартыжылдықта фискалдық ынталандырудың ықтималды жеделдеу тәуекелдерімен шектелуде.

Инфляциялық процестер үздіксіз баяулап келеді. Жылдық инфляция 2023 жылғы шілдеде 14%-ды құрады. Бағалар өсімінде тауар бөлігінің қарқыны бәсеңдей бастады. ЖЖМ бағасын арттырудан болған жанама әсер ағымдағы инфляцияда толық көрініс тапқан жоқ. Бұл теңге бағамының динамикасымен ішінара өтелуімен байланысты. Шілдеде қызметтер инфляциясы біршама қарқын алды. Өңірлер бөлігінде тұрғын үй коммуналдық қызметінің (ТКҚ) тарифтері өсті. Реттелмейтін қызмет құнының өскені де байқалды, бұл орнықты сұранысты көрсетіп отыр.

2023 жылғы шілдеде айлық инфляция орташа тарихи көрсеткіштерден жоғары қалыптаса отырып, 0,6%-ға дейін біршама жеделдеді. Базалық және маусымдық факторларды ескермейтін инфляция көрсеткіштері бір деңгейде тіркеліп, баяулаған жоқ. Бұл ішкі сұраныстан қолдау тапқан баға өсуінің тұрақты сипатын көрсетеді. Тауарлар мен қызметтердің құнына әсер ететін өндірістегі жоғары шығындардың сақталуы – қосымша фактор.

Инфляциялық күтулер біршама төмендегеніне қарамастан, жоғары қалпында қалды және жекелеген тауарлар нарығындағы жағдайдың өзгеруіне сезімтал болып отыр. 2023 жылғы шілдеде алдағы бір жылға күтілетін инфляция 16,9% (маусымда 17,2%) болды. Сезілетін инфляция да жоғары қалпында қалды және 18,6%-ды құрады (маусымда 18,8%). Бағаның өсуіне түрткі болған негізгі факторлар ретінде ЖЖМ мен ТКҚ бағаларының көтерілуін атайтын респонденттердің үлесі артты.

Сыртқы факторлардың инфляцияға әсері біртіндеп төмендеп келеді. Бірақ жағдай алдыңғы болжамдық раундпен салыстырғанда қолайсыздау бола бастады. Көптеген елде бағалардың шарықтауы орталық банктер жүргізіп отырған саясат нәтижесінде баяулап отыр.

Бұл ретте базалық инфляцияның орнықтылығы және ортамерзімді перспективада таргеттерге қол жеткізбеудің жоғары ықтималдығы көптеген орталық банктердің мөлшерлемелерді төмендету циклын бастау мерзімін кейінге жылжытты.

Бұған дейін Федералды Резервтік Жүйе мөлшерлемесінің соңғы рет көтерілуі 2023 жылғы мамырда, ал алғаш рет төмендеуі 2023 жылғы қарашада орын алатыны күтілген болатын. Қазіргі кезде мөлшерлеме шілдеде бір рет көтерілсе, оның төмендеуі 2024 жылғы мамырға ауысты. 2023 жылғы шілдеде азық-түлікке әлемдік бағаның біршама өскеніне қарамастан, оның төмендеу үрдісі сақталып отыр.    

Сауда-серіктес елдердегі баға динамикасы біршама нашарлады. Еуроодақта инфляция барынша баяу қарқынмен төмендеп, ал оның орнықты бөлігі жоғары қалпында қалды. Ресейде жоғары тұтынушылық сұраныс, рубль бағамының әлсіреуі және инфляциялық күтулердің артуы себебінен тұтынушылық инфляция жеделдей бастады. Қытайда экономикалық белсенділіктің ағымдағы төмен көрсеткіштері салдарынан дефляция байқалуда.      

Мұнай нарығындағы жағдай Қытай экономикасының баяулауы мен орталық банктердің тежеу саясаты аясында байыпты қалыптасатын болады. Осыны ескере отырып, 2023-2024 жылдарға арналған базалық сценарий барреліне 80 АҚШ доллары деңгейінде өзгеріссіз сақталды.

Жоғарыда аталған факторларды ескере отырып, инфляция болжамы бірқатар өзгерістерге ұшырады. Қысқамерзімді келешекте бағаның өсуі бойынша белгісіздік төмендеді. Базалық сценарийде осы жылы инфляция 10-12%, 2024 жылы – 7,5-9,5%, 2025 жылы – 5,5-7,5% шегінде болжанады.

Бұл ретте Ұлттық банк базалық мөлшерлемеде есепке алмайтын ТКҚ тарифтерін арттырудан тікелей әсерді ескермегенде, 2025 жылдың соңына қарай 5%-дық ортамерзімді мақсатқа қол жеткізу күтіледі.

Бұған сыртқы орта жағынан қысымның одан әрі әлсіреуі мен тежеу аймағындағы ақша-кредит шарттары ықпал етеді. Инфляция болжамының негізгі тәуекелдеріне фискалдық ынталандыруды күшейту, инфляциялық күтулердің тұрақтанбауы, Ресейдегі инфляцияның жеделдеуі және «Астық мәмілесін» қалпына келтірмеу нәтижесінде әлемдік азық-түлік бағасының ықтимал өсуі жатады. ЖЖМ нарығында баға белгілеу реформаларын жалғастыру да болжам тәуекелдерінің бірі болып табылады.

Ортамерзімді перспективада Қазақстан экономикасының өсуі бойынша болжамдар жақсарды. Орнықты ішкі сұраныс, бюджет шығындарының өсуі және мұнай секторының қалпына келуі есебінен іскерлік белсенділік кеңейетін болады.

Биыл ЖІӨ өсімі бұрынғыдай 4,2-5,2% деңгейінде күтілуде. 2024-2025 жылдары Қазақстанның ЖІӨ өсу болжамы 4-5%-ға дейін көтерілді. ЖІӨ болжамының тәуекелдері Қазақстан экспортының халықаралық нарықтарға қол жеткізуінің ықтимал проблемаларымен, сондай-ақ мұнайды жоспарлы өндіруге қол жеткізбеу ықтималдығымен байланысты.

Нақты инфляция мен оның орнықты бөлігінің одан әрі белсенді баяулауы кезінде базалық мөлшерлеменің біркелкі төмендеуі жалғасады. Бұл ретте сыртқы факторлардың позитивті динамикасымен қалыптасқан мөлшерлемені төмендету мүмкіндігі фискалдық ынталандырудың әлеуетті күшею тәуекелдерімен шектеледі.

Бұл алдағы шешім қабылдау кезінде жіті қадағалауды талап етеді. Нақты деректерді жинақтау және тәуекелдерді мониторингтеу үшін базалық мөлшерлемені төмендетудегі кідірістер болуы мүмкін.

Болжамның негізгі параметрлері баспасөз релизіне берілген қосымшада келтірілген. Қабылданған шешім мен болжам факторлары туралы барынша толық ақпарат 2023 жылғы
4 қыркүйекте Ұлттық банктің ресми интернет-ресурсында Ақша-кредит саясаты туралы баяндамада ұсынылады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2023 жылғы 6 қазанда Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.

Өзгелердің жаңалығы