Ұлттың 50 пайызы қырылып қалды. Профессор ашаршылық туралы айтты

20 Ақпан 2021, 11:30
2800
Бөлісу:
Ұлттың 50 пайызы қырылып қалды. Профессор ашаршылық туралы айтты

Нұр-Сұлтан,BAQ.KZ. Әдебиетші, профессор Құлбек Ергөбек Facebook-тегі парақшасында ашаршылықты саясиландырмауға қатысты пікір білдірді. 

ҚР Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың пікірін Мен қалай түсінемін? Жұрт жапырлай сынап жатыр азаматты. Тіпті қастерлі Сағат Әшімбаев рухын тергеп те жібереді. Мәселеге ұлттық тұрғыдан қарағанда жұрттың дүрлігетін жөні бар. Ұлтымыздың 50 пайызын алып кеткен ашаршылық, қарадай саясат. Оны саясиландырмай тұра алмаймыз. Бірақ, ойланатын бір мәселе бар. Не мәселе?ВКП(б) коллективтендіруге алдымен РСФСР өтсін. Етжеңді локомотив республика. Соның тәжірибесін бағып, Қазақстан соңына қарай, тәжірибе жинақтап барып өтсін-деген Қаулыда! Дұрыс-ақ еді, - деді профессор. 

Ол  бақайшағына дейін коммунистік рухпен уланған, тұла бойы интернационалистік психологияға мелдектеген ұлы қайраткеріміз Тұрар Рысқұлов И.В.Сталинге, Бүкілодақтық коллективтендіру комиссиясының төрағасы Яковлев атына қоймай, сұраныс хат жазғанын айтты.

Қазақстан коллективтендіруге Ресеймен бірге, бірқатар өтпесе, интернационализмге нұқсан келеді деп. Россия қайда? Қазақстан қайда?Онымен де тоқтамай қазақтарды коллективтендірудің шарттарын да комиссия төрағасы алдына тартқан ғой, жетелілік танытып. Ол қандай шарт?, - дейді ол. 

1.Қазақстан коллективтендіруге Ресеймен бірге өтсін.
2.Колхозға байлар алынбасын. Конфискалансын олар. Малы тәркіленіп, өздері айдалсын!
3. Колхозға орта шаруа кірмесін. Кедей, шаруаны бұзады. Олар да конфискалансын! Малы алынсын колхозға!
4. Колхозға тек кедей, шаруа кірсін. 

Олардың қолында 5-6 жантық (майда мал) қалмасын, колхозға алынсын. Өйткені, колхозшы қолында қалатын 5-6 жантық колхозшы бойында жекеменшік психология туғызады. 

5. Кедей, шаруаға колхозға кіру құқы берілсін, колхоздан шығу құқы берілмесін!

Әйтпесе, бірі кіріп, бірі шығып, колхоздың шаруасы шайқалады. Дұрыс коллективтік ұйым қалыптаспайды.Қазақ жағдайын жақсы білетін, қазаққа жаны ашитын қайраткеріміздің Коллективтендіру жөнінлегі бүкілодақтық комиссия төрағасы Яковлев атына жазған талап хаты осылай келеді. «Шарасыз» Яковлев қазақ жайын, Қазақстан жайын жақсы білетін, ұлттың өз ішінен шыққан беделді қайраткер азаматтың талап хатын И.В.Сталинге апарып, өзара ақылдасады. Ақыры, Т.Рысқұловтың беделіне сеніп, талабын орындайды, - деді Ергөбек. 

Ол атағандай, Қазақстан халықтар достығына нұқсан келмеуі үшін Ресеймен коллективтендіруге 1932 жылы бірге кірді. 

Дайындықсыз кірді. Байлардың малын тартып алып, колхозға берді, өздерін жер аударды, қарсыласқанын табанда атып тастады. Екі-үш әйелін шаруасын баққан кедей ағайынның қойнына салды... бәйбіше, тоқал демей кедей- кепшікке үлестіріп берді... Орта шаруа да осыған жетеқабыл күй кешті. Ұлы ұлыстан(Алтын орда) аман келе жатқан Билер институты қиратылды. Құл жиылып, бас болмады. Құм жиылып тас болмады. Ақыры не болды?Ортақ игілік - колхоз малын көбейтеміз деп салықтың неше атасын ойлап тапты белсенділер. Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын! Ұран! Ұстаным! Қазақтың 50 пайызы қырылып қалды. Колхоздың малы рәсуа, - деді ол.

«Еңбекші қазақ» жасасын колхоз!-деп рапорттап жатты. Қазақстан басшылары ісіп-кеуіп өліп жатқан қазақтардың мәйітінің үстіне шығып тұрып рапорттады! Бір колхозды 1 май мерекесіне ту ұстап бастап келер, еркек кіндік табылмай, бір кемпір бастап шеру жасап өтіпті. Сауатсыз Төраға Елтай Ерназаров «Жасасын кемпір колхоз! Ура!» деп мінберде тұрып, ұрандатыпты.

Әзиза Түбекқызының айтуына қарағанда : «Мұндай боларын білмей қалдым ғой...» деп Тұрар Рысқұлов бас бармағын шайнап жіберіпті. (Ол кісімен әңгімелескем.) қайтсін, енді?!

Шерлі тарихқа кетіп қалдық білем. ҚР Сенаты спикері Мәулен Әшімбаевтың «ашаршылықты саясиландырмайық» дейтіні, біз қит етсе осының бәрін Кремльден көреміз. Алдымен өзіміз Ашаршылық ақиқатын архивтерді ашып, тапқан-таянғанымызды ашық айтып, ғылыми айналымға түсірейік, концепциясын жасайық. Өзіміздің кінәміз қаншалық? Оны әділет таразысына тартайық! Қайда шықсақ та, қалай трактовка жасасақ та, мәселені ақи-тақи анықтап, кімнің алдына болса да методологиялық тұрғыдан дұрыс талдап барып, қоялық» деп отырған сияқты. Ал, ол үшін халқымыздың аяулы перзенті, ұмытпас ұстазымыз Сағат Әшімбаевтың рухын қазбалап жату артық деп ойлаймын! Қайраткерлік мінберіндегі Мәулен ініміз Әшімбаев өз пікірін өзі түсіндіріп бере алады, - дейді профессор.

Өзгелердің жаңалығы