Ұлттық жоба. Елімізде 7 ірі азық-түлік экожүйесі құрылады - АШМ

16 Наурыз 2021, 21:21
2309
Бөлісу:
Ұлттық жоба. Елімізде 7 ірі азық-түлік экожүйесі құрылады - АШМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. БҰҰ Азық-түлік жүйелері жөніндегі саммитіне дайындық аясында өткен Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан Ауыл шаруашылығы министрлігі басшыларының бейнеконференциясы агроөнеркәсіп кешеніне инновациялар енгізу мәселесіне арналды.

Онлайн-кеңесті Қырғыз Республикасының Ауыл шаруашылығы, Су шаруашылығы және Өңірлерді дамыту министрліктері ұйымдастырды. Іс-шараға министрлерден басқа, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) бас директоры Дунъюй Цюй және оның орынбасары Владимир Рахманин, ал Қазақстаннан Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Айдарбек Сапаров қатысты.

Кеңестің мақсаты – биылғы қыркүйекке жоспарланған саммит қарсаңында ФАО-ға мүше мемлекеттер арасында диалог өткізу. БҰҰ-ның Азық-түлік жүйелері жөніндегі саммитіне ұйымның Бас хатшысы А.Гутерриш әлемдік азық-түлікті өндіру және қайта өңдеу саласындағы жүйелі проблемаларды жедел шешу қажеттігіне байланысты бастамашылық етті. БҰҰ мәліметтері бойынша, соңғы 50 жылда агроөнеркәсіп кешенінің адамдарға тигізетін пайдасынан зиянды әсері көбейіп кеткен.

ФАО бас директоры өз сөзінде азық-түлікке деген сұраныс үнемі өсіп келе жатқандықтан агрохимия, мұнай химиясы және электр энергиясын пайдалану арқылы азық-түлік өнімдерінің өнеркәсіптік өндірісі кеңейе түсетінін атап өтті. Сондықтан атмосфераға шығарылатын барлық парниктік газдардың төрттен бір бөлігі АӨК-не тиесілі. Топырақтың эрозиясы мен тұздануы, биоалуантүрліліктің жоғалуы және қоршаған ортаның ластануы, әсіресе Орталық Азияда азық-түлік өндірісі өсімінің артуынан болып отыр.

 Осыған байланысты БҰҰ Бас хатшысы ФАО-ға мүше мемлекеттерді азық-түлік жүйелерін экологиялық, әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан орнықты етудің тиімді тәсілі – инновацияларды енгізуге шақырады. Сондықтан ол қыркүйек айында азық-түлік жүйелері саммитін өткізу туралы шешім қабылдады, - деп түсіндірді Дунъюй Цюй.  

Өз кезегінде, Айдарбек Сапаров Қазақстан Үкіметі осы мүмкіндікті пайдаланып, елді өңірлік азық-түлік хабына айналдыруға ниетті екенін атап өтті. Сондықтан, Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі БҰҰ-ның ауыл шаруашылығы саласын өзгертуге қатысты бастамасын қолдайды.

Атап айтқанда, қазір Қазақстанда алдағы 5 жылға арналған АӨК дамыту жөніндегі ұлттық жоба әзірленуде. Оның негізгі мақсаты – саланың бірыңғай аграрлық азық-түлік жүйесі ретінде агрономия, цифрландыру және жер ресурстарын ұтымды пайдалану арқылы ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз ету.

Ұлттық жоба аясында басым бағыттар – дәнді және майлы дақылдарды, жемістер мен көкөністерді, қантты, ет пен сүтті өндіру және қайта өңдеу бойынша 7 ірі азық-түлік экожүйесі құрылатын болады. Бұл ішкі нарыққа ғана емес, көрші мемлекеттердің нарығына да азық-түлік жеткізу мәселелеріндегі жағдайды тұрақтандыруға ықпал етеді. Құжатты әзірлеуге ФАО-ның құзыретті халықаралық ұйымы тартылды. Құжатта БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарында көзделген азық-түлік жүйелерін дамыту, азық-түлік өндіру және ауыл шаруашылығын жүргізу қағидаттары мен тәсілдері ескерілетін болады, - деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы.

Сонымен қатар ол Қазақстан Үкіметі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар секторын дамытуға күш салып жатқанын хабарлады. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы цифрлық мемлекет құруға, салаларды цифрландыруға, адами капиталды дамытуға және инновациялық экожүйені құруға бағытталған.

Мемлекеттік деңгейде мемлекеттік қызметтер автоматтандырылды, нақты егіншілік элементтері: алқаптардың электрондық карталары, нақты метеодеректер, сенсорлар мен датчиктер, космомониторинг және басқа да шешімдер қарқынды түрде енгізілуде. Азық-түлік жүйелерінде инновацияларды қолдану көптен бері күрделеніп келген мәселелерді шешуге көмектеседі, - деді А.Сапаров.

Оның айтуынша, Қазақстан цифрлық жүйені енгізуге және тұрақты дамудың маңызды аспектілеріне қол жеткізуге ықпал ететін азық-түлік жүйелері жөніндегі саммитті өткізу идеясын қолдайды.

Өзгелердің жаңалығы