Ұлттық парктер аумағына «Эко-Сергектер» орнатылады

13 Қараша 2020, 11:05
2206
Бөлісу:
Ұлттық парктер аумағына «Эко-Сергектер» орнатылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алғаш рет Іле-Алатау ұлттық паркіне 30 «Эко-Сергек» камерасын орнату жоспарлануда. Бұл туралы ұлттық парктің жанындағы Қоғамдық кеңес отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді.

Алқашқы камералар Үлкен Алматы мен Түрген шатқалына қойылмақ. Сосын «Көлсай көлдері» ұлттық паркіндегі Қайыңды мен Көлсай көлдері аумағы жоспарланып отыр. Яғни, әдетте адам көп жиналатын жерлер бақыланады, - деді вице-министр жиналыс барысында.

«Сергек» камераларын бағаналарға немесе жарықтандыру мен телефон байланысы тіректеріне, ұлттық парктердің кіреберісіне орнатуға мүмкіндік бар. «Сергек» бағаналарға 6 метр биіктікке ілінеді де, жүйеде жел генераторы, күн панелі, сигнал қабылдағыш антенна болады. «Эко-Сергектен» тараған дабыл мен видеоны арнайы Жедел басқару орталығы қабылдайды.

«Эко-Сергектер» мақсаты - инспекторларға парктер аумағын бақылауға көмектесу. Себебі келушілер өз арттарынан жиі қоқыс қалдырады, темекі тұқылын тастайды, жаққан оттарын өшірмей, өртке себепкер болады. Вандализм фактілері де кездеседі, - деп түсіндірді Ерлан Нысанбаев.

Яғни, камералар тек туристерді тәртіпке салып қана қоймай, өрт шыққан кезде жедел дабыл қағып, жылдам әрекет етуге септеспек. Сонымен қоса заңсыз ағаш кесу фактілерін анықтап, эко-посттар қызметінің ашықтығын бақылауға болады.

Бұдан бөлек «Эко-Сергектер» Қызыл кітапқа енген жануарлар мекендейтін ұлттық парктер аумағында браконьерлермен күрес үшін де таптырмас құрал.

Айта кетейік, ұлттық парктердегі қоқыс проблемасының жыл өткен сайын өзектілігі артып жатыр. Сондықтан Экология министрлігі қалдық тастау фактілері мен өзге де экологиялық құқықбұзушылықтарға қатысты айыппұл көлемін арттырмақ. Тиісті өзгерістер қазір Парламент қарауында жатқан Экологиялық кодекске енгізілді.

Өзгелердің жаңалығы