Ұлттық Халық санағы елдің әлеуметтік жағдайын саралайды

27 Тамыз 2021, 11:30
4088
Бөлісу:
Ұлттық Халық санағы елдің әлеуметтік жағдайын саралайды

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл өтетін Ұлттық халық санағы аясында ел азаматтарына олардың экономикалық, әлеуметтік, тұрғын үй жағдайларына және тағы басқа жай-күйлеріне қатысты 91 сұрақ қойылатын болады.

Бұл туралы Өскемен қалалық статистика басқармасының басшысы Баянсұлу Тоқұшева хабарлады. Оның айтуынша, сұрақтардың басым көпшілігі негізгі сауалдар болса, 22-сі нақтылаушы сұрақтан тұратын көрінеді. Әлемді жайлаған коронавирустық пандемияға байланысты соңғы уақытта одан сақтану және вакцинациялау мәселелеріне де қатысты бірнеше сұрақ енгізілген.

Респонденттерге қойылатын сұрақтар төрт бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде жеке басқа қатысты сауалдар қойылса, екіншіде тұрғын үй жағдайына қатысты сұрақтар қойылмақ. Үшінші бөлімде үй шаруашылығына кіретін әр респондентке бөлек-бөлек толтырылады. Бұл жерде айта кететін бір жайт, оны әр адамның өзі ғана толтыруы міндетті емес. Мысалы, үйдің иесі сол үйде тұратын адамдардың барлығы үшін ЖСН-ін енгізе отырып толтырып беруіне болады, – дейді Баянсұлу Тоқұшева.
Бұрынғы санақтарда «қайда тұрасың, қайда тудың, қайда оқисың?» деген сауалдар көбірек болғанын айтқан ол бұл жолғы санаққа денсаулыққа, Вашингтон тобының сұрауы бойынша мүгедектікке қатысты сауалдар енгізілген. 2021 жылғы Ұлттық халық санағының тағы бір ерекшелігі азаматтарды тіркелген мекенжайы емес, тұрғылықты жері бойынша санауда болып отыр. Бұған дейін алдын ала алынған ақпараттар бойынша Өскеменде 360 мың тұрғынның бар екені анықталған. Алайда мамандар бұл көрсеткіштің әлдеқайда көп болатынына шүбә келтірмейді. Сол себепті бұл жолғы санақта шаһар тұрғындары түгелдей дерлік есепке алынбақ.
Мысалы, облыс орталығына жұмыс немесе оқу жағдайы бойынша келіп, пәтер жалдап жатқан адамдар бар. Олардың көбісі басқа аймақтарда тіркелген. Дегенмен, біз олардың барлығын санаймыз. Бұл жерде «бір адамның екі рет тіркеліп кетуі мүмкін емес пе?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Мұндай жағдай болған кезде бізге Агенттіктен жағдайды нақтылау үшін тапсырма түседі. Мамандарымыз бар жағдайды анықтаған соң түзетулер енгіземіз, – дейді Баянсұлу Тоқұшева.

Естеріңізде болса, біз бұған дейін биылғы Ұлттық халық санағының екі кезеңде өткізілетіні жайында жазған болатынбыз. Яғни, 1-ші қыркүйектен 15 қазан аралығында санақ онлайн форматта өтіп, интернетке шығу мүмкіндігі бар әр азамат sanaq.gov.kz сайты арқылы тіркеле алады. Ал 1-30 қазан аралығында өтетін екінші кезеңде қолдарына планшет алған интервьюерлер үй-үйді аралап, санақты дәстүрлі түрде жүргізбек.

Ел азаматтарының он жылда бір рет келетін маңызды шараға азаматтық көзқараспен қарап, жауаптылық танытады деп сенемін. Интернетке шығу мүмкіндігі бар тұрғындар үйлерінде өтулеріне болады. Ал мұндай мүмкіндігі жоқ немесе үйлеріне бөтен адамның кіргенін қаламайтын азаматтарға біз қаланың төрт Халыққа қызмет көрсету орталығында, жұмыспен қамту бөлімінде, Оралхан Бөкей және Пушкин атындағы кітапханаларда бұрыштар ашып, арнайы компьютерлермен жабдықтап қойдық. Сол жерде болатын мамандар респонденттерге білмейтін сауалдары бойынша көмек көрсетіп отырады. Сонымен қатар қазіргі уақытта халық санағының екінші кезеңінде, яғни 1-30 қазан аралығында шаһар тұрғындарын есепке алу шарасына қатысып, табыс тапқысы келетін интервьюерлер қатарын толықтырып жатырмыз. Бізге қала бойынша мұндай 433 интервьюер қажет. Келіп, қатысамын деушілерге есігіміз ашық, – деді Баянсұлу Тоқұшева.

Айта кетсек, бұған дейін елордада ақпарат берген Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов бұл жолғы санақтың осыған дейінгі санаққа қарағанда 2,6 есеге арзан түсетінін айтқан болатын. Шығындардың төмендеуі сандық технологияларды енгізумен және халық санағы бойынша деректерді жинау үрдісінің автоматтандырылуымен байланысты болған.

 



Өзгелердің жаңалығы