Ұлттық экономика министрі Ресейдің Стратегиялық бастамалар агенттігінің өкілдерімен кездесті

14 Маусым 2021, 21:34
1635
Бөлісу:
Ұлттық экономика министрі Ресейдің Стратегиялық бастамалар агенттігінің өкілдерімен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің Стратегиялық бастамалар агенттігінің өкілдерімен кездесуі барысында тараптар Қазақстан мен Ресей арасында инвестициялық ахуалды жетілдіру, бизнесті дамыту және мемлекеттің стратегиялық жоспарлау мәселелері бойынша тәжірибе алмасу мүмкіндігін қарастырды.

Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады. 

Министр Қазақстанда инвестиция үшін барынша қолайлы жағдай жасалатынын атап өтті.

Біздің стратегиялық міндетіміз – 2025 жылға қарай шетелдік инвестиция көлемін жылына $30 млрд-қа дейін арттыру. Бұл негізгі капиталға салынған инвестициялар деңгейін 30% деңгейінде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деді А.Ерғалиев.

Оның айтуынша, қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру және инвестиция ағынын ынталандыру үшін инвесторларға мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылуда: салық жеңілдігі, заттай грант беру, сондай-ақ, қолдаудың жаңа құралы – мемлекет пен инвестор арасындағы барлық уағдаластықты заңнамалық түрде бекітетін Инвестициялар туралы келісім заңнамалық түрде енгізілді.

Өз кезегінде, РФ СБА бас директоры Светлана Чупшева Агенттіктің мемлекеттік басқару және инвестиция тарту мәселесіндегі бастамалары туралы баяндап, биылғы 15 маусымда Алматы қаласында өткізілетін Almaty Management University (AlmaU) университеті базасында алғашқы шетелдік «Қайнау нүктесінің» ашылуы туралы еске салды. 

Алматыдағы «Қайнау нүктесі» мемлекет, бизнес және сарапшылар қауымдастығының өкілдері арасында пікір мен тәжірибе алмасу үшін тиімді диалог алаңына айналатынына сенімдімін, - деді С.Чупшева.

Қорытындылай келе, ҰЭМ басшысы инвестициялық ахуалды жетілдіру және мемлекеттің стратегиялық жоспарлау мәселелері бойынша ресейлік тәжірибені зерделеуге дайын екенін білдірді.

РФ СБА басшысы да Қазақстанның мемлекеттік, жеке секторымен және қоғамымен берік іскерлік байланыс орнатуға мүдделілік білдірді.

Анықтама: «Жаңа жобаларды ілгерілету жөніндегі стратегиялық бастамалар агенттігі» дербес коммерциялық емес ұйымы (бұдан әрі - СБА) Ресей Федерациясы Үкіметінің 2011 жылғы 11 тамыздағы өкімімен құрылған. СБА Ресей Федерациясы Президентінің жобалық кеңсесі ретінде әрекет етеді және іскерлік ахуалды жақсарту, технологиялық даму және инновацияларды қолдау, білім беру және кадрларды даярлау, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету, өңірлік және қалалық даму, жасыл экономика және жауапты туризм саласындағы жүйелі өзгерістерге бағытталған жобаларды іске асырады.

«Қайнау нүктесі» - ұжымдық жұмыс үшін кеңістік. Мұнда кез-келген адам Leader-ID қызметі негізінде білім беру мен іскерлік іс-шараларды тегін ұйымдастыра алады немесе қатыса алады, кәсіби қауымдастықтарда білім беріп, оқи алады, жобаны жүзеге асыру үшін топ жинап, бүкіл ел бойынша сарапшылар немесе инвесторлар таба алады. Қазіргі уақытта Ресейде 114 «Қайнау нүктесі» бар.



Өзгелердің жаңалығы